Жетісуда әлеуметтік осал топтағы 2 мыңнан астам отбасының үйіне «датчиктер» орнатылады

Жетісу облысында бүгінгі таңда өрттің алдын алу іс-шаралары мен үй аралау жұмыстарымен әлеуеметтік осал топтағы 7616 отбасы қамтылды. Осы санаттағы отбасы үйлеріне газдың қауіпті шоғырлануын анықтайтын 2045 датчик орнату жоспарланған. Бүгінгі күнге соның 820-сы орнатылды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жетісу, NEGE. Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, датчиктер Кербұлақ, Ескелді, Сарқан, Панфилов, Ақсу аудандарында қойылған. Жалпы Департамент тарапынан жеке тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде. Оның аясында мемлекеттік органдар мен еріктілер ұйымдарының қатысуымен рейдтік тексерулер, тұрғындармен кездесу, білім беру мекемелерінде интерактивті сабақтар өткізілуде.

Мәселен, бүгін төтенше жағдай саласының қызметкерлері Талдықорған қаласындағы «Қызылтас» саяжайында тұратын әлеуметтік осал топтағы отбасы үйлерін аралап, пеш мұржаларын тазалады, датчиктер орнатты, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар рейд жұмыстарына «ТАТЭК» АҚ мамандары да тартылып, олар үйлердегі электр желілерінің жұмысын тексерді.
«Жетісу облысында жеке тұрғын үй секторларында жылыту маусымында өрттің алдын алу шаралары кеңінен атқарылуда. Халық арасында түсіндіру жүргізіліп, әсіресе жылыту құрылғыларының жұмысы, пеш жағу ережелерін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді. Биыл әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасы үйлеріне орнату үшін газдың қауіпті шоғырлануын анықтайтын 2045 датчик сатып алу жоспарланған, соның 1720-сы сатып алынды, қалғаны қазан айының соңына дейін сатып алынады, құрылғыны орнату жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Жетісу облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғаныс капитаны Еламан Әубәкіров.
Аталған шараларға қатысты жергілікті тұрғындар да пікір білдірді.

«Үйімізге тегін датчик қойып, пештің мұржасын тазалап берді. Төтенше жағдай қызметкерлері жыл сайын осылай көмектеседі. Жасым егде адам болғандықтан, жылыту маусымында маған осындай жұмыстарды атқаруға көмек қажет, сондықтан мұндай жұмыстардың атқарылып жатқанына ризамыз», - дейді жергілікті тұрғын Кәкимаш Оразбаева.
Атап өтсек, жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылыту маусымы басталғалы бері өңірдегі өрт оқиғаларының саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,2 есеге азайған.