25 Тамыз 17:18

Ұстаздар: Дертті болса да, мұғалімдер мектепке амалсыздан барады

Фото:

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта білім беруге көшетіні туралы хабарланды. Бірақ вирустың беті қайтар емес. Қайтпек керек? Оқушылардың індетті жұқтырмайтынына кім кепіл бола алады?

«Қазір мұғалімдердің 98 пайызы екпе алды» деген кеше министр Аймағамбетов. Бірақ олардың бәрі екпе алды ма, әлде біразы жалған құжат жасатып алды ма, ол жағы да белгісіз. Министрдің өзі мұны анықтау мүмкін еместігін айтып отыр. Бір анығы, вируспен ауырып жатқандар көп. Мұғалімсің бе, оқушысың ба, вирус адам таңдамайды.

Әңгіменің тоқетеріне көшсек, бүгінде ұстаз қауымы мынаған алаңдаулы. Егер мұғалім ауырып, сабақтан қалатын болса, 10 күнге шамамен 100 000 теңгедей ұсталады екен. Мұғалім Мейіржан Темірбектің айтуынша, еңбекке жарамсыздыққа 43 мың теңге төленеді.

«Ал еңбекке бір ай жарамсыз болса, бүкіл жалақы ұсталады. Сол себепті егер мұғалім коронавируспен ауырып, кемі 10 күн ауруханада жатса, ары қарай түзелу үшін тағы біраз уақыт керек. Шамамен 25 күн», – дейді ол.

Бұдан ұққанымыз мынау: уақытша еңбекке жарамсыз болған уақытқа көп ақша ұсталатын болған соң, ауырса да мектепте жүре беретіндер көп. Өйткені, бүтін бір отбасы сол жалақыға қарап отыр. Әр мұғалімнің басында кредит бар.

«Ең құрығанда ковидпен ауырып жатқан мұғалімдерге больничныйдың ақшасын көбейту керек. Аурудың алдын алудың бір шарасы – осы. Індет кезінде республиканың түкпір-түкпірінде осындай жағдай болды. Енді эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, офлайн форматта оқығалы жатырмыз. Сондықтан бұл ойланатын, көңіл бөлетін мәселе деп есептейміз», – дейді мұғалім Мейіржан Темірбек.

Осы мәселеге қатысты жақында ғана вируспен ауырған мұғалім Айман Сағидулла бастаған ұстаздар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновке ашық хат жолдады.

Онда: «Мектеп ашылғалы жатыр. Елімізде ковид күш берер емес. Педагогтердің арасында да індетті жұқтырып, ауырып жүргендер жоқ емес. Ауруханада жатып, емделгендері де бар.

Егер мұғалім ауырып қалса, «уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төленетін жәрдемақы» мөлшері өте төмен. Он бес айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Бұл – шамамен 43 мың теңге. Ковидпен ауырғандарға сауығуы үшін кемі 24 күн уақыт керек. 10 күн ауруханада жатса, 14 күн үйде оңалту кезеңінде болады. 24 күн еңбекке жарамсыздық парағын аштырса, мұғалімнің бір айлық жалақыға жуық ақшасы ұсталатынын жақсы біліп отырсыз.

Бірақ сол 24 күнге 43 мың теңге шығарып берсе, ол айда мұғалім үшін ковидтен де үлкен соққы болары анық. Ауырып, әлсіреп, иммунитеті төмендеп шыққан мұғалім қаржылық қиындықтың құрсауына түсері анық. Қылқындыратын несие, бала-шағасының тамағы, коммуналдық төлемдер. Бәріне бірдей 43 мың теңге жетпейді.

Осыны уайымдаған мұғалімнен денсаулығын күтіп 14 күн оңалту кезеңінде жатуды сұрай аласыз ба? Жоқ, әрине. Мұғалім өкпесін сүйретіп, жұмысқа баруға мәжбүр болуы мүмкін. Ауырса да, жалақысын жоғалтудан қорқып мектепке баруы мүмкін.

Осы жағдайларды ескеріп:

Уақытша еңбекке жарамсыздық парағына арналған жәрдемақы мөлшерін ковидпен ауырған педагогтерге көбейтуіңізді сұраймыз. Яғни, жеткілікті деңгейде, жоғалтқан жалақысының орынын толатындай болса. Бұл бірінші кезекте қауіпсіздікті қорғайтын амал.

Екіншіден, мұғалімнің денсаулығы мен өмірін сақтау үшін маңызды. Серік Жамбылұлы! Халықты әлеуметтік қорғау министрі екеніңізді осындайда көрсетсеңіз екен!».

Айнұр Сабыр, мұғалім:

43 мың теңге дәрі-дәрмекке де, азық-түлікке де жетпейді

– Шынымен де, уақытша жұмысқа жарамсыздық кезеңге ақша төлеу жағы үлкен мәселе. Бір ай ауырса да, 43 мыңнан асырып төлемейді бәрібір. 43 мың дәрі-дәрмекке, азық-түлікке жетпейді.

Сондықтан көбінің басы ауырып, балтыры сыздаған кезде дәрігерге жүгінбейтіні рас. Дәрі ішіп алып, өзімізді өзіміз емдеп жүре береміз. Ал ковидпен ауырған кезде кемінде 24 күн керек. 10 күн ауруханада, 14 күн үйде  оқшауланып жатады. Бұл бір айға жуық уақыт. Осыған 43 мың теңге төленеді. Қазіргі кезде несиесіз адам жоқ. Бала-шағасы бар.

Тіпті, дәрі-дәрмекке жетпейді. Өйткені, қазір бәрі қымбат. Уақытша жұмысқа жарамсыз уақытқа осылай ақша төлеу вирусты жұқтыру қаупін жоғарылатады. Ұстаз қауымының сұрайтыны – ең болмаса індет кезінде ауырған жағдайда жалақысының 50 пайызы сақталса. Былтыр ҰБТ кезінде мұғалімнің өздері бір-біріне жұқтырды.

Тілекқабыл Нұрышов, мұғалім:

Ауырған адам біраз шығындалады

– Жалпы, жұмысқа уақытша жарамсыз ретінде ауырған адам біраз шығындалады. Ол коронвируспен ауырды ма, басқа дертке шалдықты ма, бәрібір. Өзінің диагнозына байланысты дәрі-дәрмек алуы керек. Бірақ еңбекақысынан көп ұсталады. Қазіргі кезде бәрі қымбат. Коммуналдық төлем, азық-түлік, бәрі шарықтап кеткен. «Еститін үкімет» деген жоба бар ғой. Мұны бәрі қолдап отыр. Осы ескерілсе деген үміт бар.

Айбар Абайұлы, мұғалім:

Жалақының кем дегенде 50 пайызын сақтауды қарастырса дейміз

–  Бұл мәселенің дұрыс шешілуін қолдаймын. Екпе алған мұғалімдер де ауырып жатыр. Вакцина алған адам вирусты қайта жұқтырмайды деген кепілдік жоқ.

Ауырған жағдайда 43 мың теңге ғана төленсе, оған қалай күн көреді? Бір сөзбен айтқанда, үлкен ауыртпалық болып тиеді. Сондықтан жалақының кем дегенде 50 пайызын сақтауды қарастырса дейміз. Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі үкіметтік деңгейде шешілуіне атсалысса екен.

Тіпті, коронавирус қана емес, басқа да дертпен ұзақ мерзімге ауырып қалатын мұғалімдер болады. Сондай жағдайда 43 мың теңге отбасын асырауға, әлеуметтік мәселесін шешуге жетпейді. Керісінше, мұғалімге ауыр соққы. Бұл мәселе орынды көтерілген.  

Тегтер: