Қос өңірде ашылған спорт кешені тұрғындарды қуантты

Бұраралық спортты дамыту аясында ел өңірлерінде спорт кешендері ашылып, жергілікті тұрғындарды қуанышқа бөлеуде. Мәселен, күні кеше Түркістан облысы, Келес ауданының Абай ауылында «Батырлар» атты спорт кешені бой көтерді.
Спортсүйер қауымды қуантқан орталық «Даму қоры» платформасы аясында салынған. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан бүгінде ауыл балаларын спортқа ден қоюға жұмылдырып үлгерді.
Орталықта жасөспірімдер үшін бірден екі тегін үйірме есігін айқара ашып отыр. Онда кәсіби жаттықтырушылар жұмыс істейді.
Ауыл тұрғындарының бұл жаңалықты шаттана қабылдағаны сол ашылу салтанатына қалмай, тегіс жиналды. Енді көпшіліктің бос уақытты тиімді өткізуге арнайтынын айтқан қариялар жасқа да, жасамысқа да салауатты өмір салтын ұстануға зор мүмкіндік туғанын алға тартты.

Кешен басшысы Берік Шаназаров «Біздің басты мақсатымыз – ауыл жастарын спорт арқылы болашаққа бағыттау. Осы орайда балаларға барлық жағдай жасалынған. Алда орталықта түрлі спорт түрлерін енгізіп, дамытуды жоспарлап отырмыз. Әзірге еркін күрес пен стол теннисі бойынша қызу жаттығулар жүріп жатыр», – деді.

Ауыл әкімі Асылбек Жұманов та аталған нысанның маңыздылығына тоқталып өтті. Жергілікті балалардың спортпен айналысу үшін шалғай ауылдарға баратынын айтқан ол, жаңа нысанның бой көтергенін жастарға жасалған қамқорлыққа балады. Алда болашақ чемпиондардың шығатынына сенім білдірген ауыл басшысы «Кешен жастарымыздың дені сау, рухы биік болып өсуіне септігін тигізеді деп сенемін. Елімізде осындай спорт кешендері көбейе берсін. Біз тек қана қолдаймыз әрі жастарға сенім артамыз», – деді.
Дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында тағы бір кешен Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында қолданысқа берілді. Заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты түрде ашылуына аудан әкімі Ермек Карентаевтың өзі қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ал ауыл ақсақалдары спорт кешенінің лентасын қиып, өскелең ұрпаққа ізгі тілектерін жаудырды.

«Бүгінгі күннің ауыл тұрғындары үшін тарихи сәт болып отырған жайы бар. Бұл кешеннің ашылуы мемлекетіміздің жастарға деген қамқорлығының айқын дәлелі, – деді ауыл ақсақалы Бөгенбай Бидасбаев.
Айта кетейік, көпшілікті қуантқан кешеннің құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілген болатын. Жалпы құны 359,2 млн теңгеге түскен. Екі қабатты ғимарат заманауи жабдықтармен толтырылған. Бұдан былай ауылдағы балалар мен жасөспірімдер футбол, баскетбол, волейбол және күрес, бокс сынды спорт түрлерімен айналысатын болады.
«Менің он жасар ұлым бала кезден бокске бейім болып өсті. Осы ретте жаттығатын арнайы алаңқайға зәру болатын. Енді осында келіп, қалағанша шұғылданатын болады. Жалпы біздің ауылдың балалары шетінен спортқа құмар. Бір орталық ашылса деп армандаушы едік. Құрылыс жұмыстары басталған күннен ашылуын тағатсыздана күттік. Сол ақ түйенің қарыны жарылған күн болды», – дейді ағынан жарылған Күлайхан Жұмашқызы.
Аудан әкімдігінің есебіне зер салсақ, қазіргі таңда Мойынқұмда 154 спорт нысаны қызу жұмыс істеп жатыр екен. Атап айтар болсақ, бір орталық стадион, үш спорт кешені, 32 спорт зал және 118 спорт алаңы жергілікті тұрғындардың кәдесіне жарап тұр. Жаңа кешеннің іске қосылуын есепке алғанда өңірді спорттық инфрақұрылммен қамту көрсеткіші 76,2 пайызға жеткен. Ал тұрақты түрде спортпен шұғылданатын жандар 41,9 пайызды құрайды.