Жаңа туған нәрестені сүндеттеу қаншалықты дұрыс?

Елімізде соңғы жылдары жаңа туған ұл баланы сүндетке отырғызу жиілеп барады. Бұрын бұл дәстүр көбіне 5–7 жас аралығында жасалса, қазір кей ата-аналар нәрестені дүниеге келгеннен кейін алғашқы күндері-ақ сүндеттетуді жөн көреді. Бірі мұны медицина тұрғысынан қауіпсіз десе, енді бірі дәстүрлі жастан ерте жасауға күмәнмен қарайды.

Pixabay.com

Астана, NEGE. Мамандар бұл мәселеде нақты белгіленген уақыт жоқ екенін айтады. Ең маңыздысы – баланың денсаулығы мен медициналық көрсеткіші.

Хирург-андролог Талғат Асылханұлы ерте жаста жасалған сүндеттеудің медициналық артықшылықтары бар екенін айтады.

«Баланы ерте жастан сүндеттеу – негізінен, дұрыс шешім. Бірақ әр баланың анатомиялық ерекшелігі ескерілуі керек. Егер жыныс мүшесінің дамуы қалыпты болып, терісі жеткілікті болса, онда жасауға болады. Мұндай кезде бала ауырсынуды қатты сезбейді. Себебі нәрестеде жүйке талшықтары толық қалыптасып үлгермейді, стресс те аз болады», – дейді дәрігер.

Маманның сөзінше, барлық балаға бірдей ерте сүндеттеу жасауға болмайды. Кей нәрестелер артық салмақпен туады немесе жыныс мүшесінің терісі жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда операция қауіпті.

«Кей балалар кейін қатты салмақ қосады. Сол кезде тері жиырылып, сүндеттелген мүше ішке кіріп кетуі мүмкін. Сондықтан біз көбіне 1–2 жас аралығында сүндеттеуді аса құптамаймыз. Бұл кезеңде баланың анатомиясы тез өзгереді. Сондай-ақ операцияны 7 жасқа дейін жасаған жөн, себебі жас ұлғайған сайын бала психологиялық тұрғыдан күйзеліске түсуі мүмкін», – дейді хирург.

Дәрігердің айтуынша, туа біткен патологиясы бар балаларды сүндеттеу кейінге қалдырылады. Сондықтан операция алдында міндетті түрде хирургтің тексеруі қажет.

Ал исламда сүндеттеу – мұсылмандықтың маңызды сүннеттерінің бірі. Алайда шариғатта баланы нақты қай уақытта сүндеттеу керек деген қатаң талап жоқ. Астана қаласының және Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповтің айтуынша, діндегі басты талап – баланың денсаулығына зиян келмеуі.

«Исламда сүндеттеу – бекітілген сүннет. Бірақ оны нақты жетінші күні жасау міндеттелмеген. Кей ғалымдар жетінші күнді құп көрген, енді біреулері бала әлденгенше күткен дұрыс деген пікір айтқан. Жалпы, көпшілік ғалымдар балиғат жасына дейін сүндеттелсе жеткілікті дейді», – дейді имам.

Ол хадистерде фитра амалдарының бірі ретінде сүндеттеу айтылатынын жеткізді.

«Пайғамбар хадисінде: “Фитраның бес нәрсесі бар: сүндетке отыру, мұрт қысқарту, тырнақ алу, қолтық және шат түгін тазалау” делінеді. Бұл – исламдағы тазалық мәдениетінің бір бөлігі», – дейді Ерболат Жүсіпов.

Имамның айтуынша, қазақ дәстүрінде ұл баланы 5–7 жас аралығында сүндеттеу кең тараған. Бұл жас баланың есінде қалатын, ағайын-туыс жиналып, шағын той жасалатын кезең ретінде қалыптасқан.

Қорыта айтқанда, сүндеттеу – қазақ қоғамындағы діни әрі ұлттық дәстүрдің бір бөлігі. Бірақ оны нақты қай жаста жасау керек деген ортақ пікір жоқ. Дәрігерлер де, дін өкілдері де ең алдымен баланың денсаулығына мән беру қажет екенін айтады. Яғни шешім қабылдағанда баланың физиологиялық ерекшелігі мен дәрігердің қорытындысы ескерілуі тиіс. 

Сондықтан бүгінгі таңда «ерте ме, кеш пе?» деген сұрақтан бұрын, «қауіпсіз бе?» деген мәселе маңызды болып отыр. Ең бастысы – процедураны білікті маман жасап, ата-ананың шешімі медициналық кеңес пен баланың денсаулығына сүйеніп қабылдануы керек. 

 

Жазған Әйгерім Кабиденова

Қазір оқып жатыр

Алматы облысында оқушы мұғалімді ұрып, дене жарақатын келтірген

Мемлекеттік кірістер комитеті алаяқтыққа байланысты ескерту жасады

Астанадағы LRT алдағы демалыс күндері іске қосылады

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: тергеу аяқталды