«Бетінің сау тамтығы қалмаған»: Түркістан облысында бес жасар қызды ит талады
Оқиға Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында болған.
Астана, NEGE. Дәрігерлер ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түскен қызға төрт сағат бойы ота жасап, аман алып қалған, деп хабарлайды Otyrar арнасы.
Анасы Дилафруз Халикованың айтуынша, қызы таңертеңгі уақытта туысының үйінің қақпасы алдында балалармен ойнап жүргенде, итке таланған. Бірнеше жерінен жарақат алған бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
«Мен келгенге дейін қызымды жансақтау бөліміне алып кетіпті. Ана үшін оны көру қиын. Қызымның бетінің сау тамтығы қалмаған. Көз астындағы теріні қауып алған, тіпті сүйегі көрініп тұр. Дәрігерлер "Бекем болыңыз! Жансақтау бөліміне алдық, өте ауыр халде" деп айтты», – дейді қыздың анасы.
Дене жарақатынан бөлек бала қатты шошынып қалған. Дәрігерлер ит қыздың оң жақ бетін жарақаттағанын айтады.
«Травматикалық шок алған. Қыз қатты шошыған және бас аймағында жарақаттары бар. Қазіргі жағдайы қалыпты, тұрақты. Әзірше емін алуда», – дейді Түркістан қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлжазира Бердіәзімова.
Баланың құтыру ауруын жұқтырған-жұқтырмағаны әлі белгісіз.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, соңғы кезде бірнеше адамды ит қапқан. Сауран аудандық әкімдігі жағдайдан хабардар екенін жеткізді. Бұған дейін жаңа Иқан ауылы Ибала елді мекенінде жасөспірімге шабуыл жасаған ит ұсталып, тексеруге зертханаға жіберілген. Ал бес жасар қызды қапқан иттің иесі анықталмаған, ит те әлі ұсталмаған.
«Екінші жағдай Ескі Иқан ауылында болған. Қыз баласын қапқан. Ол иттің иесі бар. Ит пен иесін іздестіру жұмыстары полициямен бірге жүргізілуде», – дейді Түркістан облысы Сауран аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Ғасыр.
Оның айтуынша, иттің иесі бар екені анық. Өйткені жануардың құлағы мен құйрығы кесілген. Бірақ ит табылмағандықтан, оның иесін анықтау мүмкін емес. Егер иттің иесі табылса, оған әкімшілік айыппұл салынады.
Қазір оқып жатыр
Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: іс сотқа жолданды
Мектептердегі қорытынды емтихандар қай күндері өтеді?
Бағбандар, жүргізушілер, инженерлер: Тоқаев Түркістандағы саммитке үлес қосқан азаматтарды марапаттады
Депутат Алматыда Hilton қонақ үйін күштеп тартып алу әрекеті жүріп жатқанын мәлімдеді