3 Қаңтар 15:45
...

«Ұлттық қор – балаларға»: 18-ге толмаған балаға ақша аударыла бастайды  

Фото:

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында оны орындау тетігі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми қолданысқа еніп, алдын ала мәлімет бойынша, жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам баланы қамтиды. 

Демек, 18-ге толмаған баласы бар ата-ана eGov-тегі деректі тексеріп қоюы керек. Ұлттық қорды басқару Ұлттық банктің құзырындағы шаруа болғанмен, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының үйлестірушісі – Қаржы министрлігі. Ал оператор – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі жасақталады. Сол тізім негізінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысын неше балаға теңдей бөлу керектігі белгілі болады.

2024 жылдың 1 ақпанында осы есептеулер негізінде 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды. Қаржы министрлігі ата-аналарға балаларын жеке құжаттандыру мәселесіне жіті назар аударуға шақырып отыр. Қандай да бір себеппен құжаттары болмай жатса, кейінге қалдыра бермей жасату қажет деген сөз. Тіпті, қандай да бір адами факторлардың себебінен балаңыздың мәліметі базадан түсіп қалған күннің өзінде де бала қаражатсыз қалмайды. Мысалы, биыл мәліметтер базасында болмай қалса, келесі жылы өткен жылдың төлемі қоса аударылып отырады. Ондай мүмкіндік көзделген. Сондықтан ешбір бала Ұлттық қор қаражатынан шет қалмайды.

Ұлттық қордан түскен төлемді қандай мақсатқа пайдалануға болады? 

Әр жылда Ұлттық қордан балаларға аударылатын қаражаттың мөлшері қанша болатыны сол жылдағы инвестициялық кірістің көлеміне байланысты болмақ. Мысалы, 2024 жылы балалардың Ұлттық қордан алатын «еншісі» 2005-2022 жылдар аралығындағы инвестициялық кірістерден есептеледі. Осы жылдар кезеңіндегі инвестициялық кірісті қосып, оны 18-ге бөледі. Содан шыққан соманың 50 пайызы әр балаға теңдей бөлінеді. Осылайша, 2025 жылы 2006-2023 жылдар аралығындағы, 2026 жылы 2007-2024 жылдар аралығындағы инвестициялық кірістердің орташа мәні есептеліп, тең жартысы кәмелетке толмаған балаларға теңдей бөлініп отырады.

Елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келсе, әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады. 18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Бірақ баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек. Ұлттық қорда шоты бар, 18-ге толған қазақстандық ол ақшаны техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына жұмсай алады. Бір ерекшелігі, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы оқу гранты болып есептелмейді. Сондықтан шот иесіне «Болашақ» бағдарламасы мен өзге де мемлекеттік гранттардағы сияқты оқу бітіргеннен кейін Қазақстан аумағында қалып бірнеше жыл жұмыс істеу міндеттелмейді.

Төлем қай кезде тоқтатылады? 

Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген, яғни әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады. Ал заңды мұрагер баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдаланады.

Сол сияқты бала Қазақстан азаматтығынан айырылған кезде Ұлттық қордан төлем аударылмайды. Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақ салықтан босатылады. Ата-аналар ешқандай құжат жинамайды, өйткені процесс тұтас автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, тиісті интеграциялық жұмыс жүргізіп отырады.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражаты 10 жыл сақталады. Осы 10 жыл ішінде шоттағы қаражат талап етілмеген жағдайда сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Бала шотындағы ақша доллармен сақталып, 18-ге толғаннан кейінгі 10 жыл ішінде талап еткен уақыттағы бағам бойынша теңгемен аударылады. Ақша аудару жолымен ғана пайдаланылады, қолма-қол берілмейді. Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жылда 3500 АҚШ доллары жиналуы тиіс. Ал жыл сайын шамамен 150-160 доллар аударылады.

Егер балаңыздың деректері eGov-та жоқ болса, платформада «баланы қосу» деген батырма бар. Соны басып, баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады. Ал тіркеу кезінде ақпараттар шықпай жатса, «түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізесіз. Қалғанын тиісті, уәкілетті орган өзі реттейді. 

Тегтер: