Трамп VS Байден: Екеуара тартыс қыза түсті
АҚШ президенттігіне үміткерлердің тартысы шарықтау шегіне жетті.
Алматы, NEGE. Бірі Ақ үйдің қазіргі басшысы Дональд Трамп. Ол Республикалық партияның өкілі. Бұл ұйымның соңғы жылдардағы ұстанымы салықты азайту, қаруды ұстау құқығын қолдау және көші-қонға қатысты қатаң шектеулер енгізу. Шалғай өңірлерде қолдаушылары көп. Республикалық экс-президенттердің қатарында Рональд Рейган мен Джордж Буш бар. Екінші үміткер Джо Байден. Барак Обама ел басшысы болған кезде 8 жыл бойы вице-президент қызметін атқарған. Саясаттағы тәжірибесі 50 жылға жуықтайды. Демократтар партиясының өкілі. Бұл саяси ұйым азаматтық құқық, көші-қон және климаттың өзгеруі секілді мәселелерге деген либералдық көзқарасымен ерекшеленеді. Демократиялық партияның экс-президенттері қатарында Джон Кеннеди, Билл Клинтон мен Барак Обама бар. Негізі биыл сынға түсіп жатқан қос үміткердің де жасы 70-тен асқан. Бір қызығы, егер жеңіске Джо Байден жетсе, ол бірінші мерзімдегі жасы ең үлкен президент болайын деп тұр. АҚШ Президенті Дональд Трамп: "Менің қарсыласым пандемия кесірінен американдықтарды қиын кезең күтіп тұрғанын айтады. Оның бұған дейінгі пікірталастағы сөздерін естігендер бар ма өзі? Байден осындай көңіл көншітпейтін болжамдар айтты. Оны ұнататындар бар деп ойламаймын" десе, АҚШ президенттігінен үміткер Джо Байден: "Біз жүйелі нәсілшілдікпен күресеміз. Қара нәсілді американдықтар үшін тең экономикалық мүмкіндіктер береміз. Бұл жай ғана сөз емес. Рас айтамын. Біз осы бағытқа бет бұрамыз. Иә, біз шындықты таңдаймыз. Трамп секілді өтірік айтпаймыз" деді.
Штаттардың көбінде мерзімінен бұрын дауыс беру кезінде сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалды. Сөйтіп, осы күнге дейін 90 миллионнан аса американдық өз таңдауын жасап қойған. Бұл сайлаушыладың шамамен жартысы. Олардың 60 миллионға жуығы пошта арқылы дауыс берген. Биыл пандемияға байланысты саясаткерлер бөлімшелерге келместен пошталық бюллетеньдерді кеңінен қолдануға шақырып отыр. Мұны демократтар да қолдайды. Алайда республикашылдар, соның ішінде Дональд Трамп бұған қарсы. Оның айтуынша, мұндай әдіс арқылы дауыс беру кезінде нәтижелер бұрмалануы мүмкін. Сарапшылар пошта арқылы өз таңдауын жасағандар санының көптігіне байланысты биыл дауыс беру нәтижелерін санау әдеттегіден ұзаққа созылуы мүмкін екенін бірден ескертті. Сауалнамаға келсек, Нью Йорк Таймстың ақпараты бойынша Джо Байден Дональд Трамптан айтарлықтай алда келеді. Ол 52 процент дауысқа ие, Трамптың үлесі 41 процент шамасында. Оның үстіне демократиялық партияның үміткері Пенсильвания, Аризона, Флорида және Уисконсин сынды төрт негізгі және ең шешуші штаттарда көш бастап келеді.