Түркістан облысындағы мәдениет пен ғылымның дамуындағы жаңа белестер
Ғылым мен мәдениеттің дамуы мен бір-біріне ықпалы – адамзаттың тарихи жолында маңызды орын алатын екі өзара байланысты сала. Олар бір-біріне әсер етіп, қоғамның дамуында шешуші рөл атқарады. Ғылым мәдениеттің негізін қалыптастырады, ал мәдениет ғылымның дамуын қолдайды. Бұл екі құбылыс бір-бірімен тығыз байланысты болып, адамның рухани және материалдық өркендеуін қамтамасыз етеді.
Ғылымның мәдениетке әсері. Ғылымның мәдениетке әсері көбінесе адамның өмірін жеңілдету, қоғамның даму деңгейін арттыру сияқты практикалық нәтижелерде көрінеді. Ғылыми жаңалықтар мен технологиялық жетістіктер адамзат мәдениетінің жаңа бағыттарын қалыптастырып, мәдени құндылықтардың өзгеруіне ықпал етеді. Мысалы, ақпараттық технологиялар мен интернеттің дамуы, ғарыштық зерттеулердің нәтижесінде адамзаттың түсінігі кеңейіп, мәдениетаралық байланыстардың тереңдеуі мүмкін болды. Мұндай технологиялар адамзатқа жаңа мүмкіндіктер, жаңа білім мен жаңа мәдени дәстүрлерді қабылдау жолын ашты.
Биыл Түркістан облысы халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараларды ұйымдастырып, жаһандық ғылыми қауымдастықты өзіне тартатын орталыққа айналып келеді. Мұндай жиындардың тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызы зор. Түркістан облысының әкімдігі мен жетекші жоғары оқу орындарының тығыз ынтымақтастығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауы бұл бастамалардың табысты жүзеге асуына негіз болуда.
Мысалы, биыл сәуір айында Түркістанда өткен «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференциясы – Қазақстанның ғылыми қауымдастығы мен шетелдік ғалымдар арасында маңызды диалог алаңы болды. Бұл шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігі, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияда Алтын Орданың тарихи маңыздылығы мен мәдени мұрасы жан-жақты талқыланып, көптеген жаңа зерттеулердің нәтижелері ортаға салынды. Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және басқа елдердің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Олар көшпелі және отырықшы өркениеттердің өзара байланысы, Алтын Орданың саяси және мәдени рөлі туралы тың ғылыми деректер ұсынды. Конференция аясында ұйымдастырылған «Алтын Орда» атты кітап және сурет көрмесі, сондай-ақ Түркістанның тарихы туралы бейнеролик қонақтар назарына ұсынылды.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, креативті индустрия аймағын құру жұмыстары қолға алынуда. Биыл мәдениет саласын дамытудың негізгі 6 бағыты бойынша жоспарлар дайындалған. Түркістан қаласының монументті өнер туындыларының орнатылуы туралы тұжырымдама дайындалды. Соңғы 3 жылда орнатылған монументті өнер туындыларына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 17 заңсыз орнатылған монумент заңдастырылды. ЮНЕСКО-ның халықаралық тізіміне енгізу мақсатында «Арпаөзен» тарихи-мәдени кешеніне археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 5000-нан астам петроглиф сыры ашылып, халықаралық тізімге енгізу бойынша ұсыныс жолданады. Қазіргі таңда петроглифтердің есеп карточкалары, ғылыми сараптамалары дайындалып, жаңадан тарихи-мәдени мұра нысандары анықталды. Биыл аталған петроглифтерге зерттеу жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, қыркүйек айында Түркістан қаласындағы Этноауыл кешенінде Қазақстан халқының тілдер күні мерекесіне орай, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және дәстүрлері» мерекелік іс-шарасы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығы, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі ұйытқы болған іс-шарада өзбек халқының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, арнайы концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды. Мерекелік іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бақтияр Ибрагимов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Алишер Сатвалдиев, Геннадий Шиповских, Амангелді Ғабділкәрімұлы, Ғалиасқар Төлендіұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы, Ақсақалдар, Аналар кеңесі, этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері қатысты. Көпшілік алдында құттықтау сөз сөйлеген ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Алтаев Ертай Кенжебекұлы, Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бақтияр Ибрагимов және Сенат депутаттары еліміздің берекелі бірлігін нығайтудың маңызына кеңінен тоқталды. Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі барша этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына толық жағдай жасалғанына ризашылығын білдіріп, мұндағы игі бастамалар жалпы түркі әлеміне үлгі, бірлігі үшін маңызды екенін тілге тиек етті.
Мерекелік жиында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар арнайы марапатталды. Берекелі бірлікке үндеген мерекелік іс-шара облысқа танымал мәдениет саласы өнерпаздарының гала концертіне ұласты. Түркістан облысы өзінде өтетін осындай шаралар арқылы ғылыми және мәдени өмірдің өркендеуін қамтамасыз етіп, түркі әлемінің мәдени мұраларын жаңғыртуға және әлемдік қауымдастықпен байланысты нығайтуға зор үлес қосуда.
Жалпы, өңірлерді ғылымды дамыту тұтастай қоғамдық ғылымның дамуына ықпал етелі. Мәдениет ғылымға өз кезегінде үлкен әсер етеді, өйткені қоғамның құндылықтары мен наным-сенімдері ғылыми зерттеулердің бағыттары мен әдістеріне әсер етеді. Мәдениет ғылыми білімді, өнерді, тілдерді, діни сенімдерді дамыту үшін негіз құрады. Мысалы, философия мен гуманитарлық ғылымдардың дамуында мәдениет үлкен рөл атқарады, өйткені ғылыми тұрғыдан адамның қоғамдағы орнын анықтау үшін оның мәдениеті мен дүниетанымын зерттеу қажет. Сонымен қатар, мәдениет ғылыми білімді таратуда, оны халық арасында түсінікті етуде маңызды қызмет атқарады.
Ғылым мен мәдениеттің бір-біріне ықпалының тарихи мысалдары
Тарихи тұрғыдан алғанда, ғылым мен мәдениеттің өзара байланысы әлемдік өркениеттердің дамуына үлкен ықпал етті. Антикалық Грекиядағы философия мен математика ғылымдары мәдениеттің негізін қалаған болса, орта ғасырлардағы ислам әлемі ғылымды дамытып, мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. Еуропадағы Ренессанс кезеңінде ғылымның дамуы мәдениеттің гүлденуіне әсер етіп, өнер мен әдебиеттің жаңа бағыттарын туғызды. Қазіргі уақытта ғылым мен мәдениет арасындағы өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе, жаһандану дәуірінде мәдениетаралық алмасулар мен ғылыми ынтымақтастықтар жаңа мазмұнға ие болып, екі саланың дамуына серпін береді. Ғылымның жетістіктері мәдениеттің жаңа бағыттарын дамытуға, ал мәдениет ғылымның дамуына жаңа бағыттар мен мәселелер ұсынып отыр. Мысалы, климаттық өзгерістер мен экологиялық мәселелер мәдениеттің қазіргі заманға сай болуына, жаңа ғылыми зерттеулер мен жаңалықтар жасауға ықпал етеді.
Ғылым мен мәдениет бір-біріне әсер ете отырып, адамзат қоғамының дамуына үлкен ықпал етеді. Олардың арасында тығыз байланыс пен өзара ықпал бар, ол әлемнің үнемі өзгеріп отыратын сипатын анықтайды. Ғылым мәдениеттің дамуын алға жылжытса, мәдениет ғылымға жаңа көзқарас пен идеяларды ұсынады. Бұл екі сала өзара тығыз байланыста дамып, қоғамның рухани және материалдық тұрғыдан өсуін қамтамасыз етеді.
Қорыты келе, Түркістан облысының мәдениет пен ғылым саласындағы жетістіктері өңірдің жан-жақты дамуына жол ашуда. Мәдени және ғылыми іс-шаралардың ұйымдастырылуы, тарих пен мәдени мұраны сақтау жұмыстары, жаңа технологиялар мен білім беру саласындағы бастамалар облыстың халықаралық аренадағы беделін арттырып, Қазақстан мен түркі әлемінің интеграциясына үлес қосуда. Мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерттеулерді дамыту, жаңа технологияларды енгізу және шығармашылық индустрияларды қолдау облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал етуде. Түркістан қаласында өтетін халықаралық конференциялар мен ғылыми іс-шаралар, сондай-ақ мәдениет саласында ұйымдастырылған түрлі фестивальдар мен көрмелер, өңірдің танымалдығын арттырып, оны әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік беруде.
Түркістан облысының мәдениет пен ғылым саласындағы жетістіктері, еліміздің мәдени және ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтуға да үлкен септігін тигізеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан әлемдік мәдениет пен ғылым орталығына айналуға тағы бір қадам жақындайды.