12 Шілде 14:13
...

Сауда комитеті заңсыз жұмыртқа тасымалы мен азық-түлік тауарлары транзитіне бақылауды күшейтті

Д
Фото: Almaty-akshamy.kz

ҚР Сауда және интеграция министрлігінде еліміздің ішкі нарығына заңсыз жолмен әкелінген жұмыртқаларды сату мәселесі және уақытша шектеу шаралары енгізілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының транзитін бақылау тетіктерін пысықтау жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Zakon.kz.

Алматы, NEGE. 2025 жылдың 4 сәуірінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №101 бұйрығына сәйкес, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру және демпингтің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына тауық жұмыртқаларын әкелуге уақытша тыйым салынған болатын.

"Жиынды өткізуге Қазақстан құс өсірушілер одағынан түскен өтініштер негіз болды. Онда кейбір сауда орындарында мемлекеттік бақылаусыз еркін сатылып жатқан импорттық жұмыртқалардың заңсыз әкеліну жағдайлары туралы ақпарат көрсетілген. 2025 жылдың маусым айында жүргізілген мониторинг нәтижесінде еліміздің бірқатар өңірлерінде таңбаланбаған немесе контрабандалық сипатқа ие өнімдердің сатылып жатқаны анықталған. Бұл жағдайлар ішкі нарықтағы адал бәсекеге нұқсан келтіріп, тұтынушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді", - деп хабарлады Сауда комитетінің баспасөз қызметі.

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, әрекеттерін үйлестіру, сондай-ақ бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беретін тиімді мониторинг тетіктерін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының айналымын бақылау жүйесін жетілдіру және уақытша шектеу шаралары енгізілген өнімдер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар арасында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөнінде бірлескен жұмысты жалғастыру туралы ортақ шешім қабылданды.