USD
USD
USD

Ерлі-зайыпты Жанабыловтар сотталды

Астанада ерлі-зайыпты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі жарияланып, екі айыпталушы да кінәлі деп танылды. 

жанабылов
Фото: instagram.com/zhanabylov_e

Астана, NEGE. Сот үкіміне сәйкес, блогерлер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде – 247 млн теңге табыс тапқаны, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Қылмыстар жиынтығы бойынша Ерболат Жанабыловқа мүлкін тәркілей отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда сот бұл жазаны шартты деп танып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіледі. Яғни, блогер бостандықта қалды.

Бірақ ол тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ескертусіз өзгерте алмайды, сондай-ақ арнайы рұқсатсыз елді мекеннен шығуына тыйым салынды. Сонымен қатар оған ойын-сауық орындарына бармау, медициналық негіз болмаса психобелсенді заттарды қолданбау міндеттелді. Егер жұмысы немесе оқуы болмаса, бір ай ішінде жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ түнгі уақытта үйден шығуына шектеу қойылады.

Эльмира Төлегеноваға да 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда оның кәмелетке толмаған балалары бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды. Бұл кезең ішінде ол заң талаптарын бұзбауы тиіс.

Бұған дейін сот отырысында прокурор Олжас Хайруллаев процессуалдық келісім аясында дәл осындай жаза сұраған. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, айыпталушылар келтірілген шығынды толық өтеп, 247 млн теңгеден астам қаражатты мемлекетке қайтарған.

Еске салайық, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты ерлі-зайыпты Жанабыловтарға қатысты әкімшілік істі қараған болатын. Заңсыз лотерея өткізу дерегі бойынша іс тоқтатылып, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар экономикалық тергеу органдарына жолданған.

Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, Instagram желісінде миллиондаған жазылушысы бар ерлі-зайыпты онлайн-курстар сату арқылы табыс табумен қатар, заңсыз лотерея ұйымдастырған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар жүлделерді өз қаражатынан алып отырғандай әсер қалдырып, іс жүзінде қатысушылардан жиналған қаржы есебінен сатып алған.

Соттағы соңғы сөзінде Эльмира Төлегенова болған оқиға үшін жауапкершілікті түсінетінін айтып, процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдірген еді.

Қазір оқып жатыр

Израиль президенті Астанаға келді

ақорда

Мәсімовтің іздеуде жүрген бұрынғы күйеу баласы Бішкектен табылды

Азамат Қапенов

Прокурор ерлі-зайыпты Жанабыловтармен қандай келісімге келді?

жанабыловтар

Балалар лагерьлерін енді ескертусіз тексереді

лагерь