«Соғыс басталғалы аурухана менің үйіме айналды» – Палестиналық дәрігер Хамам Әлшанти

Израильдің әуе соққысынан Газа қаласындағы толық жұмыс істеп тұрған соңғы аурухананың бір бөлігі қирады. Бұл оқиға онсыз да күйреген денсаулық сақтау жүйесіне соққы болды. Дәрігерлер адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр.
NEGE тілшісі соғыс басталғалы ауруханадан шықпаған палестиналық дәрігер Хамам Әлшантиден сұхбат алып, оның өмірі қалай өзгергенін және қазіргі жағдайдың қаншалықты ауыр екенін білді.
– Газада қанша аурухана қалды?
– 2025 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша, Газа секторында бұрын болған 36 аурухананың тек он шақтысы жұмыс істеп тұр. Барлығы анклавтың оңтүстігінде орналасқан. Газаның солтүстігінде бірде-бір медициналық мекеме жұмыс істемейді.
Соңғы әуе шабуылдары Газа қаласындағы ауруханалардың инфрақұрылымын толығымен қиратып жіберді. Жұмыс істеп тұрған бірнеше мекеме шамадан тыс жүктемемен, төтенше жағдай режимінде еңбек етуде.

– Күніне қанша сағат жұмыс істейсіз?
– Мен тәулік бойы ауруханадамын. Соғыс басталғалы аурухана менің үйіме айналды. Бірер сағат қана ұйықтаймын. Әрбір минутымды жұмысқа арнаймын. Соғыс жағдайында олай етпеу мүмкін емес.
– Дәрігерлер қандай жағдайда жұмыс істеп жатыр?
– Жағдай өте ауыр. Көптеген аурухана қираған немесе қатты зақымданған. Жұмыс істеп тұрғандары бар күшін салып-ақ жатыр. Дәрі-дәрмек, су мен жарық тапшы. Біз тек күн энергиясына сенеміз, бірақ ол түнде кез келген сәтте сөніп қалуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, өмірге қажетті дәрілердің 60%-ы жоқ. Аппаратура жетіспейді. Жансақтау бөлімі жұмыс істемейді. Ас-ауқат жоқ.
Ең ауыры – ата-аналар баласының шейіт болғанын білген сәт. Сол кезде аурухананы ащы жоқтау мен жылап-сықтау басады. Біздің қазіргі күйіміз өмір сүру емес, аман қалу үшін күрес.

– Адамдар ауруханаға қандай күйде түсіп жатыр?
– Жарылыстар толастар емес. Ауруханаға түсетіндердің түгелге жуығы жарылыстардан жарақат алғандар. Миналардан, снарядтардан, өрт салдарынан алған жарақаттар. Жүрекке салмақ түсіретін ең ауыр жайт – балалардың жарақаты. Олардың жарасы енді ешқашан жазылмайды.
– Газадағы медицина жүйесі қашан қалыпқа келеді?
– Бізге шұғыл халықаралық көмек қажет. Онсыз бұл жүйе тіршілік ете алмайды. Жағдай күн сайын нашарлап барады. Бірақ біз әрекетсіз отыра алмаймыз. Бізге сеніп отырған халық бар. Оларға барынша көмектесуге тырысамыз.

Бұл соғыс бәрін өзгертті. Мамандық пен жеке өмір арасындағы шекара жойылды. Палестиналық дәрігерлер үшін аурухана – тек жұмыс орны емес, адамгершілік, сенім мен өмірдің соңғы тірегі болып қалды...