9 Маусым 19:21
...

Тоқаевтың қаупі – «нұр-кландар»

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Сонымен, референдум өтті. Әрине, «оның күн тәртібіне ана мәселе, мына мәселе кірмеді» деп, тағы да пафостық позаға тұруға болар еді. Бірақ, болар іс болды, бюллетеньнің бояуы сіңді.

Референдумның сыншылары аз болмады. Алайда, бір қадам болса да, алға жылжиық деп, плебисцитті біз де қолдадық.

Енді не қауіптер бар? Соны талқылайық.

Біріншіден, Тоқаев кландардан біржолата құтылуы керек деп санаймын. 30 жыл бойына Назарбаев құрған жүйенің іргетасы дәл осы кландар болды.

Алдымен олар Назарбаевтың отбасымен тіл табысты, тонның ішкі бауындай араласты, ымы-жымы бір болды. Содан соң, сол қолдауды пайдаланып, аяққа тұрды, күшке мінді, байыды.

Ел ішінде кез келген шендіні – парламент спикерлері, премьер, министрлер мен әкімдердің қай кланға жататынын ашық айтып келдік емес пе? «Дариғаның адамы, Рахаттың адамы, Тимурдың адамы» деп жаттық қой. Полишинельдың құпиясы деген бар емес пе еді?

Олар тек қана Қазақстан экономикасының сүбелі салаларын жекешелендіріп, байлығын еселендірген жоқ. Олар саяси өмірге белсене араласты: партиялар құрды, өздеріне тиесілі БАҚ жүйесін қалыптастырды. Ол үшін қаншама қаржы керек екенін білесіз, олар сол қаржыны таба білді, аямай жұмсады. Керек десеңіз, «қоғам қайраткері» боп жүрген адамды өз қатарына тарта білді. Өйткені, саяси күрестің шешуші фактор екенін түсінді.

Тоқаев қанша «Жаңа Қазақстан құрамын» десе де, ескі Қазақстанның сарқыншақтарынан әлі де құтылған жоқ. Меніңше, ендігі күрес Тоқаев пен сол «нұр-кландар» арасында болмақ.

Екіншіден, мұнай, газ және басқа салаларға қатысты компаниялардың басшыларын тағайындап жатса да, Тоқаевтың әлі де оларға толыққанды ықпалы мен бақылауы жоқ.

Өйткені, нарықтың аты – нарық, шетелдегі оффшорлық шоттар мен басқа, көлденең көк аттыларға рәсімделген қаржыны елге қайтару оңай болмас. Ол елдердің де құқықтық жағдайлары әртүрлі: жеке капитал мен меншікті қорғайтын талаптары бар.

Сондықтан да, менің пайымдауымша, Тоқаевтың шешімдеріне сай өз қызметінен, соған байланысты ықпалынан айрылған кландар жайдан-жай, қол қусырып отырмайды. Олар Тоқаевқа қарсы қиян-кескі күресті бастайды. Өйткені, алда – екі жылдан кейін келесі президенттік сайлау келе жатыр.

Үшіншіден, ол кландар, қарапайым халықтың алдына шығып, «демократия, әділдік, шындық» туралы айтатын мүмкіндігі жоқ.

Олар не істей алады? Олар енді оппозициялық күштерді иемденуге тырысады.

Жер, тіл, әлеуметтік әділеттік туралы ұрандарды жалау еткен ұйымдар құрып, «аңқау елген – арамза клан» принципіне негізделген саяси технологияның небір құйтырқы әдіс-тәсілдерін қолдануы әбден мүмкін.

Сол кезде өзін шынайы оппозиция санайтындар баррикаданың қай жағында болмақ?

«Тоқаевтікі дұрыс екен» десең, ескі оппозиция мен радикалдар «мұны айтып жатқандардың бәрі шетінен сатқын!» деп, тағы үдере көтеріледі. Яғни, «Тоқаевтың бастамалары толыққанды болмаса да қолдайық, оған мүмкіндік берейік, ертеңгі күні саяси реванш алғысы келетін кертартпа күштердің құрбаны болмайық» десең, басың тағы бәлеге қалады.

Саясат деген бір тірлікте өз жауапкершілігі бар біздер «Біреулер не айтады екен?» деген бір күндік хайптың соңында кетпейміз бе?

Мені толғантып отырған басты сұрақ – осы!

Тегтер: