Жоғалту, жетпей қалу, бұрмалау: Смайылов Исабаевтан 23 млрд теңгенің есебін сұрамақ
Жоғарғы аудиторлақ палата (ЖАП) облыс әкімдіктерінің қаржылық есебін сыпыра тексеріп келеді. Бұған дейін Әлихан Смайылов басқаратын ЖАП Ұлытау облысынан 36,4 млрд теңгеге тең түрлі бұзушыылықтарын анықтаған. Ал мамырдық соңында ЖАП аудиторлары 2022-2023 жылдары Жетісу облысы да қыруар қаржылық қателіктер жібергенін мәлімдеді.
ЖАП есебінде былай дейді: «Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген тексеру шараларының нәтижесінде 2,6 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары, 20 млрд теңгеден астам қаржының тиімсіз жоспарланғаны және жұмсалғаны, сондай-ақ 226 рәсімдік заңсыздықтар анықталды».
Жетісу облысы аграрлық өңір болып еесептелсе де, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға қатты тәуелді. Трансферттерді есептемегенде жергілікті кірістер жалпы шығыстардың 16%-ын ғана жабады. Жыртығы тек республикалық бюджет арқылы жамалып жатқаны өңірдегі «кейбір бастарға» тиімді сияқты. Мемлекет қаржысын біліп-білмей тиімсіз жұмсау, олақ жоспарлау, пайдаға жарата алмау қыруар шығынға ұрындырып жатыр.
«Сіздерде өңірлік индустриалдандыру картасында 32 жоба бар. Алайда олардың үшеуі жұмыс істемейді, тағы үшеуін іске асыру тоқтатылды, бір жоба тоқтап тұр. Яғни жеті жоба бойынша ешқандай нәтиже жоқ. Бұны сіздердегі әрбір өндірістің облыс экономикасына қосатын елеулі үлесін ескеріп, алдын ала есепке алу қажет. Толық қуаттылықпен жұмыс істейтін жобаларды жоспарлау сатысында іріктеп алу керек. Бұған мемлекеттік қаражат жұмсалады, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуеті жұмылдырылады», – деді Әлихан Смайылов әкімдік өкілдеріне.
Мемлекеттік аудит іс-қимылдарды өзара келіспеу бюджеттік жобаларды жоспарлауда кемшіліктерге соқтырғанын анықтады. Мәселен, Басқыншы ауылындағы 425 оқушыға арналып салынуға тиіс мектеп бар-жоғы 300 орынды, ал Қазақстанның 10 жылдығы ауылында 69 оқушыға арналған мектеп 120 орындыққа айналған. Облыста барлығы 4730-ға жуық оқушы орны қажет. Мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсау деген – осы.
Абаттандыру жұмыстарының, сондай-ақ жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілері бойынша жұмыстардың кешіктірілуі пайдалануға берілген тұрғын үйлерге қоныстануды кешіктірген. Мәселен, Панфилов ауданында 60 пәтерлік төрт үй және 80 пәтерлік екі тұрғын үй 1,5 жылдан астам уақыт бос тұр. Олардың жалпы құны – шамамен 5,8 млрд теңге.
Инвестициялық жобалардың іске асырылуын дұрыс талдамау, олардың құнының өсуіне және іске қосу мерзімінің кешіктірілуіне әкеліп отыр. Атап айтқанда, облыста 10,5 миллиард теңгенің үш жобасы жұмыс істемейді, тағы 1,1 миллиард теңгенің үш жобасы уақытша тоқтатылған. 14 жобаның құны шамамен 55 миллиард теңгеге ұлғайған.
Алматы – Ақтоғай автомобиль жолын реконструкциялауды кешіктіру 2022 жылға көзделген 1 млрд теңге бюджет қаражатының игерілмеуіне әкеп соқтырған. Жалпы, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауды жүйелі түрде жеткіліксіз қаржыландыру байқалады.
Аудит барысында «Жетісу» ӘКК» АҚ-ның шығынды кәсіпорындарға қаражат салып, пайдаланылмайтын техниканы сақтап және бюджеттік жобаларды экономикалық пайдасыз жүзеге асырып, мемлекеттік активтерді тиімсіз басқаратыны анықталды. Қоғамның қатысу үлесі бар 31 компанияның 19%-ы жұмыс істемейді, 16%-ы 1,3 млрд теңгеге теріс қаржылық нәтиже көрсетіп отыр. Мысалы, «АксуКант» ЖШС еншілес ұйымы 2,7 млрд теңге қаржылай көмекті қайтаруы тиіс, ал «Жетісу» ӘКК соған қарамастан оны 1,9 млрд теңге қарызбен қаржыландырып, жарғылық капиталын 1,4 млрд теңгеге ұлғайтқан.
Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен Жетісу облысының әкімдігіне анықталған бұзушылықтарды жоюды, лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма берді. Жекелеген фактілер бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жіберетінін айтты.
Осы жүйелі сынның бәрін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өз құлағымен естігені жөн болар еді, бірақ әкім жиынға қатысқан жоқ. ЖАП жиынына «уәзірлерін» ғана жіберіпті. Содан да болар, экс-премьер Смайыловтың қабағы қату көрінді, ол енді дәргейіне келмеген әкімді кешіре қояр ма екен?..