2025 жылы елімізде 500-ден астам энергия нысандары жөнделеді

Үкімет отырысында «KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов өткен күзгі-қысқы кезеңнің қорытындылары және алдағы 2025-2026 жылдың маусымына дайындық туралы баяндады.
Алматы, NEGE. Оның айтуынша, өткен маусымда еліміздің электр станцияларында қажетті жоспарлы жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілді.
«2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық шеңберінде электр стансаларында жабдыққа, оның ішінде 10 энергия блогына, 55 қазандыққа және 45 турбинаға жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірыңғай сатып алушының жоспарланған электр энергиясын импорттауы электр станцияларында жөндеу науқанын жүргізуге мүмкіндік берді»,
— деп атап өтті ол. Нәтижесінде жабдықтың апаттық деңгейі айтарлықтай төмендеді.
«Нәтижесінде, 2024-2025 жылдардағы КҚК-да электр стансасы жабдықтарының авариялық тоқтаулары саны 27%-ға төмендегені, ұзақтығы 25%-ға қысқарғаны байқалады. Сондай-ақ блоктық электр стансалары жабдықтарының авариялық тоқтаулар саны 5%-ға төмендегені, ұзақтығы 47%-ға қысқарғаны байқалады»,
— деді «KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.
Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) өткен КҚК-дағы тұтыну максимумы 2024 жылғы 08 желтоқсанда тіркелді және 17,2 МВт-ты құрады. Алдағы жылыту кезеңіне келетін болсақ, KEGOC есептеулері бойынша 2025-2026 жылдардағы КҚК-да максималды тұтыну 17 600 МВт деңгейінде болады деп болжануда.
Күзгі-қысқы кезең қалыпты өту үшін генерациялаушы жабдықты жөндеу науқаны басталды.
«2025 жылы электр станцияларындағы жөндеу науқаны барысында 10 энергия блогын, 63 энергетикалық қазандықты, 39 турбинаны күрделі және орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. 2025 жылғы 21 мамырдағы жай-күй бойынша 1 энергия блогы, 2 бу қазандығы мен 1 бу турбинасы жөндеуден өтті. Дайындық деңгейлері әртүрлі: 4 энергия блогы, 19 бу қазандығы, 10 турбина жөндеуде тұр»,
— деді басқарма төрағасы. 2025 жылы 577 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Нәби Айтжанов алдағы КҚК өту үшін негізгі шарттарды белгіледі.
«Алдағы күзгі-қысқы кезеңнен табысты өту үшін блоктық станциялар келесі режимде жұмысы істеулері қажет: Екібастұз ГРЭС-1 – 8 блок; Екібастұз ГРЭС-2 – 2 блок; «ЕЭК» АҚ – 7 блок; Жамбыл ГРЭС – 5 блок (бір резервтік блокты дайындық жағдайында ұстай отырып)»,
— деп атап өтті ол.
Оның айтуынша жүйелік оператор келіскен мерзімде негізгі генерациялаушы және электр желілік жабдықтардың барлық жоспарланған жөндеулерін орындау, жылу электр стансаларында көмірдің нормативтік қорларын, газ электр стансалары үшін газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету, Жамбыл ГРЭС-ін техникалық сумен жабдықтау қажеттіліктері үшін жеткілікті отынмен, салқындатқыш сумен және генерацияның қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсетуші персоналмен қамтамасыз ету бойынша мәселені алдын ала шешу қажет.