20 Сәуір 13:52
...

Мұхтар Сеңгірбай. Демократия деген не өзі? Маған оның не қатысы бар?

Фото:

Кейде қарапайым нәрселерді түсіндіруге тура келеді. Демократия – халық билігі, оның сізге де, маған да, бәрізімге де қатысы бар. Қарапайым тілмен айтсақ, елдің болашағы, дамуы соған тәуелді. Сонда қалай?

Айталық, сіз тұратын ауылдың үлкен жері бар. Ол жердің игілігін сол ауыл халқының бәрі көргісі келеді. Демократиялық қоғамда сол жерді игеруге байланысты түрлі ой-пікір ашық айтылады, үздік жобалар талқыға түседі, еленіп-екшеледі, ақша салып, тиімді қайтарым алу жолдары іздестіріледі. Оның жоспары, сметасы, инвесторлары, қадағалау тетіктері, барлығы бүге-шігесіне дейін тәптіштеліп, ол ережені ақсақалдар алқасы (парламент) мақұлдайды, әкім (президент) қол қояды. Айталық, жерге шағын сүт және ет зауыттарын, киім фабрикасын салып, ауылға – өнім, сауда, халыққа – жұмыс беретін болып келісті делік. Оның шығындарын, мерзімін қадағалап отыратын арнайы ұйымдар болдаы, басындағы қызметкерлер де ашық, жария түрде жұмыс істейді. Ауыл игілігін ойлайтындықтан, олар да ештеңені ұрламай, адал қызмет етеді.

Ал демокатия жоқ ауылда қалай болады? Әкім өз білім-білігінің шеңберінде, я айналасындағы екі-үш адаммен кеңесіп, бірдеңе ексе я бір өндіріс орнын салдырса жақсы. Ең қиыны – оны айналасындағы біреулерге, туған-туыстарына беріп, ешкімге игілігін көрсетпеу. Соның кесірінен тұрғындар басқа ауылға барып жұмыс істеуге мәжбүр болады, кедей өмір сүреді, әкімді сынап бірдеңе айтса, жазаланады, қудаланады. Қысқасы әлгі жердің игілігін ат төбеліндей адам ғана көреді. Ел ішінде бәсеке де, ұмтылыс та азаяды, жұрт әкімге жағымсып, әлгі жердің игілігін көріп қалуға тырысады.

Бізде демократия бар ма?

Өкінішке қарай, біз жыл өткен сайын демократиядан алыстап барамыз. Президенттен бастап лауазымды орындарға басшы сайлау, қоғамдық-саяси мәселелерді ашық талқылау, билік тармақтарының бір-бірін қадағалап, тексеріп отыруы деген механизмдер барған сайын нашарлап барады. Қазір елде іс жүзінде суперпрезиденттік және суперелбасылық режим қалыптасты. Парламент, сот, прокуратура сияқты органдар сол жүйенің қолына су құятын қолбаласы болып кетті. Шешімнің барлығы сол жақта қабылданады, балама пікір, сыни көзқарас, ой-пікір бәсекесі жоқтың қасы. Мұның салдары өте ауыр әрі ұзақ болмақ. Жас балаларың мемлекет туралы дұрыс түсінігі болмайтыны, сайлауға қатыспай, саясаттан алыс өмір сүретіні – мәселенің бір ғана қыры.

Демократия болса, байып кетеміз бе?

Дамыған елдердің басым көпшілігі – демократиялық елдер. Бұл ережеге бағынбайтын, басқаша кейстер де бар. Мәселен, БАӘ, Қатар сияяқты араб елдері демократияға жатпаса да, халқы бақуатты өмір сүреді. Ол елдерді бөлек алып қарастыру керек. Немесе керісінше, керемет демократия болса да, сіңірі шыққан кедей елдер бар. Ол елдерді де жеке зерттеу керек. Оған көбіне елдің саяси мәдениеті, азаматтық қоғам әсер етеді. «Қойшы, маған ғана тіреліп тұр ма?» деген немқұрайдылық немесе өзің заңға бағынбай, тәртіпті болмай, басқаларды жөндеуге тырысу, надандық, білімсіздік, себебі көп. Өкінішке қарай, мемлекет демократиядан алыстаған сайын елдің саяси мәдениеті де нашарлай береді. «Елдің бәрі жеп жатыр ғой», «мен ғана патриот болмайыншы» дейтіндер көбейеді, ұрлық-қарлық белең алып, халық пен билік арасындағы диалог нашарлайды, жұрт мүмкіндік болса, әділ, таза қоғамға көшіп кетуге тырысады.

Тегтер: