ЗАҢҒА өзгерістер мен толықтырулар енгізе беруге ТЫЙЫМ салынады – Мәжіліс депутаты Абзал ҚҰСПАН
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ұсынылды.
NEGE тілшісі жобаға жетекшілік еткен Парламент Мәжілісі депутаты Абзал Құспанмен сұхбаттасты.
– Бұл заң жобасы қандай мәселелерге негізделген? Не туралы?
– Бұл қолданыстағы Қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық- атқару кодекстерін жетілдіру туралы заң жобаларын толығымен ревизия жасау туралы тапсырма Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауынан басталады. Сондай-ақ, бұл Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару туралы үш кодекске ревизия жасау құқығын Әділет органдарына тапсырды.
Оның маңыздылығы неде? Мен неге оған басымдық беріп отырмын? Өйткені, осы кезге дейін негізінен құқық қорғау органдарының, оның ішінде Бас прокуратураның құзырында болып келсе, ендігі жерде тәуелсіз, түпкілікті заңның қандай да болмасын нұсқасына жеке мүдделілігі жоқ Әділет министрлігіне табыс етілді. Әділет министрлігі мемлекеттің құқық саясатын жүргізетін басты органға айналып отыр. Осы тапсырманы орындау үшін үлкен алаң құрып, осы процеске қандай да бір қатысы бар тек құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдарды ғана емес, сонымен қатар, соттың, ғылыми және адвокаттық қоғамдастықтың өкілдерін осы жұмыстарға тартты. Нәтижесінде биылғы жылдың сәуір айында Парламент Мәжілісінде осы жаңа заң жобасы қабылданды.
Фото: Мәжіліс
– Заңда қандай маңызды өзгерістер мен түзетулер бар?
– Бізде заңдар материалдық және процестік деп екіге бөлінеді ғой. Бұл заңда, әсіресе, қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекске қатысты маңызды өзгерістер бар. Қылмыстық-процестік кодексте маңызды бір мәселе – адвокатураның рөлін күшейтуге басымдық берілген. Адвокатураның жағдайын жасау деген сөз – сол адвокат қорғайтын азаматтардың құқығын қорғауға жағдай жасау дегенді білдіреді. Бұл туралы нормалар анық көрсетілген. Азамат өзін-өзі қорғау мақсатында қандай инструментті қолдана алады? Осыны күшейтуге бағытталған өзгерістер бар. Сондай-ақ, сот жарыспалылығын қамтамасыз етуге байланысты өзгерістер бар екенін баса айтқым келеді.
Соттағы прокурор мен қорғаушы жағдайы туралы осы уақытқа дейін айтылып келгенімен, іс жүзінде олар теңестірілмеген. Ал ол өз нәтижесінде сотталушының жағдайын ауырлататын фактор екені белгілі. Аталған заң жобасында осы жағдайға назар аударылған.
Енді Қылмыстық кодекске келетін болсақ, кәсіпкерлердің жағдайын жеңілдету, Қылмыстық кодекстегі кейбір нормаларды кәсіпкерлерге қатысты декриминализациялау мәселесі бар. Осыған байланысты мен өз тарапымнан бірнеше норманы декриминализациялап, Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыруға байланысты ұсыныстар бердім. Бұл Үкіметтің нұсқасында да бар және депутаттар, біз де өз үлесімізді қосып жатырмыз.
– Қанша түзету мен өзгеріс еніп отыр?
– Қылмыстық-процестік кодексінде 600-ден астам өзгеріс енгізбек, Қылмыстық кодексте 500-ден астам өзгеріс енгізіледі. Айтайын дегенім, біз мұнымен шектелмейміз. Депутаттардың тарапынан да өте көп ұсыныс түсіп жатыр. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтен «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту» туралы ұсыныс келіп түсті. Жалпы Үкімет тарапынан берілген өзгерістер мен толықтырулармен шектелмейміз. Жұмыс тобына қатысушы да, басқа да депутаттар тарапынан көптеген ұсыныстар енгізіліп жатыр.
Фото: Sputnik
– Бұл заң жобасында бизнеске араласуға және лауазымды асыра пайдалануға жол бермеу туралы да мәселелер қарастырылған екен. Елдегі бизнестің дамуына аталған заң жобасының әсері бола ма?
– Бизнес қауымдастық қолданыстағы Қылмыстық заңнаманың жұмысқа кедергісі туралы аз айтқан жоқ. Кезінде бизнес қауымдастық тарапынан да, осы істерге қатысқан қорғаушылар тарапынан да көп мәселелер көтерілген болатын. Осы жағдайға байланысты қателеспесем, биылғы жылы мамыр айында Президент бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Бұл кездесудің ерекшелігі сол – барлық өңірлерден бизнесмендердің өкілдері келуі қамтамасыз етілді.
Кездесу барысында да, Президент алдында және Үкімет алдында да бизнес қауымдастығы тарапынан ұсыныс айтылған. Оған дейін Атамекен Ұлттық палатасы көп мәселені көтерді. Қылмыстық процестік кодексте нақты кедергі келтіретіндей механизмдері бар. Оған мысал келтіретін болсам, бұрын 2015 жылғы кодекске дейін қылмыстық іс қозғау үшін «тергеуге дейінгі тексеру» деген институт болды, сол институтты алып тастап, қазір сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне тіркелетін болған. Ол қылмыстық іс қозғалған есебінде оны ары қарай тергеу басталып кетеді.
Бұрын кәсіпкерлікке үлкен кедергі келтіретін. Мен өзім маман ретінде 2013 жылы дәл осы норманың еліміздегі кәсіпкерлік субьектілеріне үлкен кедергі келтіретінін айтқан едім. Бірақ ол кезде бізді тыңдаған адам болған жоқ. Бас прокуратура осы заңдарға өзгеріс енгізудің негізі құқығын өзіне алды да, бірақ жекелеген адвокат ретінде мен тұрмақ, жалпы алдавокатура өкілінің жұмыс тобына қатысуға мүмкіндігі аз болды.
Парламентте заң дайындалып кетіп бара жатқан кезде ғана біздің екі үш өкіліміз кірген болды, бірақ ұсыныстарымызды қабылдамады. Енді осы нормаға сәйкес, кәсіпкерлікке байланысты әуелі құқықбұзушылық анықталғандығы туралы акт болуы керек. Әрине, әлі ол норма қабылданған жоқ, дегенмен кәсіпкерлікті келіп тексеріп кете беретіндей ақпарат тіркелсе болды, ары қарай тергеу басталып кетендей механизмды күрделендірмеу қажет. Әуелі азаматтық қаржы саласындағы мекемелердің тиісті актісі болуы керек. Сонда ғана қаржылық заңбұзушылық туралы актімен дәлелденген соң тергеу жұмыстарына араласа алатындай механизм енгізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар кәсіпкерлікке қатысты Қаржы мониторингі агенттігі тергейтін бірқатар баптары декриминализациялау туралы өзімнің тарапымнан берілген ұсыныстар туралы жоғарыда айтылды.
Фото: gov.kz
– Аталған заң жобасының тиімділігі неде?
– Былтырғы жолдауында Президент 2014 жылы қабылданып, 2015 жылы қолданысқа енген қылмыстық процестік заңнамаға 1200-ден астам өзгерістер мен толықтырулар енгенін айтқан. Іс жүзінде осы салада құқық саясатының тұрақсызды бар екенін сынады. Одан бері бір жыл өтті. Енгізілген өзгерістердің саны 1500-нан асып кетті.
Біріншіден, бұл осы құжатты күнделікті қолданатын тергеушілер үшін үлкен қиындық туғызады. Екіншіден, азаматтардың көзқарасы тұрғысынан және жалпы осы саланың саясатының тұрақсыздығын білдіреді.
Негізі заңның жиі-жиі өзгере бергені, қоғамдағы жағдайға байланысты солқылдақ болғаны – өте жағымсыз нәрсе. Ал неге ондай жағдайға әкеп соқты? Өйткені кезінде бұл заң жобалары сапасыз қаралып, көптеген мәселе жан жақты зерттелмей негізсіз енгізілгенін білдіреді. Осыған байланысты қандай шаралар қолдануға болады? Енді бұрынғыдай кез келген заңның аясында өзгерістер мен толықтырулдар енгізе беруге тиым салынбақ. Ол үшін біз Парламент қабырғасында бұл заң жобаларын асықпай қарайтын боламыз. Бізге нақты бір уақытпен шектеу қойылмаған.
Ең басты мақсатымыз – барлық тараптың пікірін ескере отырып, сапалы заң қабылдау. Сонда ғана қылмыстық істің орбитасына тартылған азаматтардың конститутциялық құқығы қамтамасыз етілетін болады. Ол туралы сенімді айта аламын. Себебі, саясаты әбден анықталған, артық-ауыс нормалардан арылған және болашақта жиі өзгере бермейтін, адам құқықтарын қорғауға бағытталған механизмдері іске қосылған жаңа Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс және Қылмыстық-атқару кодекстері адамдардың құқықтарының бұзылмауына сөзсіз кепіл бола алатын бірден бір заң актілері саналады.