Петропавл-Қызылжар: Құмар Ақсақаловты қала әкімі «көрмей қалуы» мүмкін бе?
Кеше «Намыс» жастар қозғалысының мүшелері Петропавл қаласына арнайы барып, облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа қаланың атауын Қызылжар деп өзгертуге қатысты петиция тапсырды. Nege.kz тілшісі осы шараға қатысып, фото-видео репортаж жасаған-ды.
Бүгін informburo.kz сайтында «Петропавл әкімдігі қаланың атын ауыстыруға қатысты фотоларды фейк деп атады» деген мақала жарияланды. Онда қала әкімдігі Петропавл қаласының атын Қызылжар деп ауыстыруға қатысты фотоларды «фальшивый» деп атаған. Әкімдік тіпті «Намыс» жастар қозғалысының мүшелері облыс әкімдігінің алдында арнайы акция өткізгенін де білмейтін болып шықты. Өйткені жастардың облыс әкімдігі алдында плакат ұстап түскен фотоларын да «өтірік» деп мәлімдепті.
Жастар облыс әкімдігі алдында. Автор: Арман Құдайберген.
«Эксклюзив! Қызылжар деген жазуды «қызыл жағалылар» НЕГЕ алып тастады?» деген мақалада тілшіміз қайтар жолда «Петропавлға қош келдіңіз» деген жазудың маңында құқық қорғау органы қызметкерлерінің қаптап жүргенін, «Қызылжар» деген плакатты әлдебір «қызыл жағалылардың» алып тастағанын жазған болатын. Бәлкім, «қызыл жағалылар» әкімдік қызметкерлерінің өздері шығар?!
Бір қызығы, informburo.kz сайтындағы әріптестеріміз Nege.kz тілшісінің фотоларына автор ретінде «Мухаммед Конкаев» деген әлдекімнің атын жазып қойыпты.
Сайттан скриншот.
Айтпақшы, жастардың облыс әкімдігі алдында түскен суретінің артқы фонында сүліктей қара «мерседес» тұр. Тілшімізге әкімдік қызметкерінің айтуынша, дәл осы «мерседес» – облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қызметтік көлігі.
Фото: Nege.kz
Фото: Тengrinews.kz
Ақсақаловтың «мерседес» мінетініне дәлеліміз бұл ғана емес. Жуырда тengrinews.kz сайты «Облыс әкімдері қандай көлік мінеді?» деген зерттеу жариялаған. Сонда СҚО әкімі Қ.Ақсақаловтың тақымында 2016 жылы шыққан «мерседес-бенц» жүргені айтылады. Міне, дәл сол «мерседес» тілшіміз түсірген фотоның артқы фонында тұр және әкімдіктен шығып келе жатқан екі адамның бірі Құмар Ақсақалов болуы әбден мүмкін.
Сонда Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков облыстың дардай әкімі Құмар Ақсақаловты «көрмей қалуы» мүмкін бе? Әлде бұл «көрмес – түйені де көрместің» кері ме?