Ниқабқа тыйым: Заңның ұтымды әрі шикі тұсы қайсы?
30 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда бетті тұмшалап тұратын киім киюге тыйым салуды көздейтін заңға қол қойған еді. Нәтижесінде елімізде 12 шілдеден бастап ниқаб киюге тыйым салынды.
Көптен бері қозғалып, заң жүзінде енді шешімін тапқан мәселе туралы ҚМДБ да пікір білдерген. «Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда» делінген мәліметте.
Алайда, полиция қызметкерлері халық арасына шығып, қоғамдық орындарда не үшін бет-әлпетті жауып тұратын киім киюге болмайтынын түсіндіруді бастаса да, көшеде бетін тұмшалағандар азаяр емес.
Никабқа тыйым салу қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме, әлде адам құқығын шектей ме? Заңның ұтымды және шикі тұсы қайсы?
Қайрат Жолдыбайұлы, дінтанушы:
Медициналық масқа киіп жүргендердің жағдайы қалай болады?
– Бетті түгелдей тұмшалау, яғни никаб кию – бұл діннің қатаң талабы емес. Сондықтан біз сияқты зайырлы мемлекетте заңға бағыну керек деп ойлаймын. «Шеш» десе, шешу керек.
Бірақ маған түсініксіз бірнеше жайт бар. Біріншісі, бетті тұмшалауға тыйым салынған болса, онда медициналық масқа киіп жүргендердің жағдайы қалай болады? Оларды да мәжбүрлеп шешкіземіз бе? Екіншісі, мопед, мотоцикл айдайтындар шлем киіп жүреді. Олар не істейді? Егер «қауіпсіздік тұрғысынан» деген желеу болса, онда оларға да бас киімін шешкізу керек болады. Осы жағы түсініксіз. Заңның шикілігі, томпақ тұсы осы жерде көрінеді.
Үшінші, шетелден бетін тұмшалап жүруді міндет санайтын әйелдер келсе, оларды да мәжбүрлеп шешкіземіз бе? Біздің осы заңымыз өзге елдің азаматтарына жүре ме? Егер оларға жүрмесе, қауіпсіздік мәселесі қалай болады? Осы әлі де нақтылауды қажет ететін жайт деп санаймын.
Балғабек Мырзаев, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы:
Бетін тұмшалаған адамға айыппұл немесе жаза қарастырылмаған
– Бұл жерде мәселе дінге тікелей қатысты емес. Өйткені, заңда «бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім үлгісін киюге тыйым салынады» делінген. Яғни, бұл жерде заң діндар болсын, атеист болсын, басқа болсын, бәріне тікелей қатысты. Ең бастысы – қауіпсіздік мәселесі. Адам бетін тұмшалау арқылы әртүрлі қылмыс жасауы мүмкін. Ал кейбір азаматтар «дінге тікелей қатысы бар» деп болжам жасауда. Бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, шариғатта да адамның бетін түгел жабуға міндеттеме қоймайды. Керісінше, адам бір-бірін көргенде бет-әлпетін танып, ер адам ба, әйел ме, ажырата алуы тиіс.
Бұл заң неге қазір қабылданды? Көп жағдайда баукеспе ұрылар бетіне паранжа, ниқаб киіп, мешітке кіріп, ұрлық жасайды. Сол сияқты қоғамдық орында бұзақылар көп. Ниқабқа тыйым салудың астарында осы мәселенің де алдын алу жатыр.
Тағы бір жайт – заң тармағын түсіндіру жұмысы. Бұл жерде тек дінтанушылар ғана емес, заңгерлер де осы іске араласып, қоғамды ақпараттандыруы керек. Бұл заңның тікелей дінге қатысы жоқ екенін айтқаны абзал. Ал заңның шикі әрі жұмсақ тұсы – егер адам бетін тұмшалайтын киім кисе, оған қарсы қандай да бір айыппұл салу немесе жазаға тарту секілді шара қарастырылмаған. Құқық қорғау қызметкерлері «Мына киіміңіз қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін» деп ескерту жасауы ғана мүмкін. Ал тікелей мұсылман киіміне келсем, әрине ер адам да, әйел де өзінің әурет жерін жауып жүруі керек. Өз көзқарасым бойынша, кез келген киім үлгісі қазақтың бұрыннан қалыптасқан дәстүріне сәйкес келуі тиіс. Қызбаланың да, келіннің де, ананың да, әженің де киім үлгісі болды ғой. Сол кезде қоғамда дінге, мұсылмандық киімге қарсы теріс пиғыл тыйылар еді.
Қайрат Құрманбаев, дінтанушы, PhD доктор, доцент:
Дінді ниқаб кию секілді діннің кейбір элементтерімен ғана өлшеу – радикалды топтардың ұстанымы
– Бүгінгі таңда ниқаб киюді немесе әйел адамның бет жүзін толық тұмшалау секілді шариғатта түрлі көзқарас туындатқан, әрі қоғамға жат әрекеттерді өзгелерге міндеттеу – діни алауыздыққа жол ашатын деструктивтікті көрсетіп отыр. Ал бұндай діни элементтерге құқықтық, заңдық тұрғыдан шектеулердің қойылуы, дінді деструктивті құрал ретінде пайдалануға жол бермеудің алдын алу деп білгеніміз дұрыс. Ислам шариғаты аясында ниқабқа немесе әйел адамның бет-жүзін толық жабу мәселесіне тоқталар болсақ, «ниқаб» сөзі араб тіліндегі «жамылғы» деген мағынаны білдіреді.
Қазіргі таңда кейбір мұсылмандардың түсінігіндегі ниқаб – барлық денені, тіпті жүз бен қолды да жабатын киім ретінде қабылданады. Бұған қоса ниқабты уәжіп (міндетті) амал ретінде бекіткендер де жоқ емес. Осындай көзқарастың салдарынан бүгінде қазақ қоғамында да кейбір қыз-келіншектер бет-жүздерін бүркеп, ниқабтың уәжіп амал екенін алға тартуда және олардың саны да барған сайын артып келеді. Осындай мәселелер қоғамның исламға деген көзқарасын теріс арнаға бұрып қана қоймай, қыз-келіншектердің тағдырын әбігерге салуда. Бұның барлығы ислам дінін жеткілікті дәрежеде білмегендіктен туындайтын дүние. Өйткені, ниқаб киімі Құранда 55 уәжіп амал ретінде баяндалмаған. Сондай-ақ басқа да діни деректерде оның міндеттілігі нақты айтылмайды. Керісінше пайғамбар мен сахабалар заманында әйел адамдар жүздерін тұмшаламай, қажетті жағдайда ер адамдарға көмекші бола білген.
Ниқабты парыз не уәжіп деп тапқан топ, аяттағы «түсіру» (иднә) сөзін «бетті жабу» деп тәпсірлеген. Аталмыш түсіндірме исламдағы діни мәтін интерпретациясындағы «қосымша себептер болмаған жағдайда сөздің тілдік мағынасынан ауытқымау» шартына қайшы.
Кейбір ғалымдар, әйел кісі көркімен адамдар арасында бүлік туындатуы ықтимал деген уәжбен, әйел адамға жүзін жабуы уәжіп деп үкім шығарған. Ал, аят-хадистеге назар аударсақ, ер адамдарға әйелдерге де бұйырылғанындай көздерін төмен салу әмір етілген. Егер барлық әйелге никаб тағу уәжіп болса, ерлерге көздерін бөгде әйелдерден сақтауды Алла бұйырмаған болар еді. Себебі әйелдің еш жері көрінбесе көзді төмен салудың не қажеті бар?!
Қорыта келе айтар болсақ, дінді ниқаб кию секілді діннің кейбір элементтерімен ғана өлшеу – радикалды топтардың ұстанымын білдіреді. Ал мемлекетіміздің халықтың тыныштығын қамтамасыз етіп, қоғамды дерадикализациялау және діннің деструктивті құрал ретінде пайдалануының алдын алу мақсатында кейбір шешімдер қабылдауы заңды құбылыс.
Толғанай Мұстафина, дінтанушы:
Қауіпсіздік мәселесі идентификациялау арқылы жүзеге асады
– Қоғамдық орында бетті толық тұмшалайтын киімдерге тыйым салу сенім бостандығына немесе адам құқықтарына жасалған қысым емес. Мұның аясында ұлттық қауіпсіздік пен қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мәселесі тұр.
Біріншіден, бетті тұмшалау кезінде адамның жеке басын сәйкестендіру мүмкін болмайтын жағдайларға шектеу қойылады. Қазіргі кезде қауіпсіздік мәселелерінің бәрі цифрлық құрылғылармен, яғни идентификациялау арқылы жүзеге асады.
Қазақ қоғамында ешқашан бетті тұмшалап алу деген норма болмаған. Сондықтан дін тұрғысынан да, заң тұрғысынан да бұл ешқандай құқық бұзушылыққа жатпайды.