20 января 2020 г. 16:21

Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

Фото:

19 қаңтарда Алматы уақыты бойынша 19.27-де жер сілкінді. Бұл туралы Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік орталығы хабарлады.

Дүмпудің кіндігі Алматыдан оңтүстікке қарай 370 шақырымда, Қытайда болған. Энергетикалық класы – 14,1, ал магнитудасы 6.0. Жерасты дүмпуі Алматыда МSК-64 шкаласымен 3-4 балл болып сезілген.

Төтенше жағдай комитетінің хабарлауынша, зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Тағы бір мәліметтерде зілзала ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 231 шақырым қашықтықта, Текелі қаласы мен Руднечный ауылының арасында болған.

Бүгін жер сілкінісі тағы қайталанды. «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ММ 20 қаңтар күні Алматы уақытымен 09 сағат 17 минут 18 секундта жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуінің ошағы Алматы қаласынан 356 шақырым қашықтықта Қытай аумағында болған. Энергетикалық санаты – 10,1. MPV магнитудасы – 4,1. Тереңдігі – 5 шақырым. МSК-64 бағаны бойынша сезілуі туралы мәліметтер жоқ.

Жердің дүмпуі неге жиілеп кетті? Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі Алма Садықованың айтуынша, Алматыда жақын жылдары магнитудасы жоғары жер сілкінісі болады. «Бірақ қашан болатынын айта алмаймыз. Өйткені, нақты ақпарат жоқ. Әзірге тек мәлімет жинап жатырмыз. Уақыты келгенде міндетті түрде хабарлаймыз. Ескертетін бір нәрсе – кез келген тұрғын сейсмикалық жағынан қауіпті аймақта тұрып жатқанын түсініп, жер сілкінген кезде не істеу керегін білгені жөн» деді ол.  

Сейсмологтардың мәліметінше, Алматы маңайында жер дүмпуі 100-150 жылдан бері жиі тіркеліп келеді. Соңғы рет 1911 жылы болған жер сілкінісі салдарынан қала опырылып, 400-дей адам опат болды.

Институттың қауқары қалай?

Сейсмология институты халық арасына анда-санда шықса да, басшылары жиі ауысады екен. 2018 жылдың ақпан айында басшылыққа көпшілікке таныс «Дос-Мұқасан» тобының негізін қалаушы Досым Сүлеев келген еді. Кейбір ақпараттарға сенсек, Сүлеев қызметке келгелі институттан өмірін осы салаға арнаған ғалымдар кете бастаған. Соның бірі – Сейсмология институтының экс-басшысы, талай жылдық тәжірибесі бар Әнуар Боранбаев. Боранбаевтан жер сілкінісінің неліктен жиілеп кеткені туралы пікір алғымыз келген.

Әнуар Кимұлына телефон соғып едік, ол қазір институтта жұмыс істемейтінін жеткізді. Ал маман ретінде ойын былай сабақтады:

«Инженерлік сейсмология жағын тереңірек білемін. Кешегі жер сілкінісі туралы не айтуға болады? 2016 жылы жақын арада жойқын жер сілкінісі тіркелуі мүмкін дегенді айттым. Бірақ қашан болатынын ешкім білмейді, дөп басып айту қиын. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Тіпті, технологиясы қарыштап дамыған Жапония да жер сілкінісі болатынын нақты білген жоқ», –  деді.

Боранбаевтың бұған дейінгі сұхбаттарын шолып шыққанда мәселені әріден іздепті.

«Бұл салаға келгенде бәрі былығып кеткеніне куә болдым. Сейсмикалық салаға ақша жетпейді, дұрыс бөлінбейді. Институт маманының орташа жалақысы – 52 мың теңге. Бұдан бөлек құрал-жабдықтарды жаңартып, ғылыми ізденістерге ақша бөлуді талап етеді. Қалай? Соңғы рет құрал-жабдық 2001 жылы ғана жаңарған» деген ол.

Бәлкім, институт мамандарының жер сілкінісі туралы болжам ақпаратты болғанға дейін емес, кейін таратуы да содан шығар...    

Тегтер: