29 Қазан 10:57
...

Қазақстанда зейнетақы жинақтарына сатып алынған тұрғын үйді бес жыл бойы сатуға тыйым салу ұсынылды

Тұрғын үй
Фото: ғаламтордан

Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қою бастамасы талқылануда, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Алматы, NEGE. Бұл ұсынысқа Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған күмәнді схемалар себеп. Кей азаматтар жылжымайтын мүлік сатып алу сылтауымен зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алып, кейін сол пәтерлерді бірнеше рет әртүрлі адамдарға сатып отырған.

«Мұнда заңды тікелей бұзу фактісі жоқ, бірақ мұндай операциялар зейнетақы қаражатының мақсатсыз пайдаланылуына және тұрғын үй бағасының статистикасын бұрмалауға, яғни жасанды түрде қымбаттатуға әкелуі мүмкін», — деп атап өтті «Отбасы банк».

Спекуляциялық мәмілелердің алдын алу үшін банк Индустрия және құрылыс министрлігіне тұрғын үйді сату ережелеріне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолдады. Ол бойынша зейнетақы қаражатына сатып алынған жылжымайтын мүлікті бес жыл бойы сатуға болмайды.

«Егер қазақстандық азамат пәтерді зейнетақы жинақтарының есебінен сатып алса, ол бес жыл ішінде оны сата алмайды. Бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп, алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді», — деді банкте.

Сонымен бірге, «Отбасы банкінің» мәлімдеуінше, бұл әзірге тек ұсыныс қана, түпкілікті шешім қабылданған жоқ.