«Құлдықтан» босағандар! НЕГЕ келесі жылы әрбір үшінші ипотека ертерек жабылады?
Келесі жылы зейнетақы жинақтарын алатын азаматтардың біразы оны ипотекасын жауып тастауға жұмсайды. Жалпы ипотеканы ертерек төлеу тиімді ме?
Менің ойымша, ипотеканы неғұрлым ерте төлеу сіздің бюджетіңізге барынша пайдалы болады деп жазады ИпотекаБлог авторы Айгерім Қанатқызы. Егер жағдайыңыз жетіп тұрса және ипотеканы толығымен немесе жартылай жапқыңыз келсе, онда алдымен банкке барып, өтініш жазуыңыз қажет. Сол кезде сізге менеджер екі таңдау ұсынады: кредиттің мерзімін қысқартып, төлемді сол қалпы қалдыру немесе мерзімін сол қалпы қалдырып, төлемді арзандату. Қайсысы тиімді? Толығырақ тоқталайық.
Ай сайынғы төлемді азайту
Егер ай сайынғы төлем сіздің бюджетіңізге ауыр тиіп жатқан болса, онда мерзімді қысқартпай төлемнің сомасын азайтуға кеңес береміз.
Ипотеканың мерзімін қысқарту
Егер бұған дейін төлеп келген сомаңыз сізге қиындық тудырмаса, онда сізге ипотеканың мерзімін қысқартқан дұрыс. Есесіне, уақыт үнемдейсіз. Бұл кезде қаржылық жағынан ұтасыз. Себебі проценттер көлемі мерзімге де байланысты.
Ипотеканы қай кезде толығымен төлеп тастаған тиімді?
Ипотеканы толығымен жапқыңыз келсе, онда мерзімнің алғашқы ширегінде қарыздан құтылу қаржылық жағынан ең тиімді кез. Себебі өте қарапайым. Сізге банк проценттері еселеніп үлгермейді және негізгі қарыздың үстінен азғантай процент қана төлейсіз.
Алдын-ала жабу үшін айыппұл
Ипотеканы рәсімдеу кезінде банк ұсынған қарыз келісімшартымен мұқият танысып алуға кеңес береміз. Ол өз кезегінде сіздің қарызды ертерек жабамын деген ниетіңізге кедергі келтіруі мүмкін.
Кей банктер қарызды ертерек жабуға мораторий жариялайды. Демек, белгілі бір мерзім өткенше толық төлейтін болсаңыз ол сомаға айыппұл салынады.
Бұл жерде қарапайым есепті іске қоса аламыз. Егер айыппұл төлеу мораторий мерзімін күткенге дейін есептеліп үлгеретін проценттен аз болса, онда айыппұл төлеп ипотеканы тезірек жаба салған тиімді.