87,7 млрд теңге! Өзіңді өзің аяма, Бектенов жанынан түңілсін...
Биылғы жаз ерекше ыстық болатын түрі бар. Барлық жағынан. Өйткені көктемгі алапат су тасқынының салдары әлі жойылған жоқ. Мемлекеттік аппарат, әсіресе, Үкімет мүшелері мен әкімдердің сыналар тұсы. «Не бел, не белбеу кетсін» дейтін сәт. Кімнің қалатыны, кімнің орнын босататыны осы жаздағы жұмыстардың нәтижесімен анықталады.
Үкімет демекші, жақында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) отырысында 2023 жылғы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне (РБ ШҚЕ) жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.
Экс-премьер Әлихан Смайылов басқаратын ЖАП «аудит жүргізгендегі мақсатымыз – республикалық деңгейдегі мемлекет активтерін, міндеттемелерін, кірістері мен шығыстарын объективті және анық көрсету» деп мәлімдеді.
Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, бюджет активтерінің жиынтық көлемі 7% өсіммен 25,5 трлн теңгеге жетіпті. Сондай-ақ ЖАП алыстан орағытып күлбілтелемей, кірістен шығыс артып кеткенін, қаржылық бұзушылықтар миллиардтарға жеткенін айтады.
«Соңғы 5 жыл ішінде шығыстардың республикалық бюджет кірістерінен жыл сайын асып түсуі байқалуда, бұл жинақталған қаржылық нәтиженің төмендеуіне әкеп соғуы заңдылық. Сонымен бірге аудиторлық іс-шараның нәтижесі бойынша 87,7 млрд теңге сомаға қаржылық бұзушылықтар, 26,3 млн теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану, сондай-ақ 25 рәсімдік бұзушылық пен 17 жүйелік кемшілік анықталып отыр», – делінген аудит қорытындысында.
2023 жылғы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігі мемлекеттің қаржылық жағдайы мен қаржылық қызметінің нәтижелерін толық көрсетпейді екен.
Бұл туралы аудит қорытындысында былай дейді: «Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша таза активтер минус 4,2 трлн теңге болған. Бұл, ең алдымен, мынадай қаржылық көрсеткіштерді объективті түрде (өзіндік құны бойынша) көрсетпеумен байланысты:
квазимемлекеттік сектор субъектілеріне инвестициялар;
квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілетін бюджеттік кредиттер;
қаржылық міндеттемелер (мемлекеттік борыш).
Жоғарыда аталған элементтердің тек үшеуі ғана объективті түрде көрсетілген жағдайда, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша таза активтер теріс емес (минус 4,2 трлн теңге), оң мәнді көрсетіп, бағалау бойынша 12,7 трлн теңгені құрайтын еді».
Бұдан әрі ЖАП бірқатар кемшіліктерді тізбектей келе, «РБ ШҚЕ-де тану өлшемшарттарына сәйкес келмейтін активтерді көрсету жалғасуда» деп тағы бірқатар кемшіліктерді тізбелейді. Ол мыналар екен:
банкрот деп жарияланған салық төлеушілердің салықтық берешегі;
мемлекеттік кірістер органдары мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шаралары қолданылған берешек;
қарыз шарттары шеңберінде өз міндеттемелерін орындамаған мемлекеттік кепілдік алушылардың берешегі.
«Тұтастай алғанда, бірінші РБ ШҚЕ аудитке ұсынылған сәттен бастап 5 жылдық кезең ішінде оның сапасы мен анықтығының айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Жалпы, Палата ұсынымдарын ескере отырып, Қаржы министрлігі осы жылдар ішінде 5,7 трлн теңге сомадағы активтерді, 297 млрд теңгеге міндеттемелерді тану және анық көрсетуді қамтамасыз етті», – деп қорытады.
Қысқасы, Әлихан Смайылов өзі Үкімет басқарған кездегі республикалық бюджетті тексеріп, «өз кемшіліктерін өзі анықтап берген» деуге болады. Әрине, бұдан да қатқылдау, бұдан да қаталдау тексеруге де болар еді, бірақ Әлихан Асханұлы өз қолын өзі қалай кеседі?
Бірақ осы тексеру қорытындысымен Смайылов қазіргі Премьер-министр Олжас Бектеновке месседж жолдағандай болды. «Өзімді де аяған жоқпын, сені де аямаймын» деген сыңайда...
Әлихан Смайыловтың жуырда ғана Премьер-министр болғанын ұмытпауымыз керек. Ендеше, облыс әкімдіктері мен мемлекеттік органдарды сыпыра тексеріп келе жатқан Жоғары аудиторлық палата қызды-қыздымен талай қызықтың бетін ашуы әбден мүмкін.