Үміт пен күдік: Президент сайлауы туралы сарапшылар не дейді?

Президенттік сайлау мерзімінен бұрын өтетін болды. Әдеттегідей, «Ескі Қазақстанның» стилінде. Жолдауда айтылған бұл шешімді жұрт әртүрлі қабылдады. Қолдағандар да бар, сынайтындар да табылды. Тіпті бойкотшылар да төбе көрсетіп қалды...
NEGE тілшісі Мәжіліс депутаттары мен саясаттанушыларды сөйлетіп көрді.
Жексенбай Дүйсебаев, Мәжіліс депутаты:
Президентке толық бір мерзім керек
– Қазіргі жағдай, геосаяси ахуалға байланысты қарастыратын болсақ, Президенттің өкілеттілігін 7 жылға дейін ұзартатыны дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл – өте батыл қадам. Кезектен тыс сайлау өткізу ұсынысын да қолдаймын. Неге десеңіз, еліміздің болашағы балаларымыз бен немерелеріміз үшін мемлекетте тұрақтылық орнағаны жақсы.
Президент Жаңа Қазақстан деп үлкен өзгерістерді бастап жатыр ғой. Бұл ұсыныс та жаңа даму жолының бастамасы. Елдің бүкіл жауапкершілігін бір кісінің қолына берген дұрыс қой. Тоқаев өзінің айтқан сөзін аяғына дейін жеткізіп кетуі керек. Сол себепті сайлауда «Президент анау болады, мынау болады» деу артықшылық деп ойлаймын.
«Ал 5 жыл мен 7 жылдың қандай айырмашылығы бар?» деген сұраққа жауап берсем, Мемлекет басшысының алға қойған бағдарламаларын орындау үшін толық бір мерзім керек.
Мысалы, 5 жыл өкілеттілік түптеп келгенде 4 жылдық қана уақыт қой. 4 жылдан кейін «президенттің сайлауы» деп айқай-шу басталады. Ұзақ мерзімді бағдарламалар дегеніміз, бір-екі күндік немесе бір ай ішінде жүзеге асыра салатын шаруалар емес. Ал 7 жыл ол үшін өте қолайлы кезең деп ойлаймын. Ештеңе жарты жолда аяқсыз қалмайды. Мәселе – осында.
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
Қазір Тоқаевқа тең келетін ешкім жоқ
– Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс сайлау өткізуді ұсыну арқылы болашақ ел президенттері үшін өз өкілеттілігін құрбандыққа шалды деп есептеймін. Бұл – үлкен мәрттік. Осылайша ол өзінен кейін сайланатын президенттер үшін месседж жасады.
Тоқаев өзінің алдында ұзақ уақыт билікке отырған адамдарды көрді ғой. Демек, өкілеттілік мерзімін ұзартып, бір-ақ рет қана сайлануды ұсынуының астарында терең ой, үлкен жоспар жатыр деп ойлаймын.
Президенттікке кандидат болғысы келетіндер әрқашан табылады. Елімізде қаншама білімді, көзі ашық ұлтжанды жандар бар. Әрқайсысының қолдайтын адамдары да болады. Мәселе билік басына ұмтылуда емес, саяси салмақта ғой. Ал қазір Тоқаевқа тең келетін ешкім жоқ.
Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты:
Дұрыс шешім
– Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізуіне екі мәселе түрткі болып отыр. Бұған көршілес мемлекеттің арасындағы қақтығыстардың ықпалы бар. Бұл – бір.
Екіншісі, Қаңтар оқиғасына тікелей байланысты деп ойлаймын. Әрине, Қаңтар оқиғасы кезінде жарасы ашылған ең әлсіз тұстарымызды көрдік. «Сырты – бүтін, іші – түтін» болып жатқан жағдайлардың куәгері болдық. Сондықтан дәл осы уақытта президенттік сайлауы өткізу дұрыс шешім деп есептеймін.
Бұл – жай ғана президентті таңдау емес, жалпы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі позициясы мен ішкі саяси бағыт-бағдарын анықтауға бағытталған саяси науқан.
Және бұл ел арасындағы «Жаңа Қазақстанды құрамыз» деген стратегиялық жоспарымыз бар ғой, сол қаншалықты қолдауға ие болады деген сұрақтарға тікелей жауап береді.
Жаңа Қазақстан, жаңа өзгеріс, жаңа Президент, менің ойымша, барлығы үйлесіп тұр. Тоқаевтың өзі айтып кеткендей, енді халық елде болатын саяси өзгерістердің бәрін алдын ала біліп отыратын болады. Дамыған мемлекеттерде қалыптасқан үрдіс бұл.
Ал 7 жылдық меже – бір ғана өкілеттілік үшін өте тиімді уақыт. Мен де президеттің тек бір рет қана сайлануын дұрыс деп санаймын. Мұндай қағида ел басқарған адамның мемлекетті, қолындағы билікті өзінің жеке меншігі ретінде қарауға жол бермейді.
Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынатын болса, сөзсіз жеңіске жетеді. Өйткені оның соңғы жағдайларда қабылдаған шешімдері үшін халық қолдайды деп ойлаймын.
«Күздегі сайлауға дейін саяси партиялар тіркеліп, кандидаттар ұсынып үлгермейді» деген сияқты ойлар айтылып жатыр, бұған келіспеймін. Саясатқа келген, билікке барамын деген азамат, билікке таласамын деген саяси партиялар әрдайым, әр уақытта дайын болуы керек. Өйткені сайлау – олардың саяси күштері мен қабілеттерін көрсетенін алаң.
Мәди Ханафия, саясаттанушы:
Суперпрезиденттік жүйеден әлі арылған жоқпыз
– Негізі жоспар бойынша президент сайлауы 2024 жылы өту керек еді. Меніңше, Тоқаев қазір кезектен тыс сайлау өткізем десе, демек өзінің жеңетініне сенімді. Бұл – өте аз уақыт. Кандидаттар әлі белгісіз. Олардың көбі дайындалып та үлгермейді. Халықтың соңғы кездегі өзіне деген оң көзқарасын байқаған ол билігін осылай ұзартып алмақшы. Екі жылдан кейін елде не болып кететіні белгісіз, ал қазіргі сайлау – ол үшін легитимді. Өйткені бұған дейінгі елімізде өткен кезектен тыс сайлау кезінде сол кезеңдегі президент фаворит болды.
Мемлекет басшысы өкілеттілік мерзімін 5-тен 7 жылға ұзарту арқылы өзінің билігін ары қарай да жалғастырғысы келеді. Мүмкін ол өзі құрған стратегия мен бағдарламаларын осы кезең ішінде аяқтағысы келетін шығар. Бірақ сайлау өткізу ел үшін үлкен қаржылық шығын. Дәл қазіргі уақытта оның еш өзектілігі жоқ деп. Қоғам үшін, мемлекет үшін қазір шұғыл шешуге тиіс басқа да маңызды мәселелер тұр.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде тағы қандай оқиғалар болуы мүмкіндігін болжай алмағандықтан, өзіне алдын-ала сақтандыру амалын жасап отыр. Біздің әлі суперпрезиденттік жүйеден арылмаған демократияның белгісі осы: әр президент заңға өзі өзгеріс енгізе береді. Қалай өзгертем десе де, бәрі президенттің қолында.
- Оқи отырыңыз: «Қорды жеген балалар». Ұлттық қордың балаларға дивиденд беруі сарапшыларды НЕГЕ екіге жарды?
Менің ойымша, бұл өте түсініксіз шешім болды. Кейбір мемлекеттерде ел басқаратын адамның өкілеттілік мерзімі қысқа болғаннан кейін ол саяси тонусын жоғалтпай, барынша белсенді түрде қызмет жасайды. Ал біздегі 7 жылдық өкілеттілік президентті пассивті формадағы билікке алып келе ме деп қауіптенемін. Бұл келешекке емес, кейінге қарай жасалған қадам деп есептеймін. Ең өкініштісі, қазір елге қажетті реформалар шетте қалады да, бәрі сайлау науқанына кірісіп кетеді.
Әсем Құлманова, Елорда.