«Әлемде жуық арада бейбітшілік орнай қоймайды» – Халықаралық сарапшы Филипп Эйси

АҚШ пен Украина арасындағы кезекті келіссөз аяқталды. Келіссөз барысын бүкіл әлем алаң көңілмен қадағалап отырды. Өйткені бұл – туысқан екі ел арасындағы соғыс қана емес, әлемдік державалардың қақтығысы. Бұл туралы канадалық тәуелсіз саяси зерттеуші Филип Эйси NEGE тілшісіне өз пікірін айтты.
Филип Эйси – канадалық PhD кандидат және тәуелсіз саяси зерттеуші. Оның зерттеулері соңғы жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне, БҰҰ агенттіктеріне, дипломаттарға және гуманитарлық ұйымдарға Еуропа, Азия, Африка және Оңтүстік Америка бойынша ақпарат беруге пайдаланылады.

«Біз үшін мәселенің өзегі – Канаданың АҚШ-пен қарым-қатынасы, екі ел қазір елеулі шиеленістерді бастан кешіп жатыр. Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Кристия Фриландтың «Канада АҚШ-ты Еуропамен алмастырып, қорғаныс мәселелерінде Еуропаға арқа сүйей алады» деген пікірі шындықтан алыс жатыр. Шын мәнінде, АҚШ-тың тарифтер мен сыртқы саясатқа қатысты ұстанымының мақсаты басқа. Трамптың тарифтерге қатысты саясаты Канадаға немесе Еуропаға қарсы бағытталмаған, керісінше, АҚШ-тың бірполярлы халықаралық жүйесін өз мүддесіне сай қайта құруды көздейді» , – дейді Филип Эйси.
Сарапшының пікірінше, Украина мен Ресей арасындағы соғыс аймақтық қақтығыс қана емес, бүкіл әлемдегі тұрақтылықты шайқауы мүмкін фактор. Мұны АҚШ лидерлері жақсы түсініп отыр.
«АҚШ әлемдегі жетекші орнын сақтап қалуға мүдделі. Бұл тек Трамптың мұрасы үшін ғана емес, әлемдегі тұрақтылық пен АҚШ-тың стратегиялық артықшылықтарын сақтап қалу үшін де маңызды. Айталық, АҚШ НАТО шығындарының 70%-нан астамын және БҰҰ мен бейбітшілік сақтау операциялары бюджетінің елеулі бөлігін қаржыландырады. Ал АҚШ-тың барлау, әскери және қаржылық көмегінсіз Украина тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре алмайды, тіпті Еуропа мен Канаданың қолдауы да көмек бола алмайды. Ендігі жерде Украинаның тағдыры АҚШ-тың қолында», – деді сарапшы.
Филипп Эйсидің пайымдауынша, Еуропа мен Канада Украина үшін қабылдаған соңғы бейбітшілік бастамалары АҚШ-тың мақұлдауынсыз іске аспайтынын түсінеді. Бұл жағдай қазіргі халықаралық жүйенің АҚШ-қа тәуелді екенін көрсетеді.
«АҚШ Еуропадағы қауіпсіздікке айтарлықтай ықпал ете алады. Одан бөлек, қазір Ресей Еуроодақ елдері немесе Ұлыбританияға емес, АҚШ-қа иек артады. Еуропа АҚШ-қа қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылық жөнінен тәуелді, АҚШ-тың қолдауынсыз Еуропа Ресейге қарсы тұрудан қорқақтайды. Содан да болар Еуропа қазір қорғаныс шығындарын айтарлықтай арттырып, АҚШ-тан тәуелсіз қорғаныс жүйесін құруға тырысуда. АҚШ Украинадағы тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етпесе, күшті трансатлантикалық альянс сақталмаса, АҚШ, Канада және Еуропа мүдделерін қорғайтын бірполярлы халықаралық жүйенің жалғасуы қатерге ұшырауы мүмкін», – деп есептейді Филипп Эйси.

Сарапшының пайымдауынша, көпполярлы әлем тәртібі үшін Украинадағы соғыстың нәтижесі маңызды. Егер Ресей өз мақсатына жетсе, бұл көпполярлықтың жеңілісіне және АҚШ гегемониясының жеңісіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ Украинада бейбітшілік орнатуды қамтамасыз етпесе, бұл трансатлантикалық альянстың әлсіретіп, жаһандық бәсекенің күшеюіне себеп болуы ғажап емес.
«Егер АҚШ Украинаға қолдау көрсетуін тоқтатса, бұл Украинаны құрдымға кетіреді. Себебі АҚШ-тың көмегінсіз Еуропа мен НАТО Украинаның қамтамасыз ете алмайды. Украинаның болашағы сыртқы кепілдіктерге, әсіресе, АҚШ-тың көмегіне байланған. Егер бұл қолдау болмаса, Ресей өз мақсатына оңай жетеді, бұл ғаламдық күштердің тепе-теңдігін бұзады. Нәтижесінде, бұл жағдай басқаларды ынталандырып, Қытай, Солтүстік Корея және Иран өз аймағында белсенді әрекетке көшуі мүмкін. Мұндай жағдайда Еуропада да түрлі мәселелер туындайды деп болжаймын. Әсіресе Косово мен Біріккен Босния және Герцеговинаның болашағына қатысты. Сонымен қатар, Украина аумағының Ресейге қосылуы Молдованың да аумақтық тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені 2022 жылғы шілдеде Приднестровье Сыртқы істер министрі негізгі мақсаты Ресей құрамына кіру екенін кезекті рет мәлімдеді», – деді сарапшы.
«Бейбітшілік орнатуға Трамп қауқарлы ма?», – деген сұраққа сарапшының жауабы мынадай болды: «Өкінішке қарай, бейбітшілік жақын арада орнай қоймайтын сияқты. Трамптың 2018-2019 жылдары КХДР-пен жүргізген келіссөздерін еске алайық. Бұл – нақты компромиссіз, тек саяси артықшылық алу мақсатында ғана жүргізілген келіссөздер. Егер Трамп АҚШ-тың ықпалын тиімді пайдаланып, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» тараптардың көңілін тапса, ядролық және ғарыштық қаруларды шектесе, Шығыс Еуропада НАТО күштерінің ықпалын азайтса және Ресей, АҚШ, Еуропа арасындағы сауда және энергетика саласындағы келісімдерді қалпына келтірсе, сонда ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуіміз мүмкін».
Ресей соғысты тоқтатуға келіскен жағдайда қандай шарт қоюы мүмкін? Украина тәуелсіздігін сақтап қала ала ма? Бұл сұраққа Ф.Эйси былай деп жауап берді: «Егер бейбіт келісім жасалса, Украина тәуелсіздігін сақтап қалады, бірақ аумақтық өзгерістерге ұшырауы ықтимал. Украина НАТО-ға мүше болуға ұмтылғанымен, қазіргі уақытта НАТО қорған бола алмайды. Өйткені НАТО-ның негізгі тетіктері АҚШ-тың қолында. Сол себепті де АҚШ Украинаның НАТО құрамына кіруін кейінге қалдырып, белгілі бір аумағынан бас тартуға көндіруі мүмкін», – дейді Филипп Эйси.