USD
USD
USD

Екі адамның жұмысын істейді: алаяқтар тегін хабарландыру сайттарында қалай әрекет етеді

Интернет-алаяқтар – тегін хабарландыру сайттарының тұрақты «қонақтары». Көпшіліктің ойынша, мұнда тек сатып алушылар ғана алданады, бірақ іс жүзінде сатушылар да жиі құрбан болады. Кейде алаяқтар бірден екі тарапты да алдайды. Төменде осындай алаяқтық схемасын егжей-тегжейлі түсіндіреміз.

Кaspi.kz
Фото: Кaspi.kz

Схема қалай жұмыс істейді?

Ол бірнеше кезеңнен тұрады әрі біршама күрделі:

1-қадам: Алаяқтар қымбат тауар туралы шынайы хабарландыруды көшіріп алады да, ондағы байланыс деректері мен бағаны өзгертеді. Мысалы, соңғы үлгідегі жаңа iPhone-ды небәрі 250 мың теңгеге «сатамыз» деп жазады. Ал мұндай смартфондардың нақты бағасы 624 мың теңгеден басталады.

2-қадам: Хабарландыру жарияланғаннан кейін бірден әлеуетті сатып алушылар қоңырау шала бастайды. «Неге сонша арзан?» деген сұраққа алаяқтар нақты жауап бермейді. Оның орнына арзан бағаға қызығып жатқандардың көп екенін меңзейді. Осылайша, олар жасанды сұраныс тудырып, адамды асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Дәл осы асығыстық жағдайды дұрыс бағалауға және алдауды дер кезінде тануға кедергі келтіреді.

Кaspi.kz
Кaspi.kz

3-қадам: Жәбірленуші тауарды сатып алуға келіскен соң, алаяқтар көпшілік жиналатын жерде кездесу белгілейді. Сол жерде тауарды көзбен көріп, соңғы шешім қабылдау ұсынылады. Бірақ маңызды бір ескерту жасайды: тауарды өздері әкеле алмайтынын, оның орнына «інісінің» немесе «танысының» баратынын айтады.

4-қадам: Осыдан кейін алаяқтар шынайы сатушыға хабарласып, бұл жолы өздерін сатып алушы ретінде таныстырады. Тауарды дәл сол белгіленген жерде көруді ұсынады.

5-қадам: Алаяқтар шынайы сатып алушы мен сатушының кездескен сәтін сырттай бақылайды. Өздері кездесуге келмейді. Оның орнына сатып алушыға қоңырау шалып, тауар ұнаған-ұнамағанын сұрайды. «Иә» деген жауап алған соң, төлем жасауды сұрап, банк картасының деректерін жібереді. Мұнда тағы бір маңызды шарт қойылады: төлем туралы «інісіне» тіс жармауды және ақшаны үнсіз аударуды сұрайды. Ал нағыз сатушы сол жерде тұрып, бұл туралы бейхабар болады – ол әңгімені естімейді және сөз өз тауары жайында болып жатқанын білмейді.

6-қадам: Сатып алушы көрсетілген деректер бойынша ақша аударады да, сатушыдан тауарды сұрайды. Ал сатушы, әрине, алдымен төлем жасауды талап етеді. Дәл осы сәтте алаяқтық әшкереленеді, бірақ бәрі тым кеш болады.

Банк аударымды кері қайтара ала ма?

Жоқ. Егер ақша алушының шотына түсіп қойса, заң бойынша банк оны алушының келісімінсіз кері қайтара алмайды.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

Біріншіден, қымбат тауарлар нарық бағасынан бірнеше есе арзан ұсынылған хабарландыруларға сенбеңіз. Ешбір сатушы өзіне зиян келтіріп, тауарын арзанға сатпайды.

Екіншіден, тауарды офлайн сатып алсаңыз, сатушыдан төлем деректерін міндетті түрде жеке өзінен нақтылап алыңыз.

Үшіншіден, тауарды тікелей сатушының өзінен сатып алыңыз. «Інісі», «танысы» немесе басқа делдалдар арқылы келісім жасаудан бас тартыңыз.

Төртіншіден, өз көзіңізбен көрмеген тауар үшін «алдын ала төлем» немесе «кепілақы» ретінде ақша аудармаңыз.

«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында Kaspi.kz-тің YouTube-арнасында дәл осындай алаяқтық схема көрсетілген бейнеролик жарияланды.

Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ең жиі кездесетін алаяқтық схемалар туралы бейнероликтер сериясын дайындады. Бұл материалдар халықтың алданып қалмауы үшін жасалған. Бейнероликтерді Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасынан көруге болады.

Қазір оқып жатыр

Балалар лагерьлерін енді ескертусіз тексереді

лагерь

Ақтауда полицейлер тұрғындарға бет-әлпетті жабу нормаларын түсіндірді

.

Азаматтар зейнетақы жинағының жеткілікті шегін көтеруге қарсы

.

Халықтың рубльге деген сұранысы күрт өсті

.