17 Сәуір 12:00
...

Түркістан өңірінің ғылыми әлеуетін көтеру жоспары талқыланды

Ғылым академиясы
Фото: 4tagan.kz

ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бір топ ғалымдарымен жүздесті.

Академияның Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья әуелі университет ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Пеями Батталмен кездесу өткізді. Дөңгелек үстел басында өңірдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты бастамалар талқыланып, қос тарап ғылымды дамыту тұрғысында өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ Түркия мемлекетінің TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға ҚР делегациясының, оның ішінде Түркістан облысы өкілдерін тарту жөнінде сөз қозғалды.

–Жақын күндері TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға қазақ ғалымдарының делегациясы жол тартады. Ондағы мақсатымыз – Қазақстан ғылымының басым бағыты бойынша Түркия мемлекетіндегі ірі ғылыми орталықтар мен университеттерінің арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту, ғалымдарды өзара таныстыра отырып, бірлесіп түрлі жобаларды жандандыру. Бүгін осы мәселе төңірегінде қажетті ғылыми бағыттарды бағамдаймыз. Соның негізінде бағдарлама мен ірі ғылыми концепция дайындайтын боламыз.

Екінші мәселе есебінде өңірлік ғылымның жай-жапсарын талқылайтын боламыз. Әр өңірде өзінің ғылыми проблемалары мен экономикаға қажетті бағыттары бар. Осы орайда жергілікті бизнес және өнеркәсіп өкілдері, әкімдіктер ғылымға бет бұрып, оны дамыту жолында жұмыла жұмыс жасау керек. Осы бағытта ғылыми конкурстар өткізсек деген ойымыз бар», – деді Басқарма Президенті.

Күсұлу Закарья сөз арасында ҚР Ұлттық ғылым академиясында Жас ғалымдар кеңесі құрылатынын жеткізді.

«Бүгінгі күні эксперттік жұмыс топтарына 1000-нан астам жас ғалымды тарттық. Соған осы аталмыш университеттің белсенді, дарынды ғалымдарын тартуды, жұмыстарды әрі қарай жалғыстыруды жоспарлап отырмыз» – деді ол.

Делегация өкілдері университет аумағында орналасқан ботаникалық баққа да табан тіреді.

Ботаникалық орталықтың жұмысымен таныстырған университет ректоры Жанар Темірбекова ғылым қорының қаржыландыруымен үлкен цех салынып жатқанын айтты.

Университет басшысының айтуынша, жемістерді ғылыми зерттеумен және өндірістік қайта өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорын алдағы уақытта тұрғындарды сапалы экологиялық таза жеміспен және кептірілген жеміс өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Астаналық делегацияға оқу орнының материалдық-техникалық базасы да таныстырылды. Сондай-ақ академия делегациясы ХҚТУ-дың ғалымдарымен дөңгелек үстел өткізді. Онда «Аймақтың дамуына үлес қосу. Аймақтың проблемалары – өндірістік мақсаттағы коммерцияландыру жобасы», «Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды оңтайлы басқарудың кешенді жүйесі» атты түрлі тақырыпта баяндамамалар оқылды.

Жиынға қатысушылар көтерілген мәселелер төңірегінде тиімді бағыттарды таңдап, сол жолда жұмыла жұмыс жасауға уағдаласты.