1 Қыркүйек 17:21
...

Жолдауда не айтылды, не айтылмады?

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында бірқатар өзекті саяси мәселелерге тоқталды. Соларға ретімен тоқталып өтсек, маңызды нәрселердің бірі – өзін-өзі басқару. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент сол бойынша сәйкес заңдар жиынтығын қабылдайды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлауға болады деп ойлаймын», – деді Президент.

Бұдан былай Қоғамдық кеңестердің рөлі арта түспек. Мемлекет басшысының пікірінше, оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігі қарастырылмақ.

Баспасөз беттерінде жиі көтерілгенімен, назардан тыс қалып келе жатқаны мәселе – қос азаматтық. Өзге елдер азаматтарың ел тізгінін ұстап, түрлі мекемелерде басшы болып отырғаны оқтын-оқтын сөз болатын. «Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады», – деді Президент. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек екеніне баса мән берілді.

«Адам құқықтарын қорғау бойынша жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл – басым бағыттағы шешілуі тиіс проблема. Бүкіл әлем сияқты, Қазақстан да азаматтардың интернетте қудаланудан қорғалмау жағдайына тап болды. Бұдан бірінші кезекте балалар зардап шегеді. Өкінішке қарай, олар интернеттегі қудалауды ерекше жақын қабылдайды, оның салдары қайғылы жағдайға әкеліп соғады», – деп мәлімдеді Тоқаев.

Көтерілген мәселелердің маңыздылығына баға беру – сарапшылардың құзырындағы шаруа. Олар не дейді екен? Құлақ түріп көрейік.


Елнұр Бейсенбай, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:

Хайпократияға жол жоқ

– Бүгінгі Жолдаудың маңыздылығы сол, әлеуметтік бағыт қана емес, саяси реформалар мәселесі де қатар көтерілді. Биыл мемлекеттік қызметкерлердің санын 10 пайызға, келесі жылы – 15 пайызға, жалпы 25 пайызға дейін қысқарту жақсы шешімдердің бірі болды. Өйткені, оңтайландыру әрқашан кадрлардың сапалы жұмыс істеуіне түрткі болады.

Екінші мәселе – ауыл әкімдерінің сайлануы. Бұрын бізде үлгі, тәжірибе ретінде қолға алынғанмен, іске аспай қалды. Осы жолы халық та, ауыл да жергілікті биліктің сайланбалы болуына дайын секілді. Халықтың саяси мәдениеті өседі. Бұл бірте-бірте ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерінің сайлауына алып келеді. Әлеуметтік мәселелерге келсек, мұғалімдер жалақысының 25 пайызға көтерілуі әлеуметтік саясаттағы маңызды шешім болды.

Мемлекет басшысы хайпократияға жол берілмейтінін нықтап айтты. Бұл – өте маңызды нәрсе. Популистік идеяларды емес, жүйелі мәселелер шешімін қолдауымыз қажет деп есептеймін. Петициялар саяси күшке ие болады. Яғни петициялар арқылы жергілікті мәселелерді көтеру мүмкіндігі туып отыр. Бұл – мәслихат пен халық арасында тікелей байланыс орнатудың бірден-бір жолы. Мәслихат депутаттары өз көзқарасымен ғана емес, халықтың да пікірін ескеретін болады.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Классикалық үлгіге жақындайтын түрі жоқ

– Президент бір сөзінде саяси реформа керек дегенді айтып қалған еді. Реформатор келе жатыр екен деп ойладым. Мен ҚазҰУ саясаттанудан сабақ беремін.

Ең маңызды нәрсе – биліктің үш тармағы. Солар теңестіріледі. Парламенттегі партиялар бір-бірімен сайлауда күреседі. Бір жағы оппозицияға шығады. Бұл – классикалық үлгі.

Осы классикалық үлгіге жақындайтын түрі жоқ. Енді бастайды-ау деп едім. Көңілімнен шықпай тұр. Былтырғы мәселелер қайталанды.

Мақсат Жақау, аймақтанушы:

Құлақ аса бастады

– Президент жер сатылмайды деп нақты айтты. Президент жолдауы қоғамда айтылып келе жатқан мәселелерге биліктің құлақ асқанын көрсетті. Ескеріп қана қоймай, қолға алғаны да байқалады. Саяси, әкімшілік реформаларды әрі қарай күшейте беруі керек. Жемқорлыққа қатысты фактілер болса, басшының орнынан кететіні, қылмыстық қатаң жазаға тартылатыны айтылды. Саяси партиялардың әр алуан пікірлерді ескеретін қоғам құруды әрі жалғастыра беретінін де ескертті. Жергілік басқару, әсіресе, мәслихаттардың рөлін күшейту – маңызды бастама. Тіпті, әлеуметтік желілердегі петициялар арқылы қоғам үні, проблемалар ашық көрсетіледі.

Банктердің, ұлттық компаниялардың жұмыстарында да қоғамдық кеңестердің өкілеттілігі артып, бақылау күшейтілмек. Дұрыс бағыт. Бұрын ол жерлерге қоғам өкілдері тұрмақ, журналистердің өзі бас сұға алмайтын. Ресурстардың қалай жұмсалып жатқанын қоғамның осылай бақылап отырғаны жөн.

Тегтер: