УРАН және САНКЦИЯ: Стратегиялық салада НЕГЕ Ресейдің үлесі артып барады?
Әміржан ҚОСАН, саясаткер
Мына бір жедел ақпарат бірқатар БАҚ-та жарияланса да, қоғам назарынан тыс қалған сықылды. Олай болса, осы олқылықтың орнын толтыруға тырысайын.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан үкіметі Мәскеуде тіркелген және «Росатомға» тікелей қатысы бар «Ураниум Уан груп» компаниясына уран өндіруші бірқатар отандық компаниялардың акцияларының бөлігін (30-70 %-ке дейін) иелікке беру туралы шешім қабылдапты. Ол компаниялардың ішінде «Қаратау», «Хорасан-U», Оңтүстік тау-химия компаниясы аталуда.
Иә, біздің уранды өндіруге басқа елдер де атсалысуда. Олар Қазақстанға инвестиция мен озық технологиялар әкеліп жатыр. Бірлескен кәспорындар құрған елдер ішінде Жапония, Франция, Канада және Қытай бар. Бірақ бәрінен де көп жоба – Ресейдің еншісінде екен, яғни стратегиялық, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар салада Ресейдің салмағы артып барады.
Фото: ғаламтордан
Иә, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы бұл салада мемлекет атынан бақылау жүргізеді. Бірақ ол бақылау қаншалықты күшті?
Міне, енді Ресей уран өндіретін салада өз үлесін тағы да арттыруда. Неліктен осынау маңызды саламыз бір жаққа – Ресей жағына ойысып бара жатыр? Қазақстан бұл шешімнен қандай пайда көріп отыр?
Бұл сауалға ресми көздерден жауап таба алмадық, өйткені ресми шешімнің ресми түсіндірмесі жоқ. Ал Ресейдің көрген пайдасы шаш етектен.
Біріншіден, ол әлемдегі ең ірі уран өндіруші елдер қатарындағы позициясын одан сайын нығайтып алады. Екіншіден, осы шешім арқылы ол өз-өзін ұжымдық Батыстың санкцияларынан сақтандыру мүмкіндігіне ие болады.
Үшіншіден, шетел сарапшыларының айтуы бойынша, Ресей еліміздің уран өндірісіне ықпалын осылайша арттырып алып, Қазақстанда АЭС салуға ынталы елдерден оқ бойы озғалы тұр, өйткені көп нәрсе АЭС үшін қажет шикізатқа байланысты. Кейбір дереккөздерге сенсек, қазірдің өзінде АЭС-тің ресейлік жобасының лоббистері өз күшіне мініп, ресейлік нұсқаны өткізгелі тұр екен.
Фото: ғаламтордан
Үкіметіміздің осы екіұдай шешіміне қатысты менің мынадай сұрақтарым бар: Уран секілді стратегиялық әрі әлемде өте-мөте сирек кездесетін шикізатты өндіретін компаниялардың акцияларын Ресей иелігіне беру тиісті конкурс арқылы жүргізілді ме? Жүргізілсе, ол конкурсқа басқа елдер қатысты ма? Неліктен Ресейдің ұсынысы тиімді боп шықты? Әлде конкурс өткізілмеді ме?
Жаңа Қазақстан бастамашылары «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деп жаңаша ұран көтеріп, оны Конституцияға тайға таңба басқандай енгізіп жатқанда, үкіметтің халықпен ақылдаспай, біржақты шешім қабылдауына не жорық?
Меніңше, Ата заңға осындай маңызды өзгеріс енгізілгеннен кейін ендігі жерде қазба байлықтарымызға қатысты меншік мәселесі міндетті түрде көппартиялық парламентте талқыланып, соның тиісті ратификациясынан кейін ғана күшіне енуі шарт.
Жалпы алғанда, стратегиялық маңызы бар салаларға шет елдерді оңды-солды, қоғамның қатысуынсыз араластыру керек пе? Оны да ойластырып, реттеп алуымыз керек.
Аса маңызды кәсіпорындарды Ресейдің бақылауына беріп, өзіміз де ұжымдық Батыстың қосымша санкциясына ұшырап қалмаймыз ба?
Коллаж: ғаламтордан
Қарап отырсақ, уранға қатысты хабарға АЭС тақырыбы қосарланып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын үкімет басқа елдердің де ұсыныстарын қарастырып жатқанын хабарлап еді. Біраздан бері ол майданнан ешқандай да ақпарат жоқ. Бұл ненің белгісі?
Шынымен де уранымыздың көп бөлігін уысына түсіріп жатқан Ресей жағы енді Қазақстанда АЭС салуды қолға алмақшы ма?
Осы және басқа да сұрақтарға үкімет жедел түрде жауап бермесе, қоғам мұның жауабын өзі іздеп табады...