6 Қазан 18:35
...

Жанар Байсемізова: Шетелдегі қазақ балаларын Қазақстанға шақырсам деймін

Фото:

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасы тоғыз жылдан кейін көрерменмен қайта қауышты. Бұл жобаны тұла бойың шымырламай, көз жасыңа ерік бермей көру мүмкін емес. Себебі, шетелдіктер асырап алған қазақтың қаракөздері сондай ақылды, сондай сүйкімді. Сол талантты балалардың басқа отбасының бақытына айналғанына іштей қызғанасың.

NEGE тілшісі «ҚР Президенті теле-радиокешені» құрамындағы «Jibek Joly» телеарнасынан көрсетіле бастаған «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының идея авторы, белгілі журналист Жанар Байсемізовамен сұхбаттасты.

«Қазақ балаларынан «Құшақтасам бола ма?» деп рұқсат сұрауға тура келеді...»  

– Жанар, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын қайта қолға алғаныңа барша көрермен қуанды десем артық емес. Бұл жобаны жалғастыру жөнінде ұсыныс телеарнаның өзінен түсті ме?

– Негізі, тоғыз жыл бұрын «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан көрсетілген жобаны әрі қарай жалғастырамын деген ойым болған. Өйткені, әлемнің 30 елінде Қазақстаннан асырап алған балалар бар. Бірақ жоба тоқтатылды. «Бағдарлама өзінің миссиясын күткеннен де аса орындады» деген себеп айтылып, жабылды.

Содан кейін үш жыл «Qazaqstan» телеарнасының Атырау облыстық филиалында директордың орынбасары болдым.  Жалпы, телевидениеден кеткеніме бес жылдан асыпты. Бұл саладан қол үзіп те қалдым. Бірақ бәрібір осы бағдарламаны жалғастыру ойымнан кетпеді. Жоба жалғаса ма, жоқ па, уақыт еншісіне қалдырдым. Тіпті, әйтеуір бір уақытта сол балаларды Қазақстанға шақырып, туған жерінің керемет жерлерін, табиғатын, тарихи орындарын көрсететін лагерь сияқты шара ұйымдастырамын деп жүрген едім.

Президент теле-радиокешенінің, соның ішінде бас директор Раушан Жаңабергенқызының бастамасымен жоба «Jibek Joly» телеарнасынан әр жексенбі сайын көрсетілетін болды. Бұдан түйгенім, егер ол сенікі болса уақыт өте келе қайтып келеді екен.   

– Бірінші маусым Еуропа елдерінен, соның ішінде Испаниядан басталған екен. Алда қай мемлекеттердегі қазақ балаларымен танысамыз?

– Иә, бірінші маусымда Еуропа мемлекеттерін аралап келдік. Шамамен 6-7 мемлекетте болдық. 40 шақты баланы түсірдік. Алғашқы маусымда 12 бағдарлама шығады. Испаниядан бастаған себебім, жалпы Қазақстаннан бала асырап алу жөнінде АҚШ-тан кейінгі екінші орында Испания тұр.

Ресми мәліметке сәйкес, мұнда 700-ден астам бала бар. Бірақ бейресми мәлімет бойынша, 800-ден астам, тіпті мыңға жетіп қалуы мүмкін. Себебі, көп бала кезінде Білім және ғылым министрлігінің есебіне ілікпей қалған.

Осы жолы Испания, Италия, Бельгия, Нидерланды королдігі, Германия, Франция елдеріндені қаракөздерді көріп қайттық. Соның ішінде Нидерланды королдігіне алғаш баруымыз. Біз мұнда Наргиз деген қызды түсірдік. Оны асырап алған ата-анасы кезінде Қазақстанда дипломат болған екен. Наргизді асырап алған соң біраз уақыт Қазақстанда тұрған. Кейін қызмет бабымен Нидерланды королдігіне қайта көшіп кеткен. Қазіргі уақытта әкесі Үндістанда дипломат. Бүгінде Наргиз – кәмелеттік жастан асып кеткен бойжеткен.

Жаңа жылдан кейін АҚШ пен Канада, мүмкін Ұлыбритания, Ирландия мемлекетіне баратын шығармыз. Ирландияда да қазақ балалары көп. Мұнда 150 бала бар.

– Осыдан тоғыз жыл бұрын барған мемлекеттердегі балалар қазір кәмелеттік жасқа толған шығар. Бұл жолы олар жатырқап, кездесуге қарсы болған жоқ па? 

– Ағайынды екі бала сұхбат бергісі келмеді. Әкесімен ғана сөйлестім. Өйткені, олардың өмірі өте қайғылы екен. Қазақстандағы әкесі балалар есін білетін уақытта шешесін ұрып өлтірген. Қазір әкесі түрмеде көрінеді. Олар сол оқиғаны қайтадан есіне алғысы келмейді.

Испанияда бұрын түсірген Марлен деген жігітпен кездестім. Тоғыз жыл бұрын 7 жаста еді, қазір 16-да.

Италияда Есімжан деген балаға тағы бардым. Қазір 14 жастан асқан жасөспірім. Сондай-ақ, 2009 жылы «Алматы» телеарнасына түсірген Бельгиядағы қыздар да кәмелеттік жасқа келіп, жоғары оқу орнында оқып жатыр. Бұл екі қызды осымен үшінші рет көрдім.

Германиядағы Ербол, Белгиядағы Ерлан деген балалар да зіңгіттей жігіт болған. Бұрын көргенде басқаша, қазір басқаша сезім. Кішкентай кезінде оларды құшақтап, басынан сипайсың. Қазір есейіп қалған жігіттің жанына барып, олай еркелете алмайсың. Оның үстіне олар шетелдің азаматтары. Өз менталитеті бар, қарым-қатынас мәдениеті де бөлек. Алдын ала «құшақтасам бола ма?» деп рұқсат сұрауға тура келеді.

Одан бөлек, Испанияның Барселона қаласында кәмелеттік жасқа толып кеткен жігіттермен алғаш рет кездестік. Бір айта кетерлігі, Қазақстаннан бала асырап алған ата-аналар балаларының талантты, алғыр, қабілетті екенін айтады. Әсіресе, астрономия, физика, математика, химия ғылымдарына, ғарыштық инженерия саласына ықыласы ерекше көрінеді.

Олар тоғыз жыл бұрын барғанда түскен суреттерді сақтап қойыпты. Бәрінің үйінде Қазақстанды еске салатын элементтер кездеседі. Бұрынғыдай емес, кейбірімен кездесу қиынға соқты. Өйткені, қазір ата-анасы «кездескің келе ме?» деп баласынан сұрайды. Бұрын балалар кішкентай кезде келіссөзді ата-анасымен жасайтын едік. Бірақ бәрібір бала өскен соң кім екенін, қайдан шыққанын білгісі келеді. «Ата-анам кім? Мен оларға ұқсаймын ба? Олар мені не үшін тастап кетті? Сол кезде жағдайы қиын болды ма?» деген сұрағы көп.

Мысалы, Барселонада тұратын Арсен деген жігіт бүгінде Испаниядағы белді жоғары оқу орнында оқиды.

Ол 8 жасынан ата-анасын табамын деп шешім қабылдапты. Бірақ ол кезде кәмелеттік жасқа толмағандықтан бала асырап алу ісі құпия саналады. Қазір кәмелет жасқа толып, Испаниядағы бас консулдыққа өтініш жазып, туған анасын заңды түрде іздеп жатыр.

Бас консулдық Арсеннің құжатын министрліктегі Балалардың құқын қорғау комитеті мен Ішкі істер министрлігіне жіберген. Енді министрлік бұған тек баланың ғана емес, асырап алған ата-ананың келісімі қажет екені туралы хат жіберіпті. Олар бұл құжаттарды да дайындап, қайтадан Қазақстанға жібереді.

– Не үшін іздеп жатыр екен? Басты себеп – ата-анасының кім екенін білу үшін ғана ма?   

– Әр бала өзінің кім екенін, не себепті қалдырып кеткенін білгісі келеді. Қазақстанда туған туыстары бар ма? Бір қаннан тараған бауырларын тапқысы келеді. Туған анасының өзін тастап кеткен кездегі және қазіргі тұрмыс-тіршілігі қалай? Осы сынды сұрақтарға жауап алғысы келеді.

Бүгінде шетелдіктер асырап алған қазақ балалары өсті. Алдағы уақытта олардың тарапынан іздеу көп болады деп ойлаймын. Кейбірі «туған анамды көргім келеді, бірақ ол мені көргісі келе ме? Ол мені іздей ме? Кездесуімізді қалай ма?» дейді.

Ал енді бірі туған анасын білуге қызықпайтынын айтады. Олардың ішкі жан дүниесін ақтару, білу мүмкін емес. Бәрібір көңіл түкпірінде «Не үшін балалар үйіне қалдырды? Өзінің туған баласын қалай тастап кетуге болады?» деген ой маза бермейді. Испаниядағы Арсен деген бала «мені туа сала екі күннен кейін тастап кетіпті. Дүниеге келгеніне екі күн болған сәбиді қалайша тастап кетеді?» деген сауалдың жауабын білуге асық.

– Бірақ бәрі Арсен сияқты іздей бермейді ғой...

– Мен білетін балалардың ішінде туған анасын заңды түрде іздеп жатқан Арсен ғана. Дегенмен, көпшілігі биологиялық анасын тауып, араласқысы келеді. Оларда біздегідей түсінік жоқ. Біздің қоғам айыптауға асығады. Олар «Біз оларды сөкпейміз, ұялтқымыз келмейді. Тек қана себебін білгім келеді» дейді.

Сол кезде туған анасының басында бір жағдай болған шығар. Соны түсінуге тырысады. Менталитет, ой өрісі, түсінігі басқаша. Ата-анасы да кішкентайынан оларға «сені әке-шешең тастап кеткен» демейді. Керісінше, «олар саған өмір сыйлады, өміріңді сақтап қалды, сені тоғыз ай бойы көтерді. Сен жарық дүние сыйлаған анаңа қарыздарсың. Бәлкім, тұрмыстық жағдайы қиын болған соң қалдырған шығар. Сені басқа адамдар алып жақсы өмір сүрсін деген болар» деп түсіндіреді. Баланың көңіліне қаяу түсірмейтіндей әртүрлі формамен жеткізеді. Бала есейген кезде шындықты айтады. Мұны дұрыс қабылдаған соң ба, бұл балаларда жан жарақаты деген болмайды. Сұхбат алған балалардың ешқайсысы да «туған анамды жек көремін» деп айтқан емес.

 «Әлемнің 30 елінде Қазақстаннан асырап алынған балалар бар»

– Кәмелеттік жасқа толып кеткен балалар Қазақстан азаматы болып есептелмейді ғой...  

– Өкініштісі, қазір шетелдіктер асырап алған 5 мың бала Қазақстан азаматы емес. Әр балаға барғанда жаныңа жара түседі. Олардың тағдырына бейжай қарау мүмкін емес. Басымыздан өткермеген соң оларды түсіне алмаймыз. Қанша жерден жағдайы жақсы, бақытты өмір сүріп жатыр десек те, жүрегінде тастанды бала екені өмір бақи тұрады.

Мысалы, Белгиядағы қызды туған ата-анасы мүгедектігіне байланысты тастап кетіпті. Көп жағдайда нәрестені жас қыздар босанып, тастап кетіп жатса, мына жағдайда кәдімгі толық отбасы балалар үйіне өткізіп жіберген. Сосын ол қызды белгиялық отбасы асырап алып, ота жасатқан. Қазір денсаулығы жақсы. Кейін шешесін тауып, Қазақстанға келіп, анасымен кездескен. Бірақ анасы жерге қараған күйі қалыпты. Тіпті, екеуі құшақтасып амандаспапты да.

Тағы бір қыздың атын атамай-ақ қояйын, 2009 жылы, сосын 2013 жылы және осы жолы үшінші рет түсірдім. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Атыраудағы филиалында директордың орынбасары болып жүрген кезде маған бір әйел хабарласты. «Сіздің бағдарламадан осындай қызды көрдім. Сол менің туған әпкемнің қызы. Қалай байланыс орната аламын?» деді.

Туған анасы қайтыс болып, сіңлісіне «қызымды тап!» деп аманаттаған екен. Ол кезде бағдарламаны түсіріп жүрмесем де, сол елдегі дипломаттармен сөйлесіп, табуға тырысып көремін» дедім. Бірақ жоба аясында жұмыс істеген консул басқа жаққа ауысып кетіп, байланысу мүмкін болмады. Осы сапарда сол қызға бардық. Басында кездесуге келіспеді. Соған қарамастан «міндетті түрде жолығуым керек» деп табандап қоймадым. Әке-шешесіне осы жаңалықты айттым. Қазір «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының арқасында ол қызды туыстарымен әлеуметтік желі арқылы байланыстырдым.

– Инстаграмдағы парақшаңа кіріп едім, қыз-келіншектерден осы тақылеттес хаттар жиі келеді екен...  

– Өкінішке қарай, кезінде баласын тастап кеткеніне өкініп жүрсе де, әлі жарыққа шығарып айтқысы келмейтіндер көп. Әрине, бұрын жас болды, қазір күйеуі, бала-шағасы бар.

Мысалы, маған хат жазған әйел бұрын қызын тастап кеткен. Қазір бес баласы бар екен. Қызын біздің бағдарламадан көріпті. Қызы Германияда тұрады. Оған қызын табуға көмектесетінімді айттым. Басында сұхбат беруге келіскен еді, артынан айнып қалды. Тіпті, бет-жүзін көрсетпей беруге де келіспей қойды.

Ол әйелді де айыптап, кінәлай алмаймын. Күйеуі білмейді, бала-шағасы есейген. Бірақ осындай мәселе біздің қоғамда әлі жабулы қазан күйінде. Бұл немқұрайлылық па, әлде еті өліп кеткен бе, білмеймін. «Ел не дейді, жұрттан ұят болады» дейді. Біз елдің сөзінен ұяламыз, бірақ баланы тастап кетуден арланбаймыз. Оның бәрін ашық шығаруымыз керек. Бұл айтылмаса, сол адамның психологиялық жан дүниесі үшін үлкен азап. Мұны өмір бойы көтеріп жүру қиын. Кезінде баласын жастықпен, ағаттықпен тастап кетіп, қазір өкініп жүрген әйелдер әлі күнге өзіндегі тозақ отына жанып, өзін-өзі өртеп жүр.

– Соңғы жылдары шетелдіктердің Қазақстаннан бала асырап алу көрсеткіші қалай? Азайды ма?

– Ресми мәлімет бойынша, әлемнің 30 елінде Қазақстаннан асырап алынған балалар бар. Осы мәлімет бұрын құпия саналды. Мұны журналистикада жариялаған мен едім. Тоғыз жыл бұрын жоба эфирге шыққаннан кейін Балалардың құқығын қорғау комитеті шақырып, қолыма берген дерек болатын. Бұл мекемеде басқа амал қалмады, түбінде ашылатын мәліметті жариялау керек болды. Сол мәліметте «шетелге балалар 1999 жылдан бастап беріле бастады» делінген. Яғни, 1999-2013 жылдар аралығында қанша бала қай мемлекетке кетті деген көрсеткіш бар.

Бірақ осы жолғы іссапар кезінде шетелдіктер қазақ балаларын 1999 жылдан емес, 1990 жылдардың басынан алып кеткенін білдім. Бұл – бөлек тақырып. Бәлкім, кейін зерттеумен өзім айналысатын шығармын. Қанша бала қайда, қандай жолмен кетті? Сатылып кетті ме, перзентханадан, балалар үйінен тікелей кетті ме? Өйткені, ол кезде халықаралық агенттіктер болған жоқ. Заң тиісті деңгейде қадағаланбады. Мұның бәрі алдағы уақытта ашылады деп ойлаймын. Қазақстан Гаага конвенциясын 2010 жылы ратификациялады. Соған сәйкес, балалардың құқығы қорғалады.

2011 жылы Қазақстан «Неке және отбасы» кодексіне өзгертулер енгізді. Соның ішінде «жетім балалар ағайынды болса, бөлмеу керек» деп жазылған. Ал бұған дейін ағайындылар бөлініп кеткен. 2012 жылы халықаралық агенттіктерді қайтадан аккредитациядан өткізді. 2013 жылы бала асырап алу процесі қайта жанданды. Бірақ осы жылдардың ішінде шетелге бала асырап алуға берілген жоқ деп айтылады.

Мендегі деректер бойынша, 2013 жылдан бастап COVID-19 пандемиясына дейін 158 бала асырап алынған. Биыл 1 бала шетелге кеткен. Ал, тізімде тұрған шетелдік ата-аналардың саны көп.

«Мал сатып алатын сияқты таңдайды»

Шетелдіктер бала асырап алғысы келсе, оларға таңдау құқы берілмейді ғой. Солай ма?

– 2012 жылы аккредитациядан жалпы саны он агенттік өткен. Бала асырап алу процесі осы агенттік бойынша жүргізіледі. Гаага конвенциясына сәйкес, алдымен елдің ішіндегі бала асырау процесіне мән берілуі керек. Балалар сол елдің азаматтарында қалуы керек. Егер елдің азаматтары асырап алмаған жағдайда ғана шетелдіктерге бала бере аламыз. Мысалы, бізде республикалық мәліметтер базасы бар. Сонда қандай балалар асырауға берілетіні туралы жазылған. Бәрі цифрландырылған жүйеге енгізілген. Аты-жөні, жасы, диагнозы, суреті қойылады. Егер сол базадан біздің азаматтар қарап, асырап алмаса, одан кейін ғана бала асырап алудың халықаралық жүйесіне өтеді.

Бірақ республикалық мәліметтер базасы дұрыс жолға қойылмаған дейді мамандар. Кейде суреті басқа, ақпараты толық болмауы мүмкін. Сосын біздегі балалар үйіндегі балалардың бәрі бірдей асырап алуға жатпайды. Туыстары түрмеде, ауруханада жатуы мүмкін.

Министрлік мамандарының айтуынша, Қазақстан азаматтары бала асырап алғысы келсе, көбінесе дені сау бала іздейді. «Мал сатып алатын сияқты таңдайды» дейді.

Қалай десек те, балалар үйіндегі нәрестелердің әйтеуір бір диагнозы болады. Ал шетелдіктер баланы таңдай алмайды. Психологиялық сараптамадан өтіп, бала асырап алуға рұқсат берілсе, ұсынған баланы алады. Тіпті, кейбір шетелдік ауру баланы асырап алғысы келіп, өтініштеріне «мынандай диагнозы бар бала керек» деп жазып қояды екен. Еуропа елдерінде медицина дамыған, денсаулығын түзеп алуына болады.

Мысалы, Франция тұрғыны асырап алған қазақ баласының өмірге келгенде жынысы белгісіз болған. Соны асырап алып, генетикалық сараптамадан өткізсе, ұл бала екені анықталған. Сөйтіп, бірнеше күрделі ота жасап, ер жеткенде ер адамға тән функциялық қабілеті болады деп айтып отыр.

Тағы бір бала Белгияда өмір сүріп жатыр. Асырап алған отбасы оның аутизм, ДЦП, ақыл-ойы дұрыс жетілмеген диагнозы барын білмеген. Қазір жап-жақсы бала боп өсіпті. Бірақ үлгерімі артта қалса да, аяғынан тұрып, өз қолы өз аузына жетеді. Шетелдіктердің ішінде де сау бала алғысы келетіндері бар. Енді бірі адамдық парызы ретінде ауру бала алады.

2005 жылдары қазақ балаларын Италиядан діндар адамдар көп асырап алыпты. Балалар үйінің қызметкерлері «Не үшін ауру баланы аласыздар?» десе, «Ана дүниеде жұмақтың қақпасы ашылады» деген наным-сенімін айтқан.

«Қазақстан кедей мемлекеттердің қатарында»

– Шетелдіктер Қазақстаннан бөлек тағы қай мемлекеттен бала асырап алуға құштар?

– Жалпы, баланы өте кедей мемлекеттер асырап алуға береді. Африка, Эпиофия елдерінен, кезінде Қытайдан да көп асырап алған. Бұған дейін бір бала тууға рұқсат беріп, шектеу қойылған кезде шетелге бала көп кеткен екен. Қазір шектеу алынған соң батыс мемлекеттері үшін Қытайдан бала асырап алу қиынға соғып, кемі 15 жыл күтуі мүмкін. Тағы 8 жыл кезекте тұратын мемлекеттер бар.

Өкінішке қарай, Қазақстан да әл-ауқаты нашар, кедей мемлекеттің қатарында. Халықаралық бала асырап алу процесіне қай мемлекет қатысады, соның барлығы халықаралық агенттіктердің тізімінде тұрады.

Испаниядағы халықаралық агенттік өкілінен: «Қазақстан азаматы Испаниядан бала асырай ала ма?», – деп сұрай салған едім. Сөйтсем, ол: «Бізде балалар үйі жоқ», – деп жауап берді.

Оларда балаларды уақытша қарау мекемесі ғана бар. Бірақ онда бала аз болады. Онда да тұрмысқа шықпай тұрып бала көтеріп, тастап кетті деген түсінік мүлдем жоқ. Бұл түсініктен АҚШ-тың өзі 40-50-жылдары өтіп кеткен. Соның өзінде әлеуметтік қызметкерлер баланы бірден ата-анаға табыстайды. Біздегі сияқты балалар үйіне түспейді, мәліметтер базасына енгізілмейді. Тек әке-шешесі апаттан қайтыс болып, жетім қалса немесе нашақорлық пен маскүнемдікке салынып түрмеге түссе, тіпті болмаса балаға дұрыс қарамай, ата-ана құқығынан шектелгенде ғана осы мекемеге түседі. Негізінен көбі мигранттардың баласы.

Тағы бір айта кетерлігі, уақытша қарау мекемесінде балалар нәресте кезінен 18 жасқа дейін болмайды. Оларды мейлінше отбасына орналастыруға тырысады. Яғни, мұнда бала отбасында тәрбиеленуі керек деген ұғым бар. Егер балаға асырап алған отбасы ұнамаса басқа отбасына береді. Сондықтан бұл жақта әлеуметтік қызметкерлер де өте белсенді жұмыс істейді.

«Жасыл шұлықтың» жайы

– Бір кездері «Жасыл шұлық кигендер байлыққа кенеліп, қарыздан құтылатыны» туралы жазып едің. Одан кейін психолог ретінде әйелдерге кеңес айтып, қолдан келген көмегіңді беріп жүрдің. Енді міне, сүйікті жұмысыңа, журналистикаға қайта оралып жатырсың. Бұлардың арасында қандай да бір байланыс бар ма?

– Негізі журналистикадан кеткен жоқпын. Телеарнада ресми түрде жұмыс істемесем де, Инстаграм арқылы оқырманыма тәжірибем мен білімімді бөлістім.

«Жасыл шұлыққа» қатысты айтсам, ол жай әзілмен жазылған пост еді. Оны ұмытып та кеткем, тіпті хайп болатынын ойлаған да жоқпын. Сондықтан журналистерге «Қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударыңыздаршы» деп айтқым келеді.

Қазір «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы басталды» деп жазып жүрсем де, кезінде «жасыл шұлықты» жарнамалап жазған журналистер мен блогерлердің ешқайсысы «Мына бағдарлама қайта шығыпты ғой» деп қолдау білдірген жоқ. Кейде осы қоғамда өмір сүріп жатқаныма ұяламын.

Қазір кездесіп қалғанда кей әріптес «Психологияға неге кетіп қалдың?» деп сұрап жатады. Құдды мені жаман жолға түсіп кеткендей мағынада айтады. Бұл – менің жүріп өткен жолым, өзімді тануым, өзімді зерттеуім. Өмірдегі өзім деген сұраққа жауап іздеуім. Әр адам бір уақытта тоқтайды да «Қайдан келдім, қайда барамын, не істеп жүрмін?», «Мен не үшін өмір сүріп жүрмін?», «Өмірімнің мәні неде?» деген сұраққа жауап іздейді.

Бұл іздену жолым басқа адамдарға білгенімді айтуға алып келді. Тәжірибем жинақталды. Сол сұрақтарға жауапты қалай таптым, соны айтқым келді оқырманға. Мен ақша табуды ойлаған жоқпын. Өйткені, шығармашылық адамы ретінде жүрегіме сәуле боп түскен нәрсені айтқым келсе, айтамын. Әр адамның өз жолы, өз сүрлеуі бар. Менің сөзім біреуге әсер ететін шығар, әсер етті де. Қаншама адамға ықпал етті, себі тиді. Бұл – менің жолым. Басқа адамдар сияқты бір орында қалған жоқпын.

Негізі ештеңе істемейтін адам ғана сынайды. Сонша адамды жинап, сағаттап сөйлеп, семинар өткізу оңай емес. Бірақ ешқашан адамдарды жаман жолға түсіретін дүниені насихаттаған жоқпын. Махаббатты, ізгілікті, адамгершілікті, руханиятты, бір-бірімізге қамқор болу керектігін ғана айттым.  

– Сұхбатыңа рахмет! 

Тегтер: