28 Қараша 10:45
...

Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты: Бүгінгі заманның басты қаруы – ақпарат!

Фото:

Қазіргі күні Мәжілісте «Масс-медиа туралы» заң жобасы қаралып жатқаны баршаңызға мәлім. Қоғамда да осы талқыланып жатқан құжаттың күнгей-теріскейі туралы пікір де аз емес.

Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, төменгі палатада қаралып жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек ӘШІМЖАНМЕН болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Аталған заң жобасы қандай қажеттіліктерден туындады?

– Өзіңізге мәлім, қолданыстағы «БАҚ туралы» заң 1999 жылы қабылданған. Ішінара ғана өзгертулер болмаса, еліміздің журналистер қауымы күні бүгінге дейін осы құжатпен жұмыс істеп келеді. Арада ширек ғасырға жуық уақыт болды. Заман да, қоғам да өзгерді. Қазақ елі де біраз саяси-әлеуметтік өзгерістерді бастан өткерді. Қоғамдық өмірімізге жаңа медиа енді. Тіпті, құндылықтардың орны ауысып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Бүгінгі заманның басты қаруы – ақпарат! Ал ақпарат таратуда журналистердің жауапкершілігі еселеп артты.

Тілі мен пішінінде, мемлекеттердің саяси ұстанымдарына байланысты болмаса, ақпараттық кеңістікте шекара жоқ. Шекарасыз ақпараттық кеңістікте құқықтары шектеліп жатқан жағдайлар да аз емес.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістікті, сұранысқа ие және қуатты медианы құруға ерекше назар аударуы тиіс», – деп айрықша атап айтқан болатын.

Сондықтан, «Масс-медиа туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары мемлекеттік мүдде мен қоғамның сұраныстарын және медиа-саланың даму үрдістерін ескере отырып, масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Мемлекеттік органның, халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, облыстық мәслихат депутаттарының, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, коммерциялық емес ұйымдардың, есімі елге мәлім журналистерден, парламентаризм институтының өкілдерінің, депутаттардың қатысуымен 100-ден аса мүшесі бар жұмыс тобы құрылды. Қазірге дейін жұмыс тобының өткір пікірталастарға толы 16 отырысы өтті.

Фото: Zakon.kz

Заңда қандай маңызды түзетулер мен өзгерістер бар? «Масс медиа туралы» жаңа заң журналистердің мәртебесін көтеруге және елдегі сөз бостандығын арттыруға қалай ықпал етеді деп ойлайсыз?

– Ең бастысы – заң жобасында журналистердің мәртебесін арттыру, құқықтарын нығайту және олардың міндеттерін қайта қарау, сондай-ақ журналистердің ақпарат тарату қызметін кеңейту бойынша жағдайлар жасау көзделген. Бәрін баяндап жатпайын, мен заң жобасының жекелеген нормаларына ғана тоқталып өткім келеді.

Мәселен, қазіргі қолданыстағы заңда бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты істер бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі көрсетілмеген. Араға жылдар салып, мейлі 10-20 жыл болсын, журналистің кәсібіне байланысты құқықтық жауапкершілікке тартылып жатқан мысалдар аз емес. Бұл журналистер қауымы арасында жиі айтылып, қоғамдық пікір деңгейіне дейін көтерілген. Тіпті, сол себепті БАҚ мұрағаттары барлық құжаттар мен ақпарат көздерін жылдар бойы сақтауға мәжбүр. Сондықтан БАҚ материалдарына қойылатын ескіру мерзімін үш жылға дейін белгілеу туралы норма көзделген. Аталған норма сол олқылықтардың орнын жояды.

Қоғамда резонанс тудырған оқиғалар туралы тиісті уәкілетті органдарға сұрақтарын жолдап жауаптарын ала алмай, түрлі дәліздерді тоздырып жүрген әріптестеріміз жетерлік. Сол себепті Заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарының сұрауларын қарау мерзімін жетіден бес жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылды. Бұл журналистерге туындаған сауалдар бойынша мемлекеттік органдардан уақтылы жауап алуға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды норма – журналистердің құқықтары мен ар-ождан бостандықтары, жай-күйін талдау мен ақпарат кеңістігін бағалау бағытында жыл сайын мемлекет басшысына арнайы Ұлттық баяндама дайындау туралы бап енгізіліп отыр. Бұл – өте маңызды қадамдардың бірі деп білемін.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі контенттерді дамытуға, шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздікті реттеуге арналған нақты нормалар қарастырылған. Және өңірлік ақпарат құралдары мен балалар басылымдарын қолдауға қатысты нақты ұсыныстар беріліп отыр. Нақты мысал ретінде, мемлекеттік тілде отандық теле-, радиобағдарламалар көлемін елу пайыздан жетпіс пайызға дейін ұлғайту көзделген.

2025 жылдан бастап республикалық деңгейдегі мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары үшін гранттық қаржыландыру жүйесіне көшуді реттейтін норма да уақыттың талабы деп ойлаймын.

Ал ілеспе заң жобасы Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілерінің нормаларын негізгі заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Коллаж: ғаламтордан

Қоғамда «Баспасөз картасы» және журналистерді аккредиттеу туралы бапқа қатысты түрлі пікірлер бар. Осыған байланысты не айтасыз?

– Рас, заң жобасын әзірлеуші орган жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында үлкен пікірталас тудырды. Қоғам өкілдері мен журналистердің, депутаттардың тарапынан қолдау таба алмады. Жұмыс тобының басым көпшілігі бұл норманы «демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма» деп бағалады. Мәселе әлі талқылану үстінде. Сондықтан бұл норма бойынша Мәжілістегі «Аманат» фрациясының және Қоғамдық палатаның өз ұстанымдары бар. Алдағы жұмыс топтарында әріптестермен нақты кеңесе келе екінші оқылымға дейін түйткілі көп бұл нормаға қатысты оң шешім қабылдаймыз деген үміттемін.

Заңға жалпы саны қанша түзету енгізілді?

– Жалпы, жұмыс тобы мүшелерінің белсенді еңбектерінің нәтижесінде бірінші оқылымға дейін негізгі заң жобасы бойынша 200-ден астам ұсыныс және ілеспе заң жобасы бойынша 50-ге жуық түзету қаралып, енгізілді. Екінші оқылымға дейін де заң жобасын күшейтетін тәуір нормалар ұсынылады деген сенімдемін.

Тегтер: