4 Қараша 18:58
...

Түлкібастық тұрғындар салт-дәстүрді жаңғыртты

кеш
Фото: gov.kz

Күні кеше Түркістан төрінде Түлкібастық тұрғындар ұлттық тағамдарға толы дастархан жайып, салт-дәстүрді кеңінен дәріптеді. Жиылған қонақтардың жасы да, жасамысы да әдет-ғұрып жоралғыларымен таныс болып, біраз тұщымды тәрбиеге қанық болды. 

Шара барысында спорттық сайыстармен қатар ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жергілікті палуандардың мерейін асырды.

Түлкібас өңірінің жұрты өнерлі мен білімдіге кенде емес екенін жиын барысында тағы бір көрсетті. Ал аға буын салт-сананы берік ұстанып, өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды әдетке айналдырған.

Шара барысында жергілікті мәдениет өкілдері бар өнерін ортаға салды. Осы орайда «Ата ұлды тәрбиелейді, ана ұлтты тәрбиелейді» атты қойылым қойып, отбасы құндылығын тереңінен түсіндіруге тырысты.

«Бүгін салт-дәстүрді тәріптеген көптеген ауылдық мәдениет үйлері өздерінің көріністерін ортаға салды. Талап бойынша, көрініс бе ссалт-дәстүрді қамтыды»,–деді Балықты ауылына қарасты Мәдениет үйінің басшысы Ырысты Әлімбетқызы.

Облыс көлемінде ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» фестивалі алыс-жақын ауыл-аймақты тегіс қамтып, әр өңірдің өзіне тән ерекшелігін жалпақ жұртқа таныстырды. Екі күн қатарынан өткен мәдени шарадан Алматы мен Астанадан ат артып келген қонақтар да табылды.

«Салт-дәстүр, әдет-ғұрып көрініс табатын мұндай игі шараларды жиі өткізу қажет. Мәселен, бұл кеште алтыбақан, қыз қуу, ақ сүйек, аударыспақ, жорға жарыс сияқты ұлттық ойындарды көріп, риза болдық. Тіпті, кейбір ойындарға қызыққанымыз сонша, қалай кірісіп кеткенімізді де білмей қалдық», – дейді Алматыдан ат артып барған Гүлзада Қанайқызы.

Ал Астанадан келген Қамажай Мұратбекова қым-қуыт тіршіліктің соңынан жүргендіктен, маңызды дүниелердің жойылып бара жатқанын алға тартты. Ол осы тұта жастарды өзгенің таңсығына еліктемеуге шақырды.

«Қазіргі таңда еліктеушілік басым. Мәселен, қыздарымыздың әп-әдемі сәукеле мен кимешегімізді, бөрік, тақиямызды бет-ауыздарын тұмшалаған киімдермен алмастырғаны қынжылтады. Сондықтан ұлттық тәрбиені қалыптастыру жолында осындай ұлттық негізде түрлі шаралар ұйымдастырып отырғанымыз абзал»,– деп ой қосты.

Қамажай Мұратбекованың айтуынша, бұрын ауыл-ауылда дәстүрдің орындалуына жиі мән берілетін. Бұл адамдар арасында береке-бірлікті арттыруға септігін тигізеді деп түсіндірді.

«Шыны керек, қазір бір ауылды қойып, бір-біріне жақын тұрған көршілер де араласуды білмейді. Қаражат табу күн тәртібіне қойылғандықтан маңызды дүниелер тасада қалып қойып жатыр. Сондықтан ата дәстүрді сақтап, жөн айтып жүрген жандардың айтқанына құлақ түре жүрген жөн. Мәселен, кей өңірлерде «Бастаңғы» шарасы ұйымдастырылып тұрады екен. Бұл өз тарихымыз бен салтымызға деген сүйіспеншілікті арттыра түседі. Осы үрдісті жаңғырта берсек, одан ұтылмасымыз анық.

Мысалы, салт бойынша үлкендер үйде болмаған кезде қыз-келіншектер бірігіп, бастаңғы жасайтын болған. Бұл кезде «Ұйқыашар», «Селт еткізер» және "Жұмбақ жасыру" сынды түрлі ойындар мен салт -дәстүр орындалады. Бұл ұмытылып бара жатқан құндылығымызды жандандыра түседі. Сондай-ақ ондай кеште бойдақтар өз теңін тауып, соңынан отбасын құрып кетіп жатады. Бұл жігіт үшін шаш жұлысып жатқан шоуларға қарағанда, анағұрлым мәдениетті болады», – деп түйіндеді «Өнерлі өлке» фестивалінің қонағы.