12 Шілде 15:17
...

Оралда құмар ойын ойнаған 16 шенеунік жұмыстан шығарылды

О
Фото: ғаламтор

Орал қаласы әкімдігінің, мемлекеттік кірістер және қалалық полиция басқармаларының жекелеген лауазымды тұлғалары букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысқан. 

Алматы, NEGE. 2024 жылғы 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет Басшысы жариялаған тапсырмаға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді.

2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап, мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде онлайн форматта, құмар ойындары мен бәс тігуге қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып танылады.

Орал қаласының прокуратурасы осы нормалардың сақталуына талдау жүргізді. Анықталғандай, Орал қаласы әкімдігінің, мемлекеттік кірістер және қалалық полиция басқармаларының жекелеген лауазымды тұлғалары букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысқан.

Аталған фактілер бойынша Орал қаласының прокуратурасы Орал қаласы әкімдігіне, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер басқармасына және Полиция департаментіне қадағалау актілері енгізді.

— Оларды қарау қорытындысы бойынша 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 16-сы атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. «OLIMPBET» ЖШС-нің мәліметтеріне сәйкес Орал қаласы әкімдігінің бір қызметкері 2021 жылғы 5 маусым мен 2025 жылғы 22 қаңтар аралығында өзінің жеке шотына 34 047 142 теңгеден астам қаражат салған. Оның ішінде, заңнамадағы өзгерістер күшіне енгеннен кейін 1 741 000 теңге салып, оның 971 000 теңгесін ұтылған. Осы мән-жайларға байланысты аталған қызметкер лауазымынан босатылды, — делінген Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.

Орал қаласының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына жүйелі түрде қадағалау жүргізуді жалғастырады.