«Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады» – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізілген реформалар экономика саласында да өз жемісін беріп жатқанын атап өтті.
Астана, NEGE. – Былтырғы осы уақытпен салыстырғанда, өткен 5 айда ұлттық экономикамыз 6 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі де 6 пайызға жуықтады. Жалпы соңғы бес жылда еліміздің ішкі жалпы өнімі 182-ден 286 миллиард долларға жетті. Біз бұған экономиканы әртараптандыру арқылы қол жеткізіп келеміз. Бүгінде түрлі салада осындай оң өзгерістер болып жатыр. Ең бастысы, ұлттың болмысы өзгере бастады. Елде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Жас ұрпақ «Адал азаматқа» тән қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп жатыр. Заң үстемдік құруы үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы нағыз халықтық жобаға айналды. Азаматтарымыз табиғаты таза елдің ниеті де таза деген ұстанымды жан-жақты насихаттап, ортақ іске белсене атсалысуда. Осылайша, Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Өйткені таза болу, бұл – ниеті де, ісі де таза болу деген сөз. Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады. Түптеп келгенде, билік те, баспасөз де ел игілігіне қызмет етеді. Еліміздің мақсаты – биік, бағдары – айқын. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз, Өркениетті және Таза Қазақстанды құру, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін айта келе, әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал шиеленісе түскеніне тоқталды.
– Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Әлемдік аренада күрделі, бізге беймәлім, терең түсінуді қажет ететін үдерістер орын алуда. Негізінде, халықаралық құқыққа қатысты ұғымдар араласып кетті. Күштінің құқы дәріптеле бастады. Ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі. Әлем жаңа дәуірге қадам басты. Мұнда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты факторына айналады. Алдағы іргелі өзгерістердің ауқымын білген жөн. Өркениет көшінен қалмау үшін инновацияны барлық салаға қарқынды түрде енгізу қажет. Мемлекет басшысы ретінде осы іске баса мән беремін. Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды. Көптеген сарапшылар келешекте адам еңбегін алгоритмдер алмастыратынын айтып жүр. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа нейрожелілер сұранысқа ие бірегей контент өндіру үшін қажет ақпаратты іздеп, талдай алатын пайдалы құралға айналды. Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар. Сіздердің жаңа технология мүмкіндіктерін толығымен пайдаланатындарыңызға сенімдімін. Бүгінде елімізде медиасаланың, соның ішінде блогосфераның қанат жаюына барлық жағдай жасалған. Оқиға ортасынан шынайы ақпарат таратуда өздеріңізге мол жауапкершілік жүктелген. Мұны сезіне білу өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.