Жер қатынастары қалай реттеліп жатыр?
Мемлекет жер қатынастарына ерекше назар аудара бастады. Мал бағамын деушілерге қат болып тұрған жайылымдық жерлердің және игерусіз жатқан жерлердің мәселесін түбегейлі қолға алып жатыр. Айталық, бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Бұл құжат жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіре түспек. Қоғамдық жайылымдар деген ұғым пайда болып, ол жерлер тек жергілікті тұрғындардың малын жаюға беріледі. Ал жалға беруге мүлде тыйым салынады.
Қожасы болса да, игерілмей қаңырап жатқан жерлер қаншама. Мәселен, Алматы облысында 173,1 мың гектар жер игерілмей жатыр екен. Мақсатты пайдаланбаған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылмақ.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері жалпы көлемі 12,4 мың гектар болатын 43 жер учаскесі бойынша сотқа талап арыздар жолданған.
Жер қатынастары жөнінде Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов пен экономист Мақсат Халық NEGE-ге ой бөлісті:
Ерболат Саурықов, Мәжіліс депутаты:
Таулы аймақтардың көп бөлігін жайылымға айналдырып, халыққа пайдалануға бермек
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жайылымдары туралы заңына қол қойды. Бұл түзетулер сегіз ай бойы қаралды. Бірінші оқылым, екінші оқылымнан өтіп, Сенатқа жіберілді. Кемшіліктері айтылып, өзгерту енгізіліп, біраз ұсыныс жасалды. Жайылым туралы заң бұрыннан бар. Бірақ бұрын жақсы жұмыс істемей келген болатын. Өйткені, шикіліктері, кемшіліктері мен олқылықтары көп болды.
Жасыратыны жоқ, кеңес дәуірінен бері жайылымдарға қатысты түбегейлі реформа жасалмағаннан кейін заң жұмыс істемей қалған-ды. Осы заңға енді бірнеше түзетулер енгізілді. Соның нәтижесінде заң біршама қалыпқа келді.
Десе де, жақсы жақтары мен кемшін тұстары әлі де бар деп есептеймін. Алдымен жақсы жақтарына тоқтала кетейін. Біріншісі, қоғамдық жайылым деген ұғым енгізілді. Бізде ауылдар көп. Жүз адамнан бастап 12 мың адамға дейін өмір сүріп жатқан ауылдар бар. Сол ауылдың маңайында халыққа, орта шаруаларға немесе кәсіпкерлікпен айналыспайтын ауыл азаматтарына мал жаятын қоғамдық жайылымның пайда болуы, бұл ұғымды заңға енгізіп, халыққа жайылым берілуі – жақсы тұсы.
Қоғамдық жайылымның тағы да бір жақсы жағы бар. Мәселен, Алматы облысының халық көп қоныстанған Қаскелең, Шамалған секілді аймақтары бар. Тұрғындарының бәрінің қорасында малы бар. Жайылымнан зардап шегіп отырған азаматтар аз емес. Таулы аймақтардың көп бөлігін жайылымға айналдырып, халыққа пайдалануға бермек.
Дейтұрғанмен, шығыс, солтүстік, батыс өңірлері үшін қоғамдық жайылым тиімді болғанмен, оңтүстік өңірлер үшін күрделі болып тұр. Қоғамдық жайылымды кімге береді? Қорасында аналық басы бар, ірі қара малы бар адамдарға ғана беріледі. Ірі қарасы жоқ, аналық басы жоқ азаматтарға қоғамдық жайылым берілмейді. Бұл – кемшін тұстары. Өйткені, оңтүстік өңірлерде жылқы және қой көп өсіріледі. Сиыр малы өте аз. «Ауыл» партиясынан оңтүстіктен сайланған депутат ретінде мұны жақсы білемін.
Екінші мәселе – жайылымдар мен жерлердің формасының өзгермеуі. Мәселен, кеңес дәуірі кезінде суармалы, жайылмалы және шабындық болған жерлердің бәрінің нысандары ауысып кетті. Өйткені, бұрын су жайылмайтын аймақтарға су жайылды. Көп жылдық өсімдіктер өсетін суармалы жерлер шабындыққа айналды. Сондықтан шабындықтарымыз жайылым болды. Жайылым жеріміз керісінше шабындыққа айналды. Мұның бәрі өзен-көлдеріміздің суының азаюына немесе көбеюіне байланысты өзгерді.
Осының барлығына нормативті түрде ұсыныс енгізу керек еді. Реттеу тетігі жасалуы тиіс еді. Бірақ оны бұл заңнан көрмедім. Өзім жайылымдар туралы заңдағы жұмыс тобының мүшесі болдым. Бірақ көкейімде жүрген екі-үш сұраққа жауап ала алмадым. Әрине, әр депутаттың өз позициясы бар. Сондықтан өзім көтерген бастамаларда ұтылып қалған жағдайлар болды. Десе де, бұл жұмыс барысындағы үдеріс. Онда тұрған ештеңе жоқ. Өзгерістер мен түзетулер ұдайы жасалып отырады.
Рас, қазір әртүрлі қожайындардың қолында болған 8,5 миллион гектар жер үкіметке қайтарылды. Бірақ бұл жерде бір нәрсені нақтылап алған жөн. 8,5 миллион гектар жердің бәрі керемет жайылым, сулы жер, шабындық жер емес. Бірақ ол жерлердің дені шабындыққа, егіндікке, жайылымға жарамсыз. Әрі елдімекендерден шалғайда орналасқан.
Кезінде құнарлы жерлерге еге болып қалған азаматтар бар. Олар біразын қайтарып берді. «Сол қайтарылған жерді халыққа қалай жеткізу керек? Кімге беріледі?» деген мәселеде де біраз сұрақ туындап отыр. Бұл жерлер бірінші кезекте «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кооперация құрып, ауылда жұмыс көзін ашып отырған азаматтарға беріледі. Егер оларға қажет болса. Екінші кезекте жеке азаматтарға беріледі. Ауылдың маңайындағы жер болса, ол жерлер ешкімге берілмейді. Жайылым ретінде пайдалануы үшін халыққа беріледі.
Одан кейін тағы да мынадай ұсыныстар болды. Кооперация мүшелерінен бөлек, ауылда тұрып, үш немесе бес жыл қызмет атқарып жүрген азамат болса, оған жер берілуі керек деген ұсыныс айтылған. Мақсат – ауылға жастарды тарту. Қала тұрып жатқан жас маман ауылға көшіп келсе, қосымша жұмыс көздерін ашса, тіркеуі болса, ауыл әкімі сол елдімекенде тұрып жатқанын растаса, бірінші кезекте жер жастарға берілуі керек.
Десе де, ол жерде жүздеген түзету енгізілді. Қайсысы қабылданып, қайсысы қабылданбай қалғаны қазір нақты есімде қалмады. Осы жақсы ұсынысты депутаттардың дені қолдаған еді. Сондықтан өткен болуы әбден мүмкін.
Мақсат Халық, экономист:
Бізде шұрайлы жерлерді латифундистер алып қойған
– Бұрын қолы ұзын азаматтар жерді жалға алып, қоршап, жайылымға ешкімді кіргізбейтін еді. Осындай үрдістер болып келді. Енді мүмкіндіктер бар. Азаматтар малдарын жая береді.
Жайылымды жерлерге қатысты айтатын біраз ой бар. Бізде шұрайлы жерлерді латифундистер алып қойған. Ол жерлерге көп шаруалар малын жая алмайды. Қоршалған жерге ешкім малын кіргізе алмайды. Ол жерге мал асырап немесе қандай да бір өнім алып отырса, бір жөн. Ол да жоқ. Осы үрдістер бізде ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізді деп айтуға негіз бар.
Сондықтан, бұл мәселелердің бәрін реттеу қажет. Мал тұяғы жеткенге дейін егіншілікке жер берілмеуі тиіс. Жайылым жер бөлек болуы керек. Бұл мәселе өте өзекті. Егіншілікке бөлінген жерге мал өте алмайды. Айналып өтуі керек болады. Тіпті, өту мүмкін болмайды. Мал жаятын жер жоқ. Нәтижесінде, өте тиімсіз жағдайға әкеліп отырған жайы бар. Жұрт мал өсіруден бас тартып, «енді мал ұстай алмаймыз» деп жатыр. Мал асырау тиімсіз болғандықтан, бар малын сатып құтылғандар көп кездеседі.
Әрине, бұл мәселелер заңдық тұрғыдан реттелуі тиіс. Қоршалып тұрған жайлы жерлер игерусіз жатса, онда мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Жайылымға бөлек жер қарастырылуы қажет. Бұл маңызды мәселе деп ойлаймын.
Қазір мемлекет иесі бар, бірақ игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алып жатыр. Ол жерлерді үлестірудің тиімді тетіктерін қарастырған жөн. «Жарайды, қайтарып алдық, енді не болады?» деген сауал күн тәртінде тұр деп есептеймін. Бұл түйткілдер шешімін тауып, реттелмей, ауыл шаруашылығы дамымайды. Ауыл шаруашылығы былай тұрсын, ел экономикасының дамуы да неғайбыл.
Жайылымдық жер жалға берілмейді деген шешімнің өзін дұрыс деп есептеймін. Бұл – жалға емес, малы бар азаматтардың пайдалануына беріледі деген сөз. Дұрыс қадамның бірі деп білемін.