«Күштінің к...ті диірмен тартады». Зеленский НЕГЕ Трампқа барын беруге көнді?

Кеше Конгресстің алдында сөз сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Зеленский «үшбу хат» жолдағанын, оның бейбіт келісімге келуге, сирек металдарды игеру жөніндегі келісімге қол қоюға әзір екенін мәлімдеді.
«Жаңа ғана Зеленскийден маңызды хат алдым» деген Трамптың айтуынша, «Украина қауіпсіздігі үшін шикізатқа қатысты келісімге кез келген уақытта қол қоюға әзір». Одан бөлек, АҚШ президенті Зеленскийдің Ресеймен бейбіт келісімге келуге дайын екенін жеткізді. «Хатта тұрақты бейбітшілікті жақындату үшін Украинаның мүмкіндігінше тезірек келісім үстеліне отыруға мүдделі екені айтылған», – деді Трамп.

Сондай-ақ ол Ресейден «күшті сигналдар» жеткенін ескертіп, «Ресей үкіметі бейбіт келісімге дайын» деді. Бірақ Украинаға берілетін әскери һәм қаржылай көмектің тоқтатылғаны туралы ештеңе айтпады.
Зеленскийдің Трампқа «жолдаған хатының» қысқаша мәтіні мынадай екен: «Ешқайсымыз соғыстың үздіксіз жалғаса бергенін қаламаймыз. Тұрақты бейбітшілікті жақындату үшін Украина тездетіп бейбіт келісім үстеліне отыруға дайын. Бейбітшілікті украиналықтардан артық ешкім аңсамайды. Мен командаммен бірге күшті лидер Президент Трамптың қоласында жұмыс істеуге дайынмын. Соғысты тоқтату үшін біз шұғыл жұмыс істеуге білек сыбанып отырмыз...».
Мұны В.Зеленский Х әлеуметтік желісінде пост ретінде жариялаған. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп бұл жазбаны дипломатиялық каналдар арқылы Ақ үйге тікелей жолдаған хат сияқты көрсетіп отыр.
Бұған қатысты Украинаның АҚШ-тағы елшісі Оксана Маркарова мен Украина президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров түсініктеме берді.

Маркарова былай деді: «Аса қиын жағдайда да алға жылжып келеміз және байланыстарымызды дамытып, басымдықтарды арттыра береміз. Президентіміз Владимир Зеленскийдің хабарламасын президент Дональд Трамп халыққа жолдауы барысында оқып, «хат жолдағанын бағалайтынын» айтты».
Сергей Никифоров былай дейді: «Украина президенті ешкімге хат жолдаған жоқ, Трамп әлеуметтік желідегі жазба туралы айтып отыр».

Ал енді «Зеленскийдің хатын» Кремль қалай қабылдады? Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Кремль мұны оң бағалап отыр. «Жалпы алғанда бұл оң қадам болды, бірақ түйткілдер әлі өзгерген жоқ», – деді Песков.
Қалай болғанда да В.Зеленский Д.Трамптың дегеніне көніп, барын беруге мәжбүр болды. Өйтпеске амалы жоқ. Мұндайды қазақ «Күштінің к...ті диірмен тартады» деп бір-ақ ауыз сөзбен қорыта салған...