«Украина – Путин үшін жаңа Ауғанстан» – Халықаралық сарапшы Серен Кенар

Серен Кенар – Stracom компаниясының негізін қалаушы және халықаралық сарапшы. Ол жаһандық оқиғаларға сауатты шолу, талдаулар жасайды. Әсіресе, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка аймағы (ТШСА), Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азияға ерекше назар аударады. Оның мақалалары мен репортаждары әлемдегі ең беделді басылымдарда – The Guardian, New York Times, Foreign Policy және BBC World секілді ақпарат құралдарында жарық көрген.
NEGE тілшісі Серен Кенардан геосаяси жағдайға қатысты пікір сұрап, сұхбат алды.

– Украинада соғыс жүріп жатқалы үшінші жылға аяқ басты. Бұл соғыс әлемдік тәртіпке қандай өзгерістер енгізді деп есептейсіз?
– Бұл тек екі елдің арасындағы соғыс емес, бұл – халықаралық тәртіптің жаңа кезеңге аяқ басуы. Біз ескі әріптестіктердің беріктігі, ұлы державалардың сенімділігі және халықаралық құқық нормаларының салмағы сыналатын тарихи сәтте тұрмыз. Бұл соғыс жаһандық күштердің текетіресіне айналды. Өйткені Ресей қырғи қабақ соғыстан кейін Батыс үстемдік етіп отырған жүйені бұзып, өз аймағындағы ықпалын қалпына келтіруге тырысады. Ал АҚШ, НАТО және Еуроодақ егемендік, аумақтық тұтастық, демократия секілді қағидаларды қорғауға тырысып бағуда.
Бұл соғыс күтпеген жерден НАТО-ны күшейтті. Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуы, Шығыс Еуропа елдеріндегі инфрақұрылым мен әскери әлеуеттің нығаюы осының айғағы.
Екінші маңызды мәселе – энергетика. Соғыс Еуропаны ресейлік ресурстардан бас тартуға итермеледі, бұл бүкіл жаһандық энергия нарығына әсер етті. Баламалы энергия, сұйытылған газ, жеткізу бағыттары мен атом энергетикасы – бәрі қайта қаралуда. Қара теңіз де геостратегиялық күрестің ошағына айналды. Түркияның Монтрё аясындағы рөлі мен Ресейдің Қырымдағы әскери белсенділігі бұл аймақтың маңызын арттырып отыр.

– Бұл жағдай қай елдердің ұстанымын күшейтіп, қай елдердің позициясын әлсіретті?
– Алдымен кім ұтып жатыр дегенге тоқталайық. Қазіргі жағдайда АҚШ жаһандық көшбасшылығын кезекті рет дәлелдеді: қару экспорты артты, НАТО нығайды, Шығыс Еуропадағы ықпалы өсті. Польша мен Балтық елдері НАТО-ның шеткері аймақтарынан орталық акторларға айналды. Қазір Польша Украинаға әскери көмек көрсетіп, босқындарды қабылдап, Еуроодақ саясатын қалыптастыруда жетекші рөл атқаруда. Ал Түркия Мәскеумен және Киевпен тең қарым-қатынас орнатып, астық дәлізін реттеді, Босфор бұғазын стратегиялық артықшылық ретінде пайдаланды.
Қытай екіұшты позициясы үшін сынға ұшыраса да, Ресеймен арзан энергия келісімдерін жасап, әскери тәжірибе жинап, Тайваньға қатысты жоспарын жетілдіруге мүмкіндік алды.
Енді кім ұтылды дегенге келейік. Ең үлкен стратегиялық жеңіліске ұшыраған ел – Ресей. Санкциялар, әскери шығындар, халықаралық оқшаулау, Қытай мен Иранға тәуелділік және беделінің жоғалуы, осының бәрі Ресейге ауыр соққы боп тиді.
Еуропадағы жетекші елдердің бірі Германияның Ресей газына тәуелділігі және соғыс басталғанда шешім қабылдаудағы баяулығы НАТО мен Еуроодақ елдері алдындағы беделіне селкеу түсіріп, сенімсіз әріптес ретінде көрсетті. Ал Венгрия мен Сербия Кремльге бұрынғыдан да жақындап, кімнің жағында екенін айқындады.
Дамушы елдер бейтарап қалуға тырысқанымен, азық-түлік пен отын бағасының өсуінен қатты зардап шегіп отыр. Алдағы уақытта бұл елдерге қысым артады, Кремль «позицияны нақтылауды» талап етеді.
– Ауғанстан факторы бізге тарихтан белгілі. Енді Украина «жаңа Ауғанстанға» айналуы мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Қазірдің өзінде бұл теңеу айтылып жүр. Украина мен Ауғанстан тарихи және географиялық тұрғыдан әртүрлі болғанымен, стратегиялық қақтығыстар ошағы ретінде ұқсастықтары бар. Ауғанстандағы соғыс Кеңес одағын қалай абыройсыздыққа ұрындырса, Украина жеріндегі соғыс та Ресейді дәл солай абыройсыздыққа әкеле жатыр. Әрине, айырмашылық бар. Украина – Еуропа жүрегінде орналасқан, НАТО елдерімен шектесетін мемлекет. Демек, бұл соғыс тек аймақтық қана емес, жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіріп тұр.
Батыс Украинаға қару-жарақпен, барлаумен және қаржылай көмек көрсетуде. Ал Ресей Иран мен Солтүстік Кореядан техника алып отыр, Қытайдан дипломатиялық қолдау тапты. Сондықтан да бұл жәй соғыс емес, жүйелік текетірес деуге болады.

– Халықаралық қауымдастықтың гуманитарлық дағдарысқа реакциясын қалай бағалайсыз?
– Бастапқыда халықаралық қауымдастық Украинаға жылдам әрі көп көмек көрсетті. Бұл – ынтымақтастықтың тарихта сирек кездесетін үлгісі. Украинадан келген босқындарды Еуропа ерекше жанашырлықпен қабылдады. Бірақ соғыстың ұзаққа созылуы көмек жүйесінің әлсіз тұстарын ашып берді. Ұзақ мерзімді қолдау стратегиясы жоқ, қаржыландыру азайды, әлемнің назары басқа тақырыптарға ауыса бастады.
– Сіз халықаралық журналистика принциптерін жақсы білесіз. Дегенмен қазіргі жағдайды бейтарап баяндау мүмкін бе?
– Қазіргі жағдайда бейтарап болу мүмкін емес, тіпті қажет те емес. Біз шындықты айтуымыз керек, бірақ бұл бейтарап болу деген сөз емес. Бұл – жағдайға дәлдік, адалдық және адамгершілік тұрғысынан қарау.