Олигархтың ақыры. «Еуразиялық үштік» құрған бизнес-империя НЕГЕ күйреуі мүмкін?

Биыл 22 наурызда әйгілі «еуразиялық үштіктің» лидері, олигарх Александр Машкевич қайтыс болды. Ол Қазақстанның шекарасын аттаған 1994 жылдан бергі отыз жылдан астам уақытта талай қым-қуыт оқиғаның куәгері болдық...
Фрунзеде қалған филолог
А.Машкевич 1954 жылы Фрунзеде (қазіргі Бішкек) иммигрант еврейлердің отбасында туған. 1970 жылы ол Фрунзеде мектеп бітірген соң Қырғыз мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 1981 жылы 27 жасында «Педагогика мен психологияның теориясы мен тарихы» деген тақырыпта диссертация қорғап, сол жылы филология факультетінің деканы болып тағайындалады. Егер филология саласын індетіп зерттей берсе, ол атақты ғалым болар ма еді, бәлкім, кім білсін. Алайда Александр Машкевич бизнеспен айналысуға бел байлайды да, Мәскеу асады.
Кейбір деректер Машкевичтің ғылыммен айалыса жүріп бизнесін Фрунзе көшелеріндегі дәретханалардан бастағанын айтады. Бірақ бұл туралы толымды дерек жоқ. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, ол Горбачевтың қайта құруы кезіндегі дағдарысты өте тиімді пайдаланып, 1994 жылы Қазақстанға келген. Өзі ғана келген жоқ, Патох Шодиев пен Алдижан Ибрагимовты ерте келді.
Одан бергідегі «еуразиялық үштіктің» ісі көз алдымызда: олар тез арада сұмдық байыды, жемқорлықпен байланысты шатақ істерге шатылды, кадр мәселесіне де араласып кетті. Бір сөзбен айтқанда, бұл «үштік» бұрынғы биліктің негізгі тіректерінің бірі – олигархияның нағыз мысалына айналып шыға келді.
- Олигархия – көне грек тілінен аударғанда «ат төбеліндей ғана топтың билігі» дегенді білдіреді. Олигарх – мемлекеттік саясатқа ықпалы бар, кадр мәселесіне араласатын және белгілі бір саланы билеп-төстеп отырған бизнес-лидер.
«Мафия жіберген инвестор»
Үш жыл бұрын «Уақыт көрсетеді» youtube арнасында өзбек кәсіпкері Сәлім Әбдуәлиевпен (Сәлімбай) сұхбат жарияланды.

Осы сұхбатта Сәлімбай былай дейді: «Қазақстанда бизнес қалай пайда болды? Маған көптеген құрметті адамдар келіп, «сіздің елде бизнес жасайық» деді. «Біз әлі дайын емеспіз» дедім. Ештеңе айта алмадым. Өйткені біздің сол кездегі президент (Ислам Каримов – ред.) өте қатал еді. Мен оларды Қазақстанға жібердім. Түсініп отырсыз ба, Қазақстанға жібердім! Ол кезде премьер-министр Қажыгелдин болды. Ол бизнесмендер жас еді, арасында қазақтар да, өзбектер де, еврейлер де бар. «Қазақстанға барыңдар, өзім бақылап, көмектесіп отырам» дедім.
Алғашқы үлес 50 млн доллар болды. Екінші рет кіру – 250 млн доллар. Маған дейін Қазақстанда бизнес болды деп ешкім айта алмайды. Бизнесмендердің бәрін мен жібердім. Маған көп адамдар келетін, аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын. Бизнесті бастаған – ағайынды Черныйлар. Ал Машкевич, Шодиевтер біздің арамызға өздері кірді. Мен олардың бәріне бірдей қарадым...»
«Өзбекстанның қылмыс әлемінің серкесі» атанған Сәлімбайға сенуге бола ма? Біздің ойымызша, сенуге болады. Өйткені Сәлімбайдың сөзін қазақстандық кәсіпкер Болат Әбілев Елмедиа youtube арнасына берген сұхбатында растады.
«...1994 жылы күзде «Қазақстанға орыс мафиясы келе жатыр» деген хабар жетті. Бірден президент Назарбаевқа айттық. Назарбаев үстелді тоқпақтап, «тексереміз» деген. Бірақ көп ұзамай қылмыс әлемімен байланысы бар, өте пысық ағайынды Черныйлар Қазақстан билігінен қолдау тауып, келісім жасай бастады.

1995 жылы көктемде үлкен жекешелендіру басталды. Оған біз де қатыстық. Біз Мұхтар Жәкішев екеуміз «Қарметкомбинатты» алғымыз келді. Машкевичтің «еуразиялық тобы» хром, аллюминий, темір, көмір кеніштерін алып үлгерді. Сол кезде-ақ ешкім танымайтын Александр Машкевич «кез келген сома төлей аламын, мейлі 100 млн доллар болса да» деп мақтанған. 1994-95 жылдары 100 млн доллар – сұмдық ақша! Мұнша ақшаны олар қайдан алды?
1995 жылы көктемде Мұхтар Жәкішев екеуміз Стамбұлдан ұшып келе жатып, ұшақ бортында Сәлімбаймен кездестік. Ол бізге: «Машкевич, Шодиев, Ибрагимовты білесіңдер ме? Олар – біздің адам. Сендердің кеніштеріңді сатып алсын деп әдейі жібердік. Оларға ақшаны біз бердік. Олар бізге жұмыс істейді», – деп ашық айтты», – дейді Б.Әбілев.
Сонда «инвестор машкевичтер» Қазақстанға мафияның ақшасын әкелген бе? Сәлімбайдың сөзіне, Әбілевтің растауына қарағанда, солай боп тұр.
- Сәлімбай Әбдуәлиев (Сәлімбай) – қылмыс әлемімен байланысы бар өзбек кәсіпкері. Жасы 75-те. 2024 жылы 19 наурызында Ташкент қаласының Мирабад аудандық соты Сәлімбайды «қару-жарақты заңсыз сақтағаны үшін» 6 жылға бас бостандығынан айырған. Биыл қаңтарда ол денсаулығына байланысты түрмеден босатылды.
«Кілемге орап берген пара»
Бірер жыл бұрын ERG мен оның қожайындары Латын Америкасында дауға шатылғаны есте. Мәселе былай: Гватемала прокуратурасының мәлімдеуінше, әлдебір «ресейлік топ» елдегі ең ірі порт Санто-Томас-де-Кастильяда жаңа терминал салуға президент Алехандро Жамматтейдің разылығын алу үшін оған пара берген. Олар қолма-қол ақшаны президентке кілемге орап апарған.
Гватемаланың жемқорлыққа қарсы күрес органы бұл істі тергей бастағанда ведомствоның басшысы Хуан Франциско Сандовал іле-шала жұмыстан қуылып, артынша барлық дәлел құжаттарды қолтықтап елден қашқан. Кейін оның өзі «құпия деректерді жариялап жіберді» деген айыпқа іліккен. «Құпия дерек» дегеннің ішінде Гватемала президентіне пара бергендердің ісі де бар.
- Тақырыпқа орай: «Президентке ақшаны кілемге орап апарған». Машкевич пен оның достары тағы дауға шатылды
Гватемалалық Elperiodico басылымының жазуынша, сол тұста швейцариялық компания International Metal Supply (IMS) басшысы Марина Поцци Педулла Гватемаланың Ұлттық порт компаниясына өзінің еншілес құрылымын (IMS Atlantic Bulk Cargo) ұсынып, Пуэрто-Барриов қалашығындағы портқа жаңа терминал салатын үміткер ретінде таныстырады.

Екі айдан кейін IMS Atlantic Bulk Cargo Гватемаланың сауда реестрінде тіркеледі. Оның мекенжайы тау-кен өндірісімен айналысатын Mayaniquel SA компаниясының еншілесімен бірдей болып шығады. Фирманың заңды өкілі болып Андрей Антонов деген азамат тағайындалады. Әңгіме портта аумағы 150 мың шаршы метрден кем емес, құрылысы біткен соң жылына 5 млн тонна қатты әрі төкпелі материалдарды өткізе алатын терминал жөнінде болған.
Ал енді бұл компаниялардың «еуразиялық үштікке» қандай қатысы бар? Жоғарыда сөз болған Марина Поцци Педулла Швейцарияда тіркелген тағы бір компания Telf AG-тың да басшысы екен. Бұл құрылым ERG өнімдерінің сыртқы трейдері саналады. Ал ERG өнімді Қазақстандағы кеніштерден алады. Яғни International Metal Supply компаниясы International Mineral Resources-пен байланысты. Соңғысы ERG-ге тиесілі.
Сандовалдың дерегінше, «порт салуға келген ресейлік қонақтар» өздерімен бірге кілемге орап көп ақша әкелген. Сыйлықты қызыл лентамен байлап, Гватемала президенті Алехандро Жамматтейдің резиденциясына апарған. Кілемге оралған ақша берілген соң бірнеше айдан кейін Антонов порт жерінің әр шаршы метрі үшін төленетін 4,5 долларды 1 долларға дейін азайтуды сұрайды, ал үкімет оның өтінішін орындаған...
Жүрген жеріне шөп шықпайтын «еуразиялық үштік» осылайша Қазақстанды да халықаралық дауға салып жіберуге шақ қалған жағдайлар да болған.
- Алехандро Эдуардо Жамматтей Фалья, гватемалалық саясаткер. Ол 2020-2024 жылдары Гватемаланың президенті болды. Өткен жылы АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті оны«жемқорлыққа қатысы бар» деп айыптап, Құрама штаттар аумағына кіргізбеу туралы шешім қабылдады. Жуырда Ұлыбритания да «ресейліктерден пара алды» деп, оған санкция салды.
Олигархтың «дәрігер досы»
Жоғарыда біз сөз еткен шатақ оқиғаға қатысты сол тұста бірқатар адамдардың аты-жөні аталған. Бір қызығы, «президентке кілемге орап пара бергендердің» арасында Қазақстан азаматы да бар. Ол – Александр Солоп.
Солоп Алматыдағы №4 жедел жәрдем стансасында дәрігер болып жұмыс істейді және қымбат бизнес-джеттермен шетелде саяхаттағанды жақсы көреді. Ал енді миллиардер Александр Машкевич пен алматылық қарапайым фельдшерді не байланыстырады?


Тілшіміз А.Солоптың өзімен тілдесу үшін №4 жедел жәрдем стансасына арнайы іздеп барған. Станса басшылығы Солопты не үшін іздеп келгенімізді естіп, таң-тамаша қалды.
Ал Солоптың өзімен тілшіміз телефон арқылы тілдесті. Алайда ол «мен ештеңе білмеймін» деп азарда-безер болып, басын ала қашты. Машкевичпен қандай байланысы барын, олигарх жеке ұшағын оған не үшін мінгізіп қойғанын түсіндіріп бере алмады.
Миллиардермен дос болу қылмыс саналмайды, әрине. Алайда ол миллиардердің көлеңкелі істері көп болса, өзге елдің президентіне «кілемге орап пара берсе», ол достықтың өңі өзгеріп сала бермек. Бұл істе түйіні шешілмеген жұмбақ көп. Алматылық дәрігердің түсініктеме беруден бас тартақанында да бір гәп бар сияқты...
ERG-ді қайтарып алуға бола ма?
Александр Машкевич өмірден өткеннен кейін ERG-де буын ауысу процесі аяқталды. Бірақ әйгілі үштіктің билікке келген балалары мен өкілдері арасында өзара келісім жоқ.

ERG-дің атқарушы директоры, директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов әріптестері Сабир Шодиевпен және Эдуард Сурлевичпен тіл табыса алмай жүр. Мәселен, Ибрагимов оларға «Еуразиялық банкті» сатуға рұқсат бермей қойды. Соның салдарынан Ш.Ибрагимов Машкевич-Шодиев отбасы мүшелерімен соттасып та үлгерді.
Бұдан қандай ой түюге болады? ERG-дің тізгін-шылбырын ұстаған үштік: Ибрагимов-Шодиев-Сурлевич арасында бұрынғы «еуразиялық үштік» Машкевич-Шодиев-Ибрагимов сияқты өзара түсіністік, ауызбіршілік жоқ. Ал ауызбіршілік жоқ жерде ештеңе де жоқ. Бұл жағдай корпорацияның жұмысына зиянын тигізетіні сөзсіз. Бұған біз бей-жай қарауға тиіс емеспіз, өйткені ERG-дің 40% үлесі Қазақстанның меншігінде, яғни онда Сіз бен біздің үлесіміз бар.
Корпорация басшылары арасындағы қазіргі ахуалды Қазақстан Үкіметі өз пайдасына шешуге тырысуы керек. Біз мұны бұған дейін де айтқанбыз. Әрине, бұл Митталмен ат құйрығын кесіскеннен қиындау болуы мүмкін, оның бірнеше себебі бар. Дегенмен, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» мәселені шешуге әбден болады. Бұл жөнінен біздің Үкіметтің тәжірибесі жоқ емес, ол үшін ең алдымен саяси шешім, одан соң батылдық қажет.
- ERG (Eurasian Resources Group) – тау-кен өндірісі бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Әлемнің 20 елінде жұмыс істейді. ERG акцияларының 40% – Қазақстанға, 20,7% – Александр Машкевичке, 20,7% – Мұқадасқан Ибрагимоваға (марқұм Алиджан Ибрагимовтың жесірі), 18,6% – Патох Шодиевке тиесілі.