2 Қыркүйек 11:40

«Қорды жеген балалар». Ұлттық қордың балаларға дивиденд беруі сарапшыларды НЕГЕ екіге жарды?

Фото:

Президент Тоқаевтың Жолдаудағы жаңа бастамасы – Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің тең жартысын 18 жасқа толмаған балаларға ашылған арнайы шотқа аудару бойынша бірізді пікір қалыптаспады.

Сарапшылардың айтуынша, ол жеткілікті дәрежеде мәселені шеше алатын қаржы болмағандықтан, ауыз толтырып айтарлықтай көмек деуге келмейді. Ұлттық қор 2000 жылы негізінен мұнай, газ және пайдалы қазбалар бағасының құбылмалылығының экономикаға әсерін азайту мақсатында тұрақтандыру және жинақтау қоры ретінде құрылған болатын.

«Ұлттық қордың жинақтау функциясының тиімділігінің төмендеуіне байланысты Президент Тоқаевтың инвестициялық кірістің жартысын қайтарып алу туралы бастамасы өте қауіпті», – деп жазады Tengenomika.

«Мәселен, ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың шілде айындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың активтері 53,3 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылдың соңындағы көрсеткіштен 3,6%-ға аз. Айтпақшы, Ұлттық қордың 2021 жылғы инвестициялық кірісі туралы ресми ақпарат табылмады, бірақ 2020 жылы ол 4,1 млрд АҚШ долларын немесе 7,5%-ды, ал 2019 жылы 7,4%-ды немесе 4,2 млрд доллардан астам еді. Одан да маңыздысы, Ұлттық қор құрылған күннен бастап 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін оның жылдық кірісі небәрі 3,22 пайыз болған»

Сонда, 2021 жылды қоспағанда, соңғы екі жылдағы орташа кірістілік 7,45% деңгейінде болды. Ал мұндай инвестициялық кірістің орташа 50 пайызы 1,5-2 миллиард АҚШ долларының көлемінде. Мұндай ақшаның Қордан алынуы оны толтыруға қиындық туғызатыны да жасырын емес.

Фото: Liter.kz

Сарапшы Расул Рысмембетов инвестициялық кірісті балаларға берудің басқаша жолын ұсынып отыр. Оның ойынша, ақшаны ешқайда аудармау керек. Ол Ұлттық қорда жата бергені дұрыс.

«Қалыпты бағалы қағаздарға инвестициялауды жалғастыра беру қажет. Әрбір баланың осы Ұлттық қорда шот ашуға құқығы болады. Ол үшін Ұлттық қорды бақылайтын, банктерге қатысы жоқ жеке құрылым ашу керек»

Ең бастысы, бұл қаржыны екінші деңгейлі банктерге сеніп тапсыруға болмайды. Себебі, банк секторы тұрақсыз болса, қаржы жоғалып кетуі мүмкін.

Ақорданың артынан берген түсініктемесіне сай, балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады.

«Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», - деп жазады Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

«Бұл норма күшіне енген кезде (2024 ж.) 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Олар кәмелеттік жасқа толғанша қаржы түсіп тұрады. Шоттардағы қаражат шетел валютасында болатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляция қорғауға мүмкіндік береді»

Біздің ойымызша, Президент бастамасы жағымды психологиялық фон қалыптастырмақ. Бірақ сол жиналған ақша балалардың болашағына нақты жолдама береді деуге келмейді.

Дегенмен де мұның эмоционалды эффектісі жақсы болатыны анық. Өскелең ұрпақ өз мемлекетін жылы қабылдай бастауы тиіс.

Тегтер: