21 Желтоқсан 10:45

Төртінші сұрақты алып тастаған. 2022 жыл «Jusan bank» акционерлері үшін НЕГЕ көңілсіз аяқталды?

Фото:

12 желтоқсанда «Jusan bank» АҚ акционерлері осы жылдың соңғы жиналысын өткізді. Көп уақыт кворум болмай, бұл жиналыс кейінге қалдырылып келген еді. Өткен жиналыста дивиденд төлеу туралы шешім қабылданған жоқ. 172 миллиард теңге банктің өзінде қалды.

«Jusan bank» акционерлер отырысының жыры биылғы күзден басталды. Банктің негізгі ірі акционері «First Heartland Securities» АҚ 24 қазанда өтуі тиіс болған жиналыстың күн тәртібіне қосымша төртінші сұрақ енгізген болатын. Ол банктің таза пайдасын дивиденд ретінде төлеу мәселесі еді.

«Jusan bank» АҚ акционерлер шешімі. Дереккөз: kase.kz

Дәл осы отырыстың қортындысы бойынша акционерлер өздеріне 172 миллиард теңге дивиденд аударғысы келген. Оның алдында акционерлер осы ақшаны банктің цифрлық экожүйесін дамытуға жұмсаймыз дегені есте. Бірақ, кенеттен ақшаны алып алуға ұмтылды.

Ірі акционер «First Heartland Securities» Жусан банктің 78,73 акциясын өз қолында ұстайды. Ал қалған 20,11% акция кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Сонда «First Heartland Securities» 135,4 миллиард теңге, ал Ғалымжан Есенов 36,6 миллиард теңге пайда көрер еді. Алайда, бір қызығы 24 қазанға жоспарланған осы отырысқа да, одан кейін бірнеше рет кейінге қалдырылған, қайта шақырылған отырыстарға да акционерлер кворумы жиналмады. Яғни, екі акционердің бірі келмей қалды.

«Jusan bank» АҚ акционерлер шешімі. Дереккөз: kase.kz

«Jusan bank» акционерлері ақыры 12 желтоқсанда жиналды. Бірақ онда олар дивиденд төлеу мәселесін қарастырған жоқ. Тек үш сұрақ қана болды. Күн тәртібін бекіту, «КПМГ-Аудит» компаниясын банктің келесі жылға аудиторы ретінде тағайындау, банк жарғысын жаңа редакцияда бекіту сынды мәселелер талқыланды. Осыған қарап, акционерлер дивиденд алудан неге бас тартып отыр деген сұрақ туындайды?

172 миллиард теңге пайда қайдан шықты? Банк 2021 жылы тек 16,5 миллиард теңге таза пайда көрген еді. Қалғаны – өткен жылдардың үлестірілмеген кірісі. Осы «өткен жылдар» дегенде – сарапшылар банк мемлекеттің көмегі ретінде түскен ақшаны өзіне пайда ретінде есептеп алған дейді. Енді сол мемлекеттің ақшасын акционерлер өздеріне шығарып алуға талпынған болатын. Бірақ қоғам да, депутаттар да шулап кетті де, акционерлер қылмыстық жазаға тап боламыз деп қорқа бастады.

«Jusan bank» АҚ бөлімшесі. Фото: islamicbanks.ru

«Jusan bank» акционерлік қоғамының мемлекеттен алған көмегі – 1,5 триллион теңге. Олар осы қарызды біртіндеп қайтара бастаймыз деп уәде берген болатын. Бірақ әлі күнге дейін мемлекетке бір тиын қайтпады. Осы жағдайда, акционерлердің өзіне ақша шығара бастауы халықтың ашуын туғызды.

Банк таза пайдасын мемлекетке бермесе, ақшаны былайша қайтара алмайтыны анық. Себебі, 2021 жылдың қортындысы бойынша «Jusan bank» активтері 2,6 триллион теңгеге жетіп тұрды. Оның ішіндегі ақша және оның эквиваленттері 900 миллион теңгеден, ал клиенттерге берген кредиттері 700 миллиард теңгеден асты. Бірақ банктің 2,1 триллион теңгеге міндеттемелері бар.

Тегтер: