1 Қыркүйек 16:41
...

Басталды! Мерзімінен бұрын өтетін сайлауға кімдер түсуі мүмкін?

Фото:
Қара күзде президент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді. Билік бұған тас-түйін дайын.

Басты үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда өзінің сайлауалды бағдарламасының кескінін таныстырып өтті. Бұл көпшілік күтпеген жаңалық болды. Тіпті «Аманат» партиясы үшін де. Партиядан тыс тұрған Тоқаевты қолдай ма, жоқ әлде, ортақ кандидат ұсына ма? Бұл сауал аманаттықтарды әлден-ақ мазалай бастады.

Ал Тоқаевқа басты қарсылас кім болмақ? Саяси партиялардың үкілеп додаға қосуға үміткері дайын ба? Бұл сұрақтарды бірқатар саяси ұйымдардың лидерлеріне қойып көрдік.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

Мен дайынмын

– Егер оппозиция ортақ кандидат ұсынса, оны қолдаймын. Егер оны тіркемесе, өзімді президенттікке ұсынамын. Тіркелуге мен дайынмын, өйткені тіркелу үшін заң жағынан мінсізбін. 2019 жылы барлық ресми процедурадан өткенмін.

Тоғжан Қожалиева, «Хақ» қозғалысының жетекшісі:

Аяққа тұсау бар

– Қасым-Жомарт Тоқаев легитимді президент емес. Бұған дейінгі сайлау жасанды болған еді. Сондықтан оған өз билігін легитимді етіп, карт-бланш алу маңызды. Егер сайлау 2024 жылы, яғни өз мерзімінде өтсе, оның қайта сайлануы қиын болады.

Сайлауға Болат Әбілев және Бейбіт Әлібеков (Республика партиясы- ред), Олжас Сүлейменов түсуі мүмкін. Президенттікке түсу үшін бес жыл мемлекеттік қызмет істеу керек деген ереже бар. Мен –мемлекеттік қызметте істемеген адаммын. Сайлауда бақ сынап көруші едім. Бірақ маған осындай шектеу мүмкіндік бермейді.

Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:

Шешімді партияның құрылтайы қабылдайды

– Мұндай шешімді партияның құрылтайы қабылдайды. Үміткер ұсынудың партия жарғысында қарастырылған тәртібі бар. Ол тәртіп сайтымызда нақты көрсетілген. Сайлауға түсуге ниет білдірген адамдар алдымен арыз жазады. Ол арызды кеңес қарастырып, мақұлдаса, құрылтайдың қарауына шығарылады. Нақты шешім – құрылтайдың қолында.

Сайлаудың нақты күндері жарияланған жоқ. Содан кейін ғана құрылтайға жиналамыз. Оның алдында кеңес өткізу керек. Біраз жұмысы бар.

Санжар Боқаев, тіркелмеген Namys партиясының жетекшісі:

Сайлауға түсуге әзір емеспіз

– Өзім сайлауға түспеймін. Заң бойынша, президенттікке үміткерлерді белгілі бір республикалық қоғамдық ұйым ғана тіркете алады. Біз әлі тіркелгеніміз жоқ. Тіркемей жатыр. Сайлауға түсуге әзір емеспіз. Басқа ешкімнің дайын емес екенін пайдаланып қалмақ.  

Келесі жылы экономикалық жағдайымыз бұдан да нашарлай түсетін сияқты. Тоқаевтың рейтингі қазір жаман емес деп, билік сайлауды биыл өткізіп алмақ. Тек қана өздерінің тәуекелдерін азайту үшін осындай қадамға барып отыр. Сосын Тоқаевқа бәсекелестердің жоқтығын пайдаланып қалмақшы.

Әйтпесе, сайлау өткізуге нақты конституциялық негізді көріп тұрғаным жоқ. Бұл – Тоқаевқа ғана тиімді болатын таза саяси шешім.

Тегтер: