USD
USD
USD

Жасөспірімді қылмысқа итермелейтін кім?

 Бүгінгі қоғамды қылмыстық оқиғаларсыз елестету қиын. Күн сайын «өлтіріп кетті», «зорлап кетті» деген ақпараттан көз сүрінеді. Оған тіпті, бесіктен белі шықпаған жасөспірімдер де «білек сыбана» атсалысуда. Сорақысы сол, мектеп оқушыларының бір-біріне пышақ жұмсап, қарумен атып салуы үйреншікті жағдайға айналғандай.

Жасөспірімді қылмысқа итермелейтін кім?
Фото: NEGE.kz

Елімізде аптасына 1500-дей қылмыс тіркелсе, соның әрбір бесіншісі жасөспірімнің қолымен жасалуда.  Қайбір жылы Ақтауда мектептің екі оқушысы жанжалдасып, соңы оқ атумен аяқталған еді. Арыс қаласында да бір топ оқушы атысып, салдарынан үш жасөспірім ауруханаға түскен. Оларға оқ атқан жеткіншек ҚР ҚК-нiң 99-бабы («Адам өлтiруге оқталу») бойынша жазаға тартылды. Содан кейін Сарыағаш ауданының үш мектебін тексерген құқық қорғау органдары 8 суық қару тәркілегенін жария еткен.  

Статистикаға сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы қылмыс бойынша Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысы көш басында. Мәселен, Жамбыл облысында биылғы жылдың 6 айында қарақшылық әрекеттер де  8-ден 12-ге өссе, есірткі затымен байланысты құқық бұзушылық саны 369-дан 462-ге артқан. Кәмелет жасына толмағандар қылмыс өршіп,  былтырмен салыстырғанда 86-дан 111-ге секірген. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысында қылмыс 21,3 пайызға артып отыр. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты барлығы 79 қылмыс жасалған. 

Ал Маңғыстау облысында 8 айда жасөспірімдер қылмысы өткен жылғыдан 5 қылмысқа өскен. Маңғыстау облысы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Серік  Айдаровтың айтуынша, осы жылдың 8 айында облыс көлемінде жасөспірімдер жасаған қылмыс саны – 58-ге жеткен (2018 жылы-53). Оның ішінде 16 қылмыс – Ақтауда (5), Жаңаөзенде (3), Мұнайлыда (2), Бейнеуде (6) тіркелді.

Қылмыстың «көкесі» – Ақтөбе облысында. Бұрыннан қылмыстық оқиғалар жиі тіркелетін өңірде ахуал оңала қоймаған. 2018 жылы Ақтөбе облысында жасөспірімдер 146 рет қылмыс жасаса, оның екеуі кісі өлімімен аяталды. Ал 703 жасөспірім кәмелет жасқа толмағандардың істері жөніндегі инпектордың есебіне алынған. Биыл да көрсеткіш артпаса, кеміген жоқ. Жыл басында Ақтөбеде екі колледж оқушысы өзара кикілжіңге келіп, бір студент екіншісіне пышақ сұғып алған. Абырой болғанда, ауыр жараланған жасөспірім аман қалды. Тағы да биыл 40 шақты оқушы төбелесіп, бір жасөспірім жараланған еді. Ал 26 қаңтарда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында екі мектептің жоғары сынып оқушылары төбелесіп, бір оқушы екіншісіне пышақ салған. Ауруханаға жеткізілген 10 сынып оқушысы көп ұзамай қайтыс болды. Ол ол ма, 12 қараша күні  Ақтөбеде тағы жасөспірімдер төбелесіп, 10-шы сынып оқушысын пышақтап өлтірді. Тағы екі оқушы жарақат алды.

Мұның бәрін неге тілге тиек еттік? Жасөспірім арасындағы қылмыстың өршуіне не себеп? Оқушылардың суық қаруды білім ұясына емін-еркін әкелетіндей не күн туды?

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың пікірінше, мектеп оқушыларының қылмысқа баруы бүгін пайда болған мәселе емес.

«1990 жылдармен салыстырғанда жағдай түзелген секілді. Ол кезде төбелес, бұзақылық әрекеттер жиі болды. Қылмыстың табиғаты тереңде жатыр. Бұл әлеуметтік, экономикалық жағдаймен байланысты. Жақында Зерттеулер орталығы Қазақстандағы қылмыстарға статистикалық талдау жасады. Сол зерттеудің нәтижесі бойынша, қылмысқа ең көп әсер ететін фактор – әлеуметтік теңсіздік. Мысалы, нақты бір аймақты алсақ, ондағы бай және кедей топтар арасында едәуір айырмашылықтың болуы қылмыстық жағдайға алып келеді. Яғни, бұл әлеуметтік араздықты туғызып, қызғаныш тудырады» дегенді айтады.

Сондай-ақ, әлеуметтанушы аймақта жастардың үлесі көп болса, соғұрлым қылмыс та көп тіркелетініне екпін түсірді. «Үшінші, әрине логикалық тұрғыдан – тәрбиенің мәні зор», – дейді маман. Оның айтуынша, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасында қылмыс көп. Сосын облыс орталықтарынан гөрі, моно қалаларда қылмыс кеңірек таралады.

Ал бұл мәселе жөнінде психолог Бақыт Дастанқызы: «Біріншіден, интернет желісі кері әсер етуде. Баланы жұбату үшін кішкентай кезінен ұялы телефонға әуес етіп, ойын ойнатып қоямыз. Ол виртуалдық әлемде өзін «герой» образында көреді. Шын мәнінде, ата-ана мен бала арасында жүрекжарды қарым-қатынас азайды. Баланы жақсы көру деген – материалдық тұрғыда қамтамасыз ету емес. Біз баланы өзімшілдікке, агрессияға тәрбиелеп жүрміз. Баланың әрекетін ақтау, жақтау опа әкелмейді. Қазір қызбалалар арасында да қылмыс көп. Мұның өзі үлкен мәселе», – дейді.   

Динара Мыңжасар

 

Қазір оқып жатыр

«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы

бапи

«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы

мұрат әбен

Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды

Маңғыстау облысы

Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?

Әлібек Қуантыров