USD
USD
USD

Қазақстандағы ең кедей өңір белгілі болды: жағдай нашарлай түскен

Қаржы саласындағы сарапшылардың мәлімдеуінше, былтыр Қазақстандағы халықтың кедей бөлігінің жағдайы 2024 жылғы деңгейден айтарлықтай өзгере қоймаған. Ал өңірлерде жағдай нашарлаған.

кедейлік
Фото: magnific.com

Астана, NEGE. Finprom желілік басылымы келтірген мәлімет бойынша, 2025 жылы кедейлік тереңдігі (халықтың кедей бөлігінің табысы күнкөріс деңгейінің орта есеппен қаншалықты төмен екенін көрсетеді) 0,8% болса, кедейлік өткірлігі (халықтың ең кедей бөлігі ішіндегі теңсіздікті көрсетеді) 0,2%-ға тең болған. Ал халық табысының жалпы бөлінісіндегі теңсіздік деңгейін көрсететін Джини коэффициенті 0,296-дан 0,291-ге дейін түскен.

Ең күрделі жағдай Ұлытау облысында тіркелген. Мұнда кедейлік тереңдігі – 1,6%, ал кедейлік өткірлігі 0,7%-ды құраған. Бір жыл ішінде екі көрсеткіш те өскен. Джини коэффициенті мен қор коэффициенті аздап төмендегеніне қарамастан, өңір табыс теңсіздігі жоғары аймақтардың қатарында қалып отыр.

Кедейлік тереңдігі бойынша екінші орында Маңғыстау облысы тұр. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда, 1,1%-дан 1,3%-ға өскен, ал кедейлік өткірлігі екі есе артып, 0,4%-ға жетті. Соған қарамастан, облыстағы табыс теңсіздігі ел бойынша төмен деңгейді көрсеткен. Бұл өңірде табыстар салыстырмалы түрде біркелкі бөлінгенімен, тұрғындардың бір бөлігінің табысы әлі де төмен екенін көрсетеді.

Абай облысында жағдай сәл жақсарған. Кедейлік тереңдігі 1,6%-дан 1,2%-ға, ал өткірлігі 0,5%-дан 0,3%-ға түскен. Алайда өңірдегі табыс теңсіздігі аздап өскен.

Жетісу және Түркістан облыстарында кедейлік тереңдігі 1,1% деңгейінде сақталды. Түркістан облысында кедейліктің өткірлігі де, теңсіздік деңгейі де төмендеген.

Сарапшылар Павлодар және Қарағанды облыстарын да ерекше атап өтті. Павлодар облысында теңсіздік көрсеткіштері күрт өскен: Джини коэффициенті 0,331-ге, ал қор коэффициенті 7,58 есеге жеткен. Қарағанды облысында кедейлік тереңдігінен бастап табыстың жіктелуіне дейінгі барлық көрсеткіш нашарлаған.

Мегаполистер арасында Алматы мен Астанада теңсіздік деңгейі төмендегенімен, елордада кедейлік тереңдігі аздап өсті. Шымкентте жағдай анағұрлым жақсарған: кедейлік тереңдігі 1,6%-дан 1,1%-ға, ал өткірлігі 0,6%-дан 0,4%-ға дейін қысқарды. Соған қарамастан, қала әлі де кедейлік деңгейі жоғары аумақтардың қатарында қалып отыр.

Кедейлік тереңдігінің ең төмен көрсеткіштері Атырау және Жамбыл облыстарында тіркелді – әрқайсысында 0,3%.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша, өңірлер арасындағы айырмашылық ел ішіндегі жағдайдың әлі де біркелкі емес екенін көрсетеді.

Қазір оқып жатыр

Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының төрағасы атанды

Дания Еспаева

Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының төрағасы қызметінен кететінін мәлімдеді

Перуашев

Сот «Шымбұлақ» шатқалына көліктің кіруін шектеу Конституцияға қайшы екенін анықтады

Шымбұлақ

«Қазақмыс» жұмысшыларының талабын арнайы комиссия қарайтын болды

Қазақмыс