«Екі түйе сүйкенсе...» Күштік құрылымдардың текетіресі немен тынады?

2018 жылдың 3 ақпанында «Қазводхоз» РММ-нің Алматы облыстық филиалының директоры Сейілхан Мұхамадиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Талдықорған қаласындағы ғимаратының терезесінен секіріп, қаза болған еді. Сол іс бойынша ұлттық бюроның бірнеше шенді қызметкері жауапқа тартылып, қызметінен кеткен.
Осы жылдың шілде айының басында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Бас прокуратурасының қадағалауымен Астана қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлерінің үстінен «қызмет бабын асыра пайдалану» ісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, бюроның астаналық басқарма басшысының орынбасары Шыңғыс Мырзахметов уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.
Ш.Мырзахметов – «Қазводхоз» директорының өліміне байланысты қозғалған ҚР ҚК 105-бабының 1-тармағына сәйкес, «өзіне-өзі қол салуға дейін апару» айыбы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған ұлттық бюро қызметкерлерінің бірі.
2018 жылы күзде аталмыш бюро қызметкерлері астаналық мемлекеттік кіріс басқармасы басшысының орынбасары мен Нұр-Сұлтан әуежайы шекаралық бекетінің басшысын және сол мекеменің бір қызметкерін жауапқа тартпақ болған. Әлгі азаматтар бұрын контрабанда бойынша істі боп, алтын бұйымдарды елге тағы заңсыз әкелмек болған күдіктіден пара алу фактісі бойынша тұтқындалған еді. Алайда, тұтылған кісілерді жемқорлықпен күресуші органның қызметкерлері қылмысқа итермелегені анықталып, іс тоқтатылған.
15 қараша күні Саран қаласында бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысында оның қорғаушысы Хамида Айтқалиева прокурорлар Бауыржан Ғаббасов пен Олеся Кексельдің үстінен тергеу басталғанын айтты. Бұл істі ІІМ-нің тәжірибелі тергеушілерінен құралған топ жүргізеді. Тексеру жүріп жатқанын Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың өзі растады.
Бұдан өзге, сенімді ақпарат көзінен бізге келіп түскен мәліметке сенсек, Олеся Кексельдің үстінен Гүлнар Мұсабаева деген кәсіпкерден де шағым бар. Ол жөнінде қозғалған қылмыстық іс барысы жақын күндері белгілі болады.
Гүлнар Мұсабаева 2018 жылы 10 желтоқсанда Алматы қалалық тергеу изоляторына қаладағы жолайырықтарымен байланысты жемқорлық іске қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған. 2006 жылы оның күйеуі басқарған «Алғабас Девелопмент» ЖШС қаладағы көпір құрылыстарын жүргізу үшін «Казкомнан» 120 миллион АҚШ доллары көлемінде (қазіргі курспен 46 440 000 000 тенге) несие алған. Бұл қаржы ескі үйлерді сатып алу мен жол жұмысына жұмсалған.
Qazaquni.kz сайтының жазуынша, сол кезде Олеся Кексель Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің үстінен компромат жинаумен айналысқан.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер мұнымен де тоқтамайтын түрі бар.
Сенімді ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, елдегі тұтқындаулар мен тергеу істері – құқыққорғау органдарының арасында басталған астыртын текетірестің салдары. Және бұл жуық арада нүкте қойылатын дау емес.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Алик Шпекбаев пен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің арасындағы текетірес Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың үстінен қозғалған қылмыстық істен басталған тәрізді. Бұл істің тоқтатылуы және Мәнізоровтың қамаудан босап шығуы мен іске қатысты жария түрде түсініктеме беруі – көпшіліктің көз алдына А.Шпекбаев пен ол басқаратын ведомствоның беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Бұған ұлттық бюро ұстаған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуын қосыңыз.
Бізге жеткен тағы бір ақпарат бойынша, Мәнізоровтың босап шығуына «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басшысы Ахметжан Есімовтің қатысы болған сияқты. Өйткені Есімов пен Мәнізоровтың ортақ бизнес жобалары бар деседі. Бұдан бөлек, Мәнізоровтың қолында Шпекбаевтың батыл қимыл жасауына мұрсат бермейтін маңызды «көзірі» болуы мүмкін. Оның қандай «көзір» екені әзірге нақты емес.
Білетіндер «Шпекбаевтың ұлы Алматы қаласы мен Алматы облысында құрылыс бизнесімен айналысады» деседі. Бағдат Мәнізоровтың Алматы қаласындағы Алатау ауданының әкімі болғанын, кейіннен Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне ауысқанын ескерсек, әлгі «көзір» дәл осы мәселеге қатысты болуы ғажап емес...
Nege.kz