«Депутаттың шешесіне лайық іс-әрекет жасады» – Мәжілісмен туған анасы мен бауырының арасындағы кикілжіңге толық түсінік берді
Депутат Анас Баққожаев бізге уәде еткендей, барлығын толық тексеріп, ағасы мен анасының арасындағы жағдайға толығырақ тоқталды.
Алматы, NEGE. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астанадағы сот мәжілісмен Анас Баққожаевтың ағасы Арыс Баққожаевты отбасы-тұрмыстық жағдайдағы заңсыз әрекеттері үшін кінәлі деп таныған болатын. Ол мас күйінде өз анасына балағат сөздер айтып, құрметсіздік көрсетіп, тыныштығын бұзған.
- Тақырыпқа орай: Депутат Баққожаев бауырының туған анасына не себепті құрметсіздік танытқанын түсіндірді (видео)
Журналист Мәжіліс кулуарында депутат Баққожаевтан осы жағдайға қатысты пікірін сұраған. Ол бұл оқиғаны бірінші рет естіп тұрғанын айтып, жағдайды анықтағаннан кейін міндетті түрде жауап беруге уәде еткен еді.
«Мен анықтадым. Бұл жазда болған жағдай екен. Менің бауырым тәрбиелі азамат. Жағдай былай болған: ағам отбасымен ажырасқаннан кейін баласын көре алмай жүрген. Жақсы көретін үлкен ұлы бар, соны көргісі келіп хабарласқан. Ал ұлы әкесіне дөрекі сөйлеген. Соған қатты ашуланады. Оның несін жасырамыз, ішіп алған. Одан анама барған. Анам айтқан: «Сен отбасыңмен ажырастың ба, енді араласудың қажеті жоқ. Тыныштығын бұзба, мен саған олай етуге тыйым саламын», - деген. Оған ағам көнбей, екеуі ұрсысып, анама дөрекі сөз айтқан. Менің анам депутаттың шешесіне лайық іс-әрекет жасады. Заң бәріне бірдей деп ойлаймын. Ол менің бауырым болса да әкімшілік жауапқа тартылуы тиіс. Анам ағамды балаларына артық сөз айтып қоймасын деп қорғаштаған ғой. Көнбегеннен кейін полиция шақырып, осылай айтқан. Әрине, бұл – ұят. Мен бауырымның осындай әрекеті үшін қоғамның алдында кешірім сұраймын. Ол менің балам емес, үлкен ер-азамат. Бірақ енді олай істемейді деп ойлаймын. Ол да кінәсін мойындап отыр. Енді, арақ кіргеннен кейін жын кіреді, жын кіргеннен кейін сондай жағдай болады», – деді депутат.
Мәжілісмен жағдайды жариялағаны үшін NEGE редакциясына алғысын білдіріп, әкімдерге немесе депутаттарға қатысты осындай жағдайларды журналистер жариялауы керек екенін атап өтті.
«Депутаттарға, әкімдерге қатысты осындай жағдайлар болып жатса, ашық жариялау керек пе, болмаса тыйым салған дұрыс па? Мен өзім жариялау керек деп ойлаймын. Одан қорықпайық, себебі пәк адам болмайды. Біз басқаларға үлгі болған соң, өзіміздің отбасымыздағы жағдайдың бәрін ретке келтіруіміз керек. Бауырларымыз бен туған-туысқандарымыздың тақымын тартып, дұрыс жолға салғанымыз жөн. Туған шешесіне дөрекі сөз сөйлеу дұрыс емес, бауырыммен тиісті әңгіме жүргізіледі», – деп қорытындылады Анас Баққожаев.