Мәсімовтің іздеуде жүрген бұрынғы күйеу баласы Бішкектен табылды
Қаржы мониторинг агенттігі іздеу салған Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы, «ҚазТемірТранс» компаниясының бұрынғы вице-президенті Азамат Капенов Қырғызстаннан табылды. Elmedia мәліметінше, ол қырғыз паспортын көрсетіп видео түсіріп, оны редакцияға жолдаған.
Астана, NEGE. ҚМА халықаралық іздеу жариялаған Азамат Капеновтің нақты қайда жүргені бұған дейін белгісіз еді. Әртүрлі дереккөздерде оның Мәскеуде, Дубайда немесе Еуропа елдерінде болуы мүмкін екені айтылып келген.
Ал Капеновтің айтуынша, ол өзіне халықаралық іздеу жарияланғанын Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген кезде білген.
«Сөзінше, ол әдейі жасырынып жүрген жоқ, өйткені 2018–2019 жылдардан бері елге сирек келген. Халықаралық іздеу жарияланғаны туралы хабарды ол Біріккен Араб Әмірліктерінде жүргенде естіген. Қаулыны оған Мәскеудегі адвокаттары жіберген. Кейін бұл ақпаратты өз байланыстары арқылы тексеріп, «елден ұшып шықсаң, бірден ұсталасың» деген жауап алған», – делінген редакцияның жазбасында.
Оның айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде іздеуде жүрген адамдарды басқа елдерге беру процесі өте тез жүреді. Сол себепті ол елден бірден шығуға тәуекел етпей, біраз уақыт көзге түспей жүрген.
Көрсеткен құжаттарына қарағанда, ол 25 наурызда БАӘ-ден ұшып шығып, 26 наурызда Қырғызстанға жеткен.
Еске сала кетейік, Қазақстанда Қапенов қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу материалдарына сәйкес, ол қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде үлестес компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған. Салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Қапеновке халықаралық іздеу жарияланды. Сот оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.