24 Маусым 18:25
...

«Шерзат ісі»: 7 жылға сотталған Дидар Қалиахметтің ата-анасы президенттен көмек сұрады

Шерзат ісі
Фото: NEGE

NEGE редакциясына «Шерзат ісі» бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған Дидар Қалиахметтің ата-анасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрай келіпті.

«Баламызға қатысты әділетсіз шешім шықты» деген ата-ананың пікірін сөзбе-сөз беруді жөн санадық.

Еркін Есімбеков, сотталушы Дидар Қалиахметтің әкесі:

«Сот үкімін билік емес, халық шығарған сияқты»

Шерзат ісі
NEGE

     – Мен, Еркін Есімбеков Қалиахметұлы, 4 қазан күні Талғарда болған оқиға бойынша сотталған Дидар Қалиахметтің әкесімін. Сіздерге келген себебім, жанымызды жеген жанайқайды жеткізсек деймін. Ұлым жазықсыздан жазықсыз 7 жыл арқалап кетті. Сол күні Дидар жанындағы екі бөлесімен моншадан шығып, «Қамажай» дүкеніне сусын алуға барған. Сол сәтте әлгі жігіттер шақырғандар да келген. Былайша айтқанда, біздің ұл мен екі бөлесі де тура солармен бірге келген сияқты болып қалған. Олар дүкенге кіргенде Қаржаубай Нұрымов «Ештеңе сатылмайды. Далаға шығыңыздар» деген. Сол кезде далада төбелес басталып кеткен.

Соттың басынан аяғына дейін қатыстық. Бұл жерде 8 жігіт те Дидардың бұл іске қатысы жоқ екенін түсініктемелерінде айтты. «Дидарды танымайтыны танымайтынын айтты. Танитыны қай кезде ұшырасқанын жеткізді. Дидардың телефондағы кіріс-шығысы тексерілді. Оған ешкім хабарласпағаны, ол да ешкімді шақырмағаны дәлелденді. Моншадан шыққан уақытына дейін қаралды. Бейнежазбада біреуді ұрып, соғып жатқаны туралы дәйек жоқ. Қаржаубай Нұрымов та: «Дидарды көрдім, бірақ оның ешқандай іс-әрекетін байқамадым» деп айтты. Бар жазығы, анау балалармен бірге келгендей болып қалғаны ғана.

Меніңше, сот үкімін билік емес, халық шығарған сияқты. Бұл оқиғаның салдарынан отбасы баласынан айрылып, қоғамда резонанс туғызған соң, былайғы жұрт та ақ-қарасын ажыратпай бәрін кінәлап шықты. Әрине, біз Қаржаубайдың жан-дүниесін түсінеміз. Шын мәнінде, баласы Шерзат өз ажалынан өлген жоқ. Оны ажал құштырғандар жазасын алуы керек. Бірақ менің балам – Дидар Қалиахмет кінәсіз топтың ішінде кетіп тұр. Оның кінәсіздігі көрініп тұрса да, әділ шешім шықпады. Жайдан жай жүрген балаға 7 жыл арқалатып жіберу деген өте ауыр үкім. Біз оны мүлдем бостандыққа шығарсын демейміз, тым болмаса кінәсіз екендігі дәлелденіп, шартты түрде жаза тағайындалсын. Бұрын істі болмаған, сотталмаған, білім алған, отбасы, екі кәмелетке толмаған баласы бар.

@nege.media

NEGE редакциясына «Шерзат ісі» бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған Дидар Қалиахметтің ата-анасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрай келіпті. «Баламызға қатысты әділетсіз шешім шықты» деген ата-ананың пікірін сөзбе-сөз беруді жөн санадық.

♬ оригинальный звук - nege.media

Айыптау актісінде де прокурор өзгеріс енгізбеді. «Нұрбол Тоқтаубаев пен Дархан Әскентай Дидар Қалиахметті өздерінің қылмыстық тобын күшейту үшін қатарына қосып алды» деді. Бұған да дәлел жоқ. Егер сотталушылардың біреуі «Біз Дидарды қатарға қосып алдық» деп айтса, әңгіме басқа. Біз сот қаулысы шыққан соң, апелляцияға бердік. Қажет болса, құқық қорғау органдары істі қайта тергеп, баламның кінәсіз екендігін дәлелдесе екен. Біздің бұл жанайқай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құлағына жетсе екен дейміз.

Әсел Дүйсенбаева, сотталушы Дидар Қалиахметтің анасы:

«Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбекова неге куәгер, ал менің балам неге қылмыскер?»

Шерзат ісі
NEGE

– Менің ұлым екі бөлесімен моншадан шығып, сусын алуға дүкенге соққанда Нұрғанат Ғайыпбаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаевтың өзара сөйлесіп тұрғанын көреді. Олармен амандасады да, дүкенге кіріп кетеді. Сол сәтте артынан іле-шала «Мерседес» көлігімен Нұрқияс Ілиясов, Шыңғыс Белғожаевтар бір топ болып келеді. Бұл жерде Шерзаттың кәмелетке толмаған төрт-бес досы да тұрады. Содан далада у-шу шығып кеткенде Қаржаубай Нұрымов: «Дүкеннен шығыңыздар! Ештеңе сатпаймын» деп қолына бір зат алып сыртқа қарай жүгіреді. Дүкенде сотта куәгер болған екі қыз да болады. Біздің балалар ешқандай агрессия көрсетпей, далаға шығады. Бірақ менің балам соңынан шыққанда Қаржаубайдың қолынан пышақ көреді.

Бірақ неге екені белгісіз, менің баламды кінәлап шығарды. Прокурор «Дидар Қалиахмет Қаржаубай мырзаның өзін-өзі қорғауына мүмкіндік бермеді» деп айтты. Бұл жерде балам керісінше Қаржаубайға «Қойыңыз, аға» деп өз-өзін қорғау әрекетін жасаған. Өзіне тығып жібере ме деп қорқып, қолынан жай ғана ұстаған. Басқа іс-әрекет жоқ.

Абзал Шынасыл екеуі бір мектепте оқиды. Азамат Тоқтаубаев деген жігітті де сырттай біледі екен. Олар да Дидарды меңзеп: «Ол дүкенге келген сатып алушы ғой. Бұл біздің арамызда жоқ» дейді. Содан Дидар көлікке отырып кетейін деп жатқанда колледжде оқыған Нұрқияс Ілиясовты көріп қалады. Бір-бірімен таныс болған соң, тоқтап амандасады. Дидар көлікке отыра бергенде мылтықтың дауысын естиді. Екі бөлесіне «Сендер отыра тұрыңдар» дейді де, көмектесу мақсатында дүкен маңайына қайта барады. Бұл кезде төбелес болып, Шерзатқа пышақ тығылып, анасы баласын құшақтап жылап жатқан екен. Дидар барып қарайды да, жағдайдың ушыққанын көріп екі баласы барын ойлап, артқа шегінеді. Осы бейнежазбаны судья да, прокурор да, бәрі көреді. Менің баламның бар кінәсі – 102 мен 103-ке хабарласпағаны. Ол осы үшін кешірім сұрады да. Одан бөлек Дидардың жанындағы іске еш қатысы жоқ бөлесі – Самат Әбдіқадырды біреулер «Чика» деп ойдан шығарып алыпты. Төбелес басталғанда Нұрбол Тоқтаубаев «Чина» деген досына хабарласады. Яғни, бұл Шыңғыс Белғожаев.

Қаржаубай Нұрымовтың тарапынан да «Дидардың ешқандай өрескел іс-әрекетін байқамадым. Қолында қару болмады» деп айтылды. Ал менің ана ретінде жүрегім қарс айрылып тұрғаны – кафеге бірге барып, бірге ішіп, бірге жүрген, тіпті қылмысты жасыруға, қаруларды жууға көмектескен Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбекова неге куәгер болып, бостандықта жүр? Екеуінікі де «қылмысты жасыру» бабы емес пе? Бірақ неге олар куәгер де, менің балам қылмыскер?

Ең сорақысы, Шерзатты үш рет теуіп, ұрған Шыңғыс Белғожаевқа неге 293-баптың 3 тармағын береді де, ешқандай іс-әрекеті дәлелденбеген Дидар Қалиахметті де тура сол бап бойынша соттап, сол 7 жылды берді? Егер екі қызға, Думан Ысқақ пен Шерзаттың достарына да хабарламағаны үшін 7 жыл беретін болса, ренжімес едік.

Кәмелетке толмаған Думан Ысқақтың іс-әрекеті менің баламдыкінен көп. Бірге барды, бастан-аяқ көрді. Бірақ соған қарамастан менің ұлыма әділ шешім шықпады. «Ұлым кінәсіз емес» деп тұрғаным жоқ. Оның кінәсі – көріп тұрып 102 мен 103-ке хабар бермегені. Сол үшін оны бұзақылық бабымен соттап отыр. Әрбірден соң Шерзаттың достары да сол жерде болды. Біз оларды айыптамаймыз, бірақ неге 102 мен 103-ке хабарласпады? Олар да оқиға туралы хабарламады ғой.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай былтыр қазанның 3-інен 4-іне қараған түні Талғар ауданында болды. «Қамажай» дүкеніндегі түсініспеушілік соңы төбелеске ұласып, 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан жантәсілім еткен еді. Қылмысқа қатысты тоғыз күдікті ұсталып, оларға «Адам өлтіру», «Адам өлтіруге оқталу» және «Бұзақылық» бабымен 62 томдық іс қозғалды. Екі айға созылған сот отырысы 5 маусым күні үкім шығарды.