19 Тамыз 05:21

Батька – экономист. 26 жыл бойы Беларусь президенті экономикада не істеді?

Фото:

1999 жылы Беларусь халқының 46 пайызы кедейлікте өмір сүрсе, қазір тұрмысы тым төмендер үлесі 4,7%- ды көрсеткен.

Nege.kz сарапшылармен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін шағын мемлекеттің экономикадағы жетістіктері мен кемшіліктерін саралап көрді.

Тәртіпке бағыну

Кеңес заманынан мұра болып қалған жоспарлы экономикадан капитализмге көшу жолында жабайы өтпелі кезең болады. Қазақстан оның небір түрін әлі де бастан кешіп келеді. Оған қарағанда Беларусь қоғамдық тәртіпті сақтап қалды және экономикалық қылмыстарды болдырмауға күш салды. Біздің жағдайымыз біршама тұрақты дейді, BEROC экономикалық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Лев Львовский. Десе де, мұндай бағаны Львовскийдің Беларусьтегі толқулар басталмай тұрып бергенін ескеру керек. Осы наразылық шараларына дейін Беларусь тұрақты даму жолында болды.

Төмен инфляция

Беларусь – инфляцияның төмен деңгейін сақтап отырған ел. Демек, баға шарықтамаған. Қазақстанға қарағанда, азық-түлік арзан және оның басым бөлігін өз фермерлері мен фабрикалары дайындайды. Бағаның бір орында қалуы жайлы монетарлық саясат ұстануға мүмкіндігі бар.

«Соңғы жылдары үкімет те, президент те Ұлттық банктің тәуелсіз болуы керектігін түсінді. Бұл тұрғыда Ұлттық банк басшысы Павел Каллаурдың жекелеген қасиеттері үлкен рөл ойнады», – дейді Лев Львовский.

IT сектор

Беларусь соңғы жылдары IT саласын өзгелер қызығарлықтай дамыта білді. 2005 жылы Жоғарғы технологиялар паркі құрылды. Онда стартаптарға, жаңа технологиялар мен программистерге барынша бостандық берілді. Нәтижесінде Беларусьтің IT-секторы әлемдік деңгейге көтерілді. Мәселен «World of Tanks» ойнын әлем жұртшылығы да, біздегі жастар да бас көтермей ойнайды. Осы ойын Жоғарғы технологиялар паркінде жасалған.

 

Олигархтардың жоқтығы

Ресей мен Қазақстандағыдай Беларусь бүкіл стратегиялық маңызды ошақтарды олигархтар мен миллиардерлердің қолына берген жоқ. Жалпы олигарх болғысы келетіндермен Лукашенконың әңгімесі қысқа болды. Нәтижесінде шетелге ақша тасу деген әрекеттерге тосқауыл қойды. 

«Бізде жеке компаниялар Кеңестен қалған мұрадан емес, өздері ұйымдасып, құрылды», – дейді «Кошт Урада» жобасының жетекшісі Владимир Ковалкин.

«Көрші мемлекеттерге қарағанда біздегі бизнестің өзіндік ерекшеліктері бар. Беларусьте кәсіпкерлер мемлекетке қол қусырып қарап отырмай, өздерінің біліктілігі мен пысықтығына ғана сенді».

Сыртқы қарыз

Беларусьтің кезінде жіберіп алған бір кемшілігі қазір экономикасына қауіп төндіре бастады. Ол – күн санап ұлғайып бара жатқан сыртқы қарыз. Одақтас елдің мемлекеттік қарызы 2014 жылы ішкі жалпы өнімнің 21,6 пайызына жетсе, биыл қарыздың үлесі 33,7 пайызға өскен. Қазір Беларусь өзге елдерге 40 миллиард доллар қарыз. Бұл біздің Ұлттық қорымыздағы қаражаттан сәл ғана аз. Ұмытпасаңыздар, Қазақстанның ұлттық қорында осы жазда 56 миллиард доллар бар еді.

Ақылға симайтын инвестициялар

Беларусь 2010 жылдың басында импортты алмастыру мен кәсіпорындардағы құрылғыларды жаңарту қадамын бастады. Бұл бағытқа орасан зор қаржы құйылды. Осы қаржының көбі сырттан алынған қарыз еді. Енді цехтарын жаңартып алған цемент және ағаш өңдеу кәсіпорындары құйылған инвестицияны ақтай алмай отыр. Себебі олардың өнімі осыншама көлемде сыртқы нарыққа қажет болмай қалды. Экспорт тек там-тұмдап қана жүрді. Ал қарыз – күліп келіп, жылап қайтады.

Беларусьтің танымал экономисі Леонид Злотниковтың айтуынша, мемлекет өзінің өндірістегі негізгі қорын түгесіп бітті. Нәтижесінде жалпы халқы орташа табыс тұзағына түсіп қалды. Басқа елдер үшін ол тұзақтан құтылуға ондаған жылдар кеткен. Сондықтан Беларусь экономикасындағы олқылықтардың орнын түзеу тез қалпына келетін шаруа емес. Тіпті, қазіргі саяси жағдайды ескере отырып, Минскі жүргізіп отырған экономика кері кетпесе. алға жүретініне күмән зор.  

Тегтер: