«Каштруды бірде-бір рет көрген жоқпын»: Боранбаев ҚФФ-ның төрешілер департаментін сынға алды
«Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік және инспекциялау департаментін басқаратын португалиялық маман Нуну Каштрумен бірде-бір рет кездеспегенін айтты.
Астана, NEGE. Боранбаевтың өзі де ҚФФ атқару комитетінің мүшесі әрі Халықаралық байланыстар комитетін басқарады. Яғни, федерация ішінде Каштру мен Боранбаев екеуі әріптес саналады.
«Мен онымен бірде-бір рет кездескен емеспін. Қызық, иә? Әрине, оның шетелдік маман екенін түсінеміз. Бірақ ол өзі жауап беретін бағыт бойынша ақпаратты түсіндіруі керек. Мен де мұны түсінбеймін. Бір жыл бұрын шеттетіліп, үш жылға дисквалификацияланған төрешілерді қайтадан матчтарға шығарады. Олар қалай қайтадан төрелік етіп жүр?» – деді Боранбаев Нұрсұлтан Құрманға берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ кейбір төрешілердің белгілі бір клубтардың матчтарына жиі тағайындалатынын айтты.
«Қараңыздар, кейбір төрешілер бар, сол бір адамдар тек белгілі бір клубтардың матчтарына төрелік етеді. Біз ақымақ емеспіз ғой. Біз мұның бәрін көрдік, бастан өткіздік. Мен бұған сабырмен қараймын», – деді ол.
Боранбаевтың айтуынша, адами фактор болғандықтан, төрешілердің қателесуі мүмкін. Алайда қазір Қазақстанда футболға қызығушылық артқандықтан, кез келген күмәнді шешім жанкүйерлердің назарын аударады.
Ол қазақстандық клубтардың жақында еурокубок ойындарын бастайтынын да еске салды. Оның айтуынша, ол жақтағы төрешілік Қазақстандағыдан өзгеше болады.
«Ең қызығы – басқа нәрсе. Қазір еурокубокта тек “Қайрат” емес, төрт клуб бақ сынайды. Ол жақта төрешілер басқаша төрелік етеді. Ал біз басқа төрешілікке үйреніп қалғанбыз», – деді Боранбаев.
Қазақстан футболындағы төрешілік мәселесі биылғы маусым басталғалы қайта қызу талқылана бастады. Премьер-лиганың төртінші турында өткен «Ордабасы» – «Атырау» матчынан кейін төрешілер Санжар Ысқақов пен Татьяна Сорокопудова өрескел қателіктері үшін уақытша матчтардан шеттетілген еді.
Жақында «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович те «Ордабасыға» қарсы ойыннан кейін төреші Арман Исмұратовтың жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, төреші матч барысында өзін де, ойыншыларды да балағаттаған. Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында өткен кездесу Семей командасының өз алаңында 1:3 есебімен жеңілуімен аяқталды.
Бұған дейін Премьер-лига мен Бірінші лига клубтары Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров атына ашық хат жолдады. Онда клубтар ел чемпионатындағы төрешілерге сенімнің азайғанын айтып, төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Каштруды қызметінен босатуды талап етті. Алайда федерация бұл ұсынысты қабылдамады.
Ал спорт журналистері мен футбол клубтарының PR-мамандары Нуну Каштрудың Қазақстанда тұрақты тұрмайтынын және жергілікті клубтардың матчтарын жіті бақыламағанын бірнеше рет айтқан.
Ал бұрынғы футбол төрешісі Руслан Дүзмамбетов Қазақстанда футбол арбитрлерінің кәсіподағын құруды ұсынды. Оның айтуынша, қазақстандық төрешілер өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жүр: олар тұрақты қысымға ұшырайды, ал кәсіби тұрғыда жеткілікті қорғалмаған.