28 Қаңтар 17:00
...

Абай шығармаларында қазақ халқының философиясы бар

Фото:

Алдағы уақытта еліміздің әр аймағында өнер адамдарынан құралған топтың қатысуымен ұлы ақынның шығармалары негізінде концерттер өтеді. Бұл туралы «Қазақконцерт» ұйымының өкілдері айтты.

Алматы,NEGE. Ұлы ақынның мол мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында түрлі рухани іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Аталған мекемеде Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы талқыланып, алдағы іс-жоспарлар жайлы айтылды. Еліміздің зиялы қауым өкілдері, белгілі өнер және қоғам қайраткерлері Президенттің мақаласына қатысты өзінің ойларымен бөлісті. 

Жеңіс Сейдуллаұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры: Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында шыққан Президенттің осы бір көлемді, терең мәнді мақаласымен танысып, ұлы ойшылымыздың ұлы мұрасын тағы бір зерделеп шықтық. Ұлы ақын, ғұлама, ойшыл, қазақ жазба мәдениетінің негізін салушы, композитор, әлемдік мәдениеттің зор тұлғасы Абай Құнанбайұлының мұрасы баршамызға әрдайым рухани азық болады.

Абай атамыздың бай мұрасы, поэзиясының ғажап қуаты, берер тағылымы уақыт өткен сайын өзінің көкейкестілігін жоғалтпай, керісінше өзектілігі артуда. Сондықтан Президенттің «Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген сөзін негізге ала отырып, біз рухани санамыздың жаңғыруы жолында Ұлы Абайдың еңбектерін қазіргі заманда ұтымды пайдалану мәселесін тағы бір мәрте ой елегінен өткізген абзал.

Ғарифила Есім, ғалым, абайтанушы: ХХІ ғасырда біз үшін Абай мұрасының өзектілігі неде? Бұл сұрақтың жауабы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында толық берілген. Президент Абай туралы ой бөлісіп, ұлы ғұламаның мұрасы бізге көмекке келді деп түйіндейді. Ел тарихында өшпес із қалдырған Абай Құнанбайұлының бар болмысына, бай мұрасына, дүниетанымына зер салып, Абайдың бағытымен жүрсек, өркендейміз. Абай -тап-таза, таза болмаса, тарихта есімі қалмас еді.

Президент айтқандай, 2020 жылдан бастап еліміз даму мен жаңғырудың жаңа кезеңіне өту керек. Ол үшін социалистік заманынан бері келе жатқан стереотиптерден құтылып, ұлт өміріндегі жаңа белестерге шығу қажет. Ол үшін ұлы Абайдың тағылымын санамызға сіңіріп, зерделі ойын тереңірек тануымыз абзал. Баршамызға рухани азық сыйлайтын өнер адамдары өз шығармашылығы арқылы Абайдың мұрасын насихаттау керек, әсіресе жастар қауымы. Қазіргі уақытта жастарға жол ашық. 

Несіпбек Айтұлы, ақын: Президенттің бұл мақаласы Абайдың 175 жылдығы аясында ғана айтылатын бір сарынды, кезекті сөздердің бірі емес. Бұл - үлкен толғаныстан, қоғамдық ойдың жиынтығынан туған үлкен туынды. Біз үнемі Абайға оралуымыз, Абайды тануымыз  керек деп айтамыз. Жоқ, біз Абайға оралмауымыз керек. Себебі біз Абайдан қалып қойдық, Абай қашан да алда, керісінше, біз артта қалып қойдық. Сондықтан біз Абайдан айырылмай, Абайдан адаспауымыз керек. Абайға тек ақын ретінде қарауға болмайды, ол - данышпан, рухани болмысымыздың алтын діңгегі. Президенттің мақаласында Абайдың алтын шырақтай бай мұрасын дұрыс тану туралы өзекті сұрақтар көтерілген. Сондықтан біз бұл мақаланы тек кезеңдік, науқандық мақала емес, халыққа нағыз қажетті бағдарлама, ұлттық идеология деп қабылдауымыз керек. Абайды бойымызға сіңіріп, оның сөзіне ұйығанда ғана біздің болашағымыз жарқын болмақ. Абай - адамдықтың алтын қазығы, оның мұрасы - біздің арқа сүйеріміз, жүрегіміз, болашақтағы тірегіміз. Абай жасасын!

«Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», - деп өзекті жиынды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен аяқтаған «Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы келген қонақтарға алғысын білдірді.

Тегтер: