19 Наурыз 17:36
...

Елдегі өзекті мәселелер ашық талқыланып жатыр – Ринат Заитов

Ринат Заитов
Фото: Мәжіліс

Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Ринат Заитов үш жыл ішінде жүзеге асқан саяси реформалардың аралық қорытындыларына тоқталды.

Астана, NEGE. Оның айтуынша, елімізде үлкен жетістіктерге қарай нық қадам жасалып келеді. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси институттарға және халықтың үнін жеткізетін азаматтарға артқан сенімінің нәтижесі.

«Қазақ үшін қашаннан да бері елдің аманаты мен сенімінен ауыр жүк жоқ. «Дөп» бассаң – ел үмітін ақтаған ерсің, «қалт» бассаң – жаудан бетер езсің! Кейде тіпті көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, «Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па? Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелер қозғайды» деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі біз – бір мемлекетпіз», – деді Ринат Заитов.

Сонымен қатар ол соңғы жылдары Мәжіліс пен мәслихаттар арасындағы байланыс нығайып, өңірлік деңгейде де белсенді жұмыс жүріп жатқанын айтты. Бұл үдерісте «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумдары үлкен рөл атқарғанын атап өтті. Ринат Заитов Мәжілісте апта сайын депутаттардың үкімет мүшелеріне сауал жолдап, өткір сұрақтар қойып отырғанын айтты.

Оның пікірінше, Мәжілісте қоғам белсенділері мен сарапшылардың қатысуымен елді толғандыратын мәселелер ашық әрі бүкпесіз талқыланып келеді. Бұл үрдіс халықтың билікке деген сенімін қайта тірілтуге ықпал етіп отыр. Депутат елдегі өзекті мәселелер қоғам өкілдерімен және сарапшылармен бірге ашық талқыланып жатқанына да назар аударды. 

«Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді», – деді Ринат Заитов.

Сонымен қатар депутат қоғамдағы рухани дағдарыс мәселесіне де тоқталды. Ол рухани тозудың, қатыгездіктің артқанын атап өтіп, бұған тұрмыстық қиындықтар, тәрбиенің әлсіреуі және әлеуметтік желідегі теріс ақпараттар ықпал етіп отырғанын айтты. Бұл ретте тәрбие жұмысын күшейтуді, жас ұрпақтың бойына мейірім, әділеттілік пен мемлекетшілдікті насихаттайтын контентті дамыту қажеттігіне тоқталды.

«Тәрбие тал бесіктен дегендей, Қазақстандағы мультфильмнен киноға, балабақшадағы тақпақтан романдарға дейін адамдардың бойындағы мейірім мен бауырмалдықты, мемлекетшілдік пен әділдікті насихаттауы керек. Сонда ғана біз Қазақ мемлекетінің байрағын құлатпай, мәртебесін асқақтататын ұрпақ өсіре аламыз. Қазақ мемлекетінің материалдық емес құндылықтарын қайта түгендеп, оны жастардың санасына сіңіру – біздің міндетіміз», — деп қорытындылады ол.